31.01.2022, 10:01
Оқылды: 51

 «Есімім өзіме күш береді»

Жалпы есім ерекшелігі дегеніміз –әркімнің өз қабылдауына байланысты. Осындай ат бар екен дегеннен гөрі, ол кісіден не үйренуге болады деген жері маңыздырақ шығар?  Салқын деген сөз мен үшін –  сабырлылық. Сол сипатқа сай болуға тырысамын.  Жүрегім жұмсақ,  эмоцияға берілгіш болсам да, өзімді сабыр деп тежеуге, дүрбелең туса да, салқынқандылық сақтауға есімім күш береді, - дейді Айсалқын.

BD5EB470-45A8-4F59-9179-5C981DF7A2C2

Банк саласында қызмет атқарғанымен, кейіпкерімізді қазақ тілінің жанашыры десек те болады. Өйткені ол өз ортасында, қоғамда мемлекеттік тілді меңгергісі келетін жандарға қолдау көрсетуге әр кез дайын. Жаңа жыл қарсаңында халық банкінде қызмет жасайтын   өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде өлең оқып, бейнебаянға түсуіне себепші біздің кейіпкеріміз екен. Оларға қазақ тілінде құттықтау мәтінін дайындап, өлең шығарып берген Айсалқын бұл жұмысты қуанып жүріп атқарғанын айтады.  

Әрдайым рухани ізденісте жүретін Айсалқын Нұрсайынқызы отбасымен дәстүрлі дінді ұстанады. Жұбайы – Нұрлан Саматұлы біраз жылдан бері облыстық мешіттің баспасөз хатшысы болып қызмет етеді. «Біз жария үшін емес, Алла разылығы үшін құлшылығымызды жасаймыз» дейді ол.

– Менің ұғымымда қазақы дәстүр мен дін - егіз дүние. Дін – өте нәзік тақырып. Әр адамның намазы – ақыреттік азығы. Ал бұл дүниелік азығын әркім өз еңбегімен тапқаны жөн. Осы тұрғыдан келгенде маған қайырлысы – банк саласындағы қызметім. Осы салада еңбек еткеніме 15 жыл болды. «Мен намаз оқып жүрмін» деп киініп алып, үйде отыруға болмайды. Нағыз мұсылман еңбекқор болып келеді, – дейді Айсалқын.

Кейіпкеріміз жұбайы Нұрланмен бірге отбасында өсіп келе жатқан ұлы мен қызының тәрбиесіне баса мән береді. Қолдары қалт еткенде телефоннан ажырап, кітап оқып, оны балаларымен талқылап, өздері үлгі көрсетеді. Қай кезде де құр айтқаннан көрі, іспен дәлелдеп көрсетудің нәтижелі болатынын алға тартқан  Айсалқын ұл-қызына да өзгі үлгі  көрсеткенді жөн көреді екен.

– Демалыста отбасымызбен кітап оқимыз. Балалармен бірге тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойнаймыз. Жергілікті, республикалық басылымдарға жазыламыз. Балалар  басылымдардан өзі сияқты 2-3 сынып оқитын оқушылардың жіберген жұмыстарын көріп, «Біз де осылай жіберсек бола ма?» деп сұрайтын болды. Қызымыздың салған суреттері «Орал өңірі» газетінің «Айналайын» бетінде жарық көрді. Бұған отбасымызбен қуандық. Жұбайым екеуміз ұл-қызымыздың 6-7 жасқа толғанша тек қазақ тілінде сөйлеуіне мән бердік. «Орыс тілін көшеден де үйренер» деп, барлық ақпаратты оларға ана тілінде беруге тырыстық. Соның нәтижесінде олар тілдерін шұбарламай, қазақ тілінде еркін, жатық сөйлейді, – дейді отбасы туралы  әңгімелеген  Айсалқын.

«Ақылды әйел – отбасының ұйытқысы» демекші, әңгіме барысында Нұрекем деп жұбайын аузынан тастамаған кейіпкеріміз өзінің әр жетістігінің артында өмірлік жарының ерекше қолдауы болғанын жасырмайды.  Әр кез «Сенің қолыңнан келеді» деп түрлі байқауларға қатысуына жол ашып, дем беріп отыратын өмірлік серігін Айсалқын ұстазым деп құрметтейді.

–  Нұрекең – өмірлік жарым ғана емес, ұстазым. Әрдайым жігерлендіріп, мені алға жетелеп жүретін де сол кісі. Менің еңбек етпесіме қоймайды. Жақында аудармашылардың байқауына қатысуыма ұйытқы болды. Одан соң ілеспе аударманы оқып, білімімді кеңейтуге қолдау көрсетті. Байқауларға қатысқанда да бағыт беріп, жөн сілтейтін сол кісі, – дейді ағынан  жарылған  кейіпкеріміз.  

Айсалқын Нұрсайынқызы өзінің рухани ізденістерімен әлеуметтік желіде  үнемі бөлісіп отырады екен. Шаңырағын шаттыққа толтырып, әріптестеріне шуақ сыйлап,  сабырлылық пен салқынқандылықты өмірлік ұстанымына айналдырған ерекше есім иесіне біз де өз тарапымыздан сәттіліктер тілейміз!

 Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале