Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Эстония Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ора Яаппен кездесті.

Облыс әкімдігінде өткен жүздесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты жандандыру, цифрландыру мен жолаушы тасымалы салаларында тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда өңірде шетелдік үлесі бар 270 компания жұмыс істейді. Соның 9-ы — эстондық инвесторлармен бірлескен кәсіпорын. Биылғы жылдың сегіз айында Эстония мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы тауар айналымы 7,3 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Геосаяси жағдайға қарамастан, екі ел арасындағы экономикалық байланыс тұрақты даму үстінде.
Кездесуде Нариман Төреғалиұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инвестициялық тартымдылығы жоғары бағыттарды атап өтті.

– Облыста ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ саласы тұрақты дамуда. Қазіргі таңда өңірде бір миллионнан астам ірі қара мен миллион жарымға жуық қой бар. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу өнеркәсібіне шетелдік инвестиция тартуға басымдық береміз. Осы бағытта эстондық кәсіпкерлерді өңірге шақырамыз. Егер бірлесіп жұмыс істесек, көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да әріптестікті нығайтуға жол ашық. Білікті жұмыс күші жеткілікті, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Эстония елшісі Ора Яап Батыс Қазақстан облысында Эстониямен өзара сауда және өндірістік ынтымақтастық орнатуға ниетті кәсіпкерлердің көп екенін атап өтті. Ол сондай-ақ өңірдің машина жасау саласындағы әлеуетіне ерекше қызығушылық танытып, Эстонияда бірлескен кәсіпорын ашу туралы ұсынысын жеткізді.

– Эстония қазақ елі үшін маңызды әріптес. Себебі логистика тұрғысынан теңізге шығатын ең қолайлы әрі қысқа жол біздің ел арқылы өтеді. Қазақстаннан экспортқа шығатын тауарлар эстон айлақтары арқылы әлемдік нарыққа тарайды. Айлақтарымыз заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған және біз көптеген елдермен тұрақты серіктестік орнатқанбыз, – деді Ора Яап.
Елші сондай-ақ спорт, цифрландыру және білім беру салаларында тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар жасаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастаманы қолдаған өңір басшысы Таллин қаласына Орал қаласы әкімі бастаған делегацияны жолдау жоспарын айтты.
Айта кетейік, Қазақстан футболы УЕФА құрамына енген тұста ұлттық құраманың алғашқы қарсыласы дәл осы Эстония футболщылары болған еді. Бұл жайт екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың спорт саласында да тамырлы тарихы бар екенін көрсетеді.
Осындай өзара құрмет пен ортақ мақсатқа негізделген байланыстардың арқасында Батыс Қазақстан мен Эстония арасындағы серіктестік жаңа белеске көтерілуі әбден мүмкін.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»