30.01.2025, 9:30
Оқылды: 177

Естелік пен есті өлең

Орал қаласындағы Зашаған кентінде орналасқан «Алтын орда» мәдениет үйінде ақын, Қазақстанның халық жазушысы, «Парасат» және І дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері Қадыр Мырза Әлидің  өмірі мен шығармашылығына арналған «Қадірлі жырдың тау тұлғасы» атты іс-шара өтті. Бұл қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңба қалдырған ақынның 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2025-01-24 at 18.45.48

Аталмыш іс-шараға Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Мерғалиев, За-шаған кенті әкімінің орынбасары Асылжан Хайруллин қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Ақын сөзіне жазылған «Тамаша», «Тамды аруы» әндері шырқалып, LED экраннан деректі фильм көрсетіліп, сазды кеш сырлысұхбат түрінде жалғасын тапты. Сұхбатты айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айнабек Бисенғалиев жүргізді. Сыр-сұхбат барысында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының иегерлері Айтқали Нәріков пен Дариға Мұштанова, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы Қадыр Мырза Әли хақында өз естеліктерімен бөлісті.

– Мен Қадыр Мырза Әлимен алғаш 1964 жылы жүзбе-жүз жолықтым. Студенттік шақтарымда «Орал өңірі» газетіне жиі барып тұрушы едім. Сол кездерде «Орал өңірі» газетінің қызметкері болған, ақын, марқұм Жанғали Набиуллинмен танысып, кейін жақсы араласып кеттік. Бірде ол маған қалаға Қадыр Мырза Әлидің келетінін айтып, қарсылап алуға баратынымызды жеткізді. Сөйтіп, жанымызға замандастарым әдебиеттанушы ғалым, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, марқұм Серікқали Шарабасов пен талантты жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, марқұм Мұқадес Есламғалиұлын ертіп, теміржол вокзалына бардық. Қадыр ағамыз өзімен бірге анасы Мағрашқа Алматыдан «Үнді шәйін» әкеле жатыр екен. Жыр-өлеңі алты Алашқа жайылған ақынды бір көру – біздің де арманымыз еді. Араға бір жыл уақыт салып, Қадыр ақынмен жолығудың сәті қайта түсті. 1965 жылдың маусым айында біз бірінші курсты аяқтап, демалысқа шығуға қамданып жатқан едік. Аймаққа Алматыдан ақын-жазушылардың үлкен делегациясы келеді дегенді естідік. Сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Ғабит Мүсірепов және Жұбан Молдағалиев ақын-жазушылардың алдын бастап, Ақ Жайық өңіріне алып келді. Осы бір жүздесуден кейін шабытым шарықтап, өлең жазуды үдете түстім. Облыстық газет беттерінде бірнеше туындым жарық көрді. Қадыр Мырза Әли ба-сылым беттерінен мен жазған өлеңдерді көзі шалса керек, маған мынадай хат жазып жіберіпті. Хатта «Айтқали, сенің кітап шығаратын уақытың болды. Неге ұзаққа созып жүрсің?» деп жазыпты. Содан өз-өзімді қолға алып, әрі ақын ағамның сөзін жерге тастамайын деп жазған өлеңдерімді жинақтай бастадым. Сөйтіп, 1970 жылы «Көкмайса» деп аталатын алғашқы кітабым жарыққа шықты, - деді Айтқали Нәріков.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов естелігімен бөліскен қонақтарға алғыс айтып, аталмыш өнер ошағында Қадыр Мәрза Әлидің шығармашылығын насихаттауға арналған бірнеше жоба жүзеге асатынын тілге тиек етті.

Қадыр Мырза Әли өз заманының айтулы композиторларымен шығармашылық байланыста болып, тыңдарманға тамаша әндер тарту еткен. Іс-шара барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші, композитор Ербол Ақбасов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Айбар Хайырханов ақын сөзіне жазылған әндерді шырқады. «Ғасыр жастары» жастар театрының актерлері Дархан Мақсотов, Сабыржан Рысқалиев, Құралбек Қатшаев сахналық қойылым қойып, Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін  оқыды.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале