26.08.2025, 17:15
Оқылды: 88

Ескі газ құбырлары жаңартылуда

Жақында Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Тур барысында «Ростоши-Тайпақ» жерасты газ құбырларын ауыстыру жұмысы қалай жүріп жатқаны көрсетілді.

5f110a5b-08c7-4841-a839-c81bb5e1dcdd

Аталмыш департамент басшысының міндетін атқарушы Сержан Жаманқұлов Бәйтерек ауданына қарасты Үлкен Шаған ауылы маңындағы  газ құбырларын ауыстыру жұмысымен танысты.

–  Батыс Қазақстан аумағындағы ескірген газ құбырларын жаңарту мақсатында ҚР Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама дайындады. Бұл жобаға жалпы құны 2 млрд 932 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. 2025 жылғы жоспар бойынша Үлкен Шаған ауылы маңындағы 7,51 шақырымды қамтитын газ құбыры ауыстырылып, оған инвестициялық жобадан  649 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның өңірлік филиалы аталмыш іс-шараны аяқтады, – деді департамент басшысының міндетін атқарушы С. Жаманқұлов.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның өңірлік филиалы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Сергей Бердышевтың айтуынша, бұл жердегі бұрынғы құбырлар әбден тозған. 1970 жылы салынған болат құбырлардың жалпы ұзындығы 349 шақырымды құрайды. Алғашында бұл құбырлар мұнай құбырлары ретінде пайдалануға берілген. Десе де, 1972 жылдан бастап осы құбырдың желілік бөліктерінен ақаулар жиі пайда болған. 1980 жылы мұнай құбыры ретінде пайдаланылу тоқтатылған. 1982 жылдан бастап 1988 жылға дейін техникалық қажеттіліктер үшін суды айдауға арналған сутартқыш ретінде іске қосылған. 1994 жылы құбырды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, газ құбыры ретінде пайдаланылуға берілген. Қазіргі таңда осы газ құбыры арқылы Ақжайық, Теректі және Бәйтерек аудандарының 62 елді мекеніне газ жеткізілуде. Бұл газ құбырын пайдалану кезіндегі өткір мәселе – құбыр металының қатты таттануында. Осының әсерінен газ құбыры бітеліп, кейін апаттық жағдайға ұшырауы мүмкін.

– 2014 жылы табиғи газдарды бөлу және тұтыну жүйелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес «АЗКА КОНСАЛТИНГ» ЖШС мамандандырылған ұйымын тарта отырып, газ құбырына техникалық диагностика жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша газ құбырын пайдаланудан шығару жөніндегі мәселені қарау ұсынылды. Кейін филиал инвестициялық бағдарламаға енгізу арқылы ескі газ құбырын ауыстыру жұмыстарын бастау қажеттігі туралы шешім қабылданды. 2017 жылдан бастап 50 шақырымға жуық жаңа газ құбыры орнатылды, – деді С. Бердышев.

Бөлім бастығының мәліметінше, бүгінде Үлкен Шаған, Кіші Шаған, Көшім ауылдарының маңындағы газ құбырлары ауыстырылған. Бұрынғы болат құбырлары алынып, оның орнына 500 мм полиэтилен құбырлар салынған. Бұл жұмыстар жыл сайын жалғасын таба бермек.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале