24.02.2023, 12:01
Оқылды: 61

Есірткіге еліткен жүргізушілер жиіледі

Облыс  орталығында  көлікті  есірткіге масаң күйде жүргізетіндердің  саны  артқан.  Бұл  туралы Орал қаласының әкімшілік  құқықбұзушылықтар жөніндегі  мамандандырылған әкімшілік  сотының төрағасы  Ботакөз Нұрмағамбетова БАҚ өкілдерімен  кездесуде айтты.  Ол соттың өткен жылы атқарған  жұмысымен  таныстырып,  мәселелер  жөнінде  баяндады. 

Ботагоз нурмагамбетова

Ботакөз Темірбекқызының айтуынша, аталмыш сотта көбінесе көлік жүргізушілерге қатысты істер қаралады. Былтыр сотта ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша («Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы») 2850 іс қаралған. Соның ішінде 2630 іс бойынша әкімшілік айыппұл салынған. Ал  194 адам көлік жүргізу құқығынан айырылған. 2021 жылы аталған  бапқа сәйкес 2442 әкімшілік іс қаралыпты. Яғни биыл 408 іс артық деген сөз.

– Көлікті ішімдік ішіп, есірткіге және уытқұмарлық масаң күйде басқаратындар санының артқаны назар аудартады. Бұрын бұлай әкімшілік құқық бұзғандар жүргізуші куәлігінен 3 жылға  айырылатын. 2020 жылы бұл жаза күшейтіліп, масаң күйде темір тұлпар тізгіндегендер көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге  айырылатын болды. Сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Алайда масаң күйде көлік жүргізгендерге қолданатын жаза қатайса да құқықбұзушылық азаймай, керісінше, көбейген. Былтыр ҚР ӘҚБтК-ның 608-бабы («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру») бойынша 1321 әкімшілік іс қаралды. Ал 2021 жылы осы бап бойынша 1257 іс тіркелді. Мас күйде ұсталатын жүргізушілердің арасында зейнеткерлер де, орта жастағылар да бар. Бір қуанарлығы, жастар аз. Алайда қорқыныштысы сол, қазір есірткіге масаң күйде көлік жүргізетіндер көбейген. Әрбір екінші жүргізуші трамадол қолданғанын айтады. Елімізде трамадол психотроптық заттардың тізіміне енгізілді. Сондықтан 608-бапқа сәйкес, әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ 613-баптың 4-бөлігінің талаптарын бұзатындардың да саны артып келеді. Яғни жүргізушілер алкогольге, есірткіге және уытқұмарлық масаң күйін анықтау үшін медициналық куәландырудан жалтарады. Былтыр оларға қатысты 102 іс қаралды. Ал 2021 жылы осындай 68 іс болды, – деді сот төрағасы. «Жыл санап әкімшілік құқықбұзушылықтың өсіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Бұған не себеп деп ойлайсыз?» деген сауалымызға: «Қаланың барлық жерінде бейнебақылау камералары жұмыс істейді. «Сергек» камералары іске қосылған. Бұрын әкімшілік құқықбұзушылықты арыз-өтініш бойынша немесе учаскелік полиция инспекторлары анықтайтын. Қазір камера арқылы бақыланып, тіркеуге алынады. Сондай-ақ бұған көлік құралдарының да көбейгені себеп болып отырған шығар», – деп жауап қайтарды.

Сот төрағасының мәліметінше, 2022 жылы сотқа 7531 әкімшілік іс түскен (2021 жылы – 6959 іс). Барлығы 102  заңды тұлға және 6754 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ 355 573 103 теңгеге 3871 әкімшілік айыппұл салынған. Соның 354 433 524 теңгесі өндіріп алынған.

Ботакөз Нұрмағамбетова «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар және вандализм көріністері үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына тоқталды. Мәселен, енді кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар 69 000 теңге төлейді. Бұрын бұл сома 17 250 теңге болатын. Вандализмге қатысты да жауапкершілік қатаңдатылды. Аталған кодекстің 147-1-бабының («Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру») 1-тармағына сәйкес жаза көзделген. Яғни бөтен мүлікті қасақана жойса немесе бүлдірсе, егер бұл әрекетте қылмыстық іс-әрекет белгілері болмаса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салады немесе бестен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алады. Бұл өзгерістер наурыз айында  күшіне енеді. Кодекске енгізілген өзгерістер бойынша қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттер ұсақ бұзақылық саналады. Сот төрағасы «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңындағы  өзгерістерге де тоқталды.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале