Бұл дүниеде ақшаға сатып ала алмайтын немесе айырбастауға келмейтін бір ғана нәрсе бар, ол – денсаулық. Десек те, қазіргі таңда жастар басты байлықтың қадірін жете ұғынып жүрмегендей. Өйткені олар шылым, энергетикалық сусын мен спирттік ішімдікке әуестеніп барады. Әсіресе электронды темекі – бүгінде жасөспірімдер арасында кеңінен танымал. Жасыратыны жоқ, қоғамдық орындарда аталмыш темекіні тұтынып тұрған мектеп оқушыларын жиі байқаймыз. Әттеген-айлап, жанынан өтіп кетеміз… Амал нешік, тұсау жоқ…Осы орайда шылымның ағзаға тигізер зиянына аз-кем тоқталсақ.
Фото дереккөзі: azattyq-ruhy.kz
Жаңағы айтқандай, шылым шегу, алкогольдік ішімдік пен нашақорлық – адам ағзасында ауру тудыратын қауіп-қатер факторларының бірі. Бүгінде осы зиянды әдеттер медициналық қана емес, әлеуметтік мәселеге де айналды. Алдымен, темекінің құрамындағы зиянды қосылыстар туралы айтсақ. Темекі құрамындағы ең залалды химиялық элемент – күшала адамның жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етіп, обыр ісіктерінің дамуын өршітеді. Бензол – органикалық жолмен пайда болатын улы химиялық қосылыс. Лейкозды және обырдың басқа да түрлерін қоздырады. Ал полоний – радиоактивті элемент. Ағзаға, асқазанға радиациялық зиян тигізеді. Сондай-ақ шылым құрамында өкпе мен тыныс алу жолдарын зақымдайтын формальдегид, аммиак, бензопирен бар. Шылымқорлар темекі шекпейтіндерге қарағанда обыр ауруымен (өкпе 10 есе, көмей 6-10 есе, өңеш 2-6 есе) жиі ауырады. Адам темекі тартқанда түтін бірден тыныс алу жүйесі мен өкпеге баратындықтан, алдымен тыныс жолдарының тіндері зақымданады. Түтіктер түгінің жұмысы баяулайды. Шайырлар өкпенің қуыстарына тұрып қалып, газ алмасу бөлігін тарылтады. Азот тотығы кеңірдек тарамын (бронх) ісіндіріп, тыныс алуды қиындатады. Жалпы шылымның құрамындағы химиялық қосылыстар өкпе тіндері арқылы қанға сіңіп, қан арқылы ағзаға тарайды. Осылайша, шылымқорларда өкпе аурулары дендейді. Никотин адам бойындағы барлық тамырлардың тарылуына әсер ететіндіктен, аяқ-қолдағы ұсақ капиллярлар жансызданады. Сондай-ақ темекі тарту қан ұюына (тромб) әсер ететін, инфаркттің және инсульттің пайда болу қаупін арттыратын қандағы холестеринді көбейтеді.
Жастардың дені электронды темекі (вейп) махоркалы шылымнан гөрі зиянсыз деп ойлап, тұтынуда. Вейптер ингалятор секілді жасалған. Оның ішіне сұйық никотин (оған су, хош иіс беретін химикат, ол химикатты ыдырататын приполенгликоль қосылған) құйылып, оған қыздыратын кішкентай батерея орнатылған. Қауіптісі сол, электронды темекілер мен айкостар (сигара) шылымға қарағанда зияны аз деп насихатталуда. Десе де, электронды темекінің де денсаулыққа зияны шаш етектен екенін зерттеулер дәлелдеуде. Екіншіден, кішкентай құтыға әдемі безендіріліп сатылатын бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде ұсынылады. Мәселен, вейптерде батарея заряды, картридждегі сұйықтықтың қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Нәтижесінде жастар оны «девайс», «гаджет» деп таниды. Үшіншіден, бозбала түгіл, бойжеткендердің де арасына бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын жаман дәстүр қалыптасуда. Демек, бұрын қызықпаған қыздар электронды темекіні сыйлық ретінде алған соң әрі достарының көңілін қалдырмау үшін оны татып көруі, сөйтіп, тұрақты тұтынушыға айналуы мүмкін.
Темекі өкпенің қатерлі ісігіне, демікпе, қанайналым жүйесі ауруларына, жүректің ишемиялық дерті мен артериялық гипертонияға душар етеді. Осы орайда шылым тұтынуды тоқтату жөнінде бірқатар кеңес айта кетуді жөн көрдік. Біріншіден, шылымды тастауға тұрарлық себептердің тізбесін жазыңыз. Мысалы, денсаулықты қалпына келтіру, қаржы мен уақытты үнемдеу. Екіншіден, ағзаңызды темекісіз жүруге дайындаңыз. Таңмен жаттығу жасап, көп мөлшерде су, шырын, сүт секілді сұйықтық ішіңіз. Темекіні тастайтын уақытты белгілеңіз (10 күн немесе екі апта аралығында). Шылымды жұмысқа немесе серуендеуге шыққанда өзіңізбен алып жүрмеңіз.
Қорытындылай келе айтарымыз, бірінші байлық – денсаулықты сау кезінде бағалайық. Он екі мүшеміз аман-есен, күш-қайратымыз, ерік-жігеріміз тасып тұрған шақта әр күніңізді мағыналы істерге арнаңыз. Табак өнімдерінің жарнамасына еліктемей, өзіңіздің, келешек ұрпағыңыздың саулығын ойлаңыз. Өйткені денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілігі. Осыны ескере отырып, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылайық!
Ләззат Қожагелдина,
Орал қалалық №5 емхананың саламатты өмір салтын қалыптастыру маманы