Құлақ естімеу де өмір сүру сапасын төмендететін елеулі кемістіктің бірі. Бірақ мұндай сәтте үміт сыйлайтын мамандар мен мекемелер бар. Солардың бірі – Орал қаласындағы «Есту әлемі» орталығы.

Біздің қаланың Назарбаев даңғылы бойындағы №206/2 мекенжайында «Есту әлемі» орталығы – 2006 жылы Алматыда ашылған мекеменің бөлімшесі. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде республика бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан аталмыш мекеменің бүгінде еліміздің 12 қаласында филиалы бар. Ал Оралдағы бөлімше 2022 жылдың мамырында өзге филиалдардан өзгеше себеппен ашылған. Себебі оның негізін қалаған аудиолог-есту протезисті Әлима Болатова (суретте) бұл істі кәсіби қызығушылықтан емес, аналық жүрекпен бастаған.

– Бұл істі бастаудағы себебім – өз баламның тағдыры. Ұлым 3 жасқа қараған шағында есту қабілетінің әлсіз екені анықталды. Сол кезде бірден ем алу жолдарын іздеп, түрлі емханаларға қаралдық. Кейін Алматыдағы «Есту әлемі» орталығына жүгіндім. 2017 жылы балама есту аппараты кигізілді. Содан бастап орталықпен үздіксіз байланыста болдым. Тәжірибе алмасып, кездесулерге қатысып жүрдім. Кейін орталықтың басшылығы біздің қалада филиал ашуды ұсынды. Қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, мені арнайы оқуға жіберді. Осылайша, баламның тағдыры мені жаңа мамандыққа алып келді, – дейді Әлима Темірболатқызы.
Әлима Болатова Алматы мен Астана қалаларында арнайы курстардан өтіп, аудиология мен сурдология бағытында кәсіби білім алған. Құлақ ауруларының түрлерін, олардың пайда болу себептерін, заманауи есту аппараттарының жұмысын толық меңгерген. Маманның айтуынша, есту қабілетінің төмендеуіне түрлі себеп бар. Кейде бұл дерт тұқым қуалайды, кейде жүктілік кезінде баланың дамуына әсер ететін факторлардан болады. Ал кей жағдайда әртүрлі дәрі-дәрмектер мен жұқпалы аурулар да үлкен-кішінің есту қабілетіне кесірін тигізеді екен.
– Есту жүйесінің нейросенсорлық зақымдануы – диагноздардың ең күрделісі. Бұл кезде құлақтағы ішкі ағзалар орналасқан нәзік жүйке талшықтары «өліп қалады». Ал бұл талшықтар – есту қабілетіне жауап беретін ең басты жүйе. Өкінішке қарай, мұндай жағдайда ем-дом көмектеспейді. Бізде де солай болды, 2023 жылы ұлымның бір құлағы мүлде естімей қалды. Дәрігерлер толық кереңдік деген диагноз қойды. Кейін біз ота жасату арқылы кохлеарлы имплант орнатуға мәжбүр болдық. Ол дегеніміз – құлақтың ішкі жағына кішкентай чип орнатылады, ал сыртында сөйлеу процессоры тұрады. Нәтижесінде балам дыбыстарды ести бастады. Қазақстанда кохлеарлы имплантты квота арқылы тегін орнату мүмкіндігі қарастырылған, бұл жөнінде көбі біле бермейді. Ал біздің «Есту әлемі» орталығында заманауи «Advansed Bionics» кохлеарлы импланттары бар. Бұл құрылғы жойылған есту қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік беріп, науқастарға толық өмірге қайта қосылуға жағдай жасайды, – дейді Әлима.
Бұл орталық қызметінің ерекшелігі – кешенді диагностика мен заманауи аппараттармен толық қамтамасыз етілген. Алима Темірболатқызы орталықта швейцариялық «Phonk» және «Bernafon» брендтері ұсынылатынын, жақында германиялық «Danavox» модельдері де енгізілетінін айтады. Оның сөзінше, Оралда мұндай соңғы үлгідегі аппараттар сирек, сол себепті қала маңындағы аудандардан да науқастар келіп, аппаратты осы жерден алады.
– Біздің орталыққа келушілер алдымен толық тексерістен өтеді. Диагностика тегін жүргізіледі. Егер есту қабілетінің нашарлауы жеңіл немесе орта деңгейде болса, арнайы аппарат қойылады. Ал егер төртінші дәрежеден жоғары болса, яғни толық кереңдік болса, науқастарды Астана мен Алматыдағы клиникаларға жолдаймыз, – дейді орталық жетекшісі.
«Есту әлемінде» екі маман тұрақты қызмет істейді. Сонымен қатар балалар ауруханасының сурдолог-дәрігері аптаның дүйсенбісінде келіп, қосымша қабылдау жүргізеді. Бұл тәжірибе қызметтің сапасын арттыру мақсатында енгізілген.
– Есту қабілетін тексеру үшін мемлекет деңгейінде арнайы скрининг жүйесі енгізілген. Қазақстанда бұл бағдарлама 2012 жылдан бері барлық жаңа туған сәбиге қолданылады. Бала 1, 3 және 6 айлығында міндетті түрде тексерістен өтуі тиіс. Кей ата-аналар бұл тексеруді елемей жатады немесе нәтижесінен кейін не істеу керегін білмейді. Мен өзім сондай жағдайды бастан өткердім. Сол себепті орталықтың мақсаты – диагноз қойылған балалар мен олардың ата-аналарына бағыт-бағдар беру, ақпараттандыру. Ерте анықталған сырқаттың емделу мүмкіндігі де жоғары, – дейді аудиолог маман.
Бүгіндері «Есту әлемі» орталығы тек медициналық көмек көрсетумен шектелмейді. Олардың қызметі әлеуметтік бағытты да қамтиды. Мамандар қарттар үйіне барып, тегін диагностика жасайды, аудандарға шығып, қайырымдылық айларын өткізеді. Мұндағы мамандардың сөзінше, орталыққа көбіне ересектер мен егде адамдар келеді. Бірақ кейде мектеп оқушылары да жүгінеді. Мысалы, қаламыздағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектептің оқушылары жүйелі тексеріліп тұратын көрінеді. Олардың көбі өнерге, спортқа бейім. Осындай балалар жарыстар мен олимпиадаларға барар алдында аталмыш орталықтан аудиограмма жасатып өтеді. Бұл – олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты көмек. Әлима ханымның айтуынша, бала жастайынан сұрақтарға жауап бермесе, айналасындағы шуды елемесе уақытты жоғалтпау маңызды. Құлаққа қатысты мәселені «Өзі өтеркетер, мүмкін, жазылып кетер» деп күтудің қажеті жоқ. Есту қабілеті– уақытпен сынаққа түспеуі тиіс сезім.
Қазіргі таңда есту қабілеті төмен жандардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік мол. Себебі есту аппараттары жыл сайын жаңарып, жаңа технологиялармен жетілдірілуде. Осыған орай орталық мамандары да жыл сайын арнайы курстардан өтіп, емтихан тапсырып, кәсіби біліктіліктерін арттырып отырады. Орталықтың тағы бір аудиолог-есту протезисті Шынар Мұқанованың (суретте) айтуынша, орталықта «Phonak» және «Bernafon» брендтерінің түрлі үлгідегі есту аппараттары ұсынылады. Бұл құрылғылар адамның қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас жасауына жағдай жасайды.

– Қазіргі аппараттардың барлығы дерлік «Bluetooth» жүйесі арқылы жұмыс істейді. Олар айналадағы артық шуды аутоматты түрде бәсеңдетіп, тек қажетті дыбысты күшейтеді. Мәселен, мұғалім мен оқушының өзара байланысына арналған арнайы модельдер бар. Теледидарға қосылатын немесе қашықтықтан естуді жеңілдететін түрлері де кездеседі. Мұндай мүмкіндік өзге адамдарға кедергі келтірмей, ақпаратты таза әрі анық естуге жағдай туғызады, – дейді маман.
Оның сөзінше, есту аппараттары бірнеше классқа бөлінеді және олардың бағасы функционалдық мүмкіндігіне сай анықталады.
– Кей адамдар арзан аппарат алып, керісінше, есту жүйесін одан сайын зақымдап алады. Сондықтан біз әрбір келушіге құрылғының ерекшелігін, оның құлаққа әсерін толық түсіндіріп, кеңес береміз, – дейді аудиолог.
Орталықта ересектер мен балаларға арналған үлгілер жеке таңдалып, әр адамның аудиограммасы бойынша тіркеледі. Аппараттың түсі мен пішінін таңдауға, тапсырыспен жасатуға да мүмкіндік бар.
– Мысалы, кей науқастар көзге көрінбейтін, құлақтың ішіне орнатылатын үлгілерді қалайды. Ондай аппараттар адамның құлақ пішіні мен тері түсіне қарай жеке әзірленеді. Ол үшін біз арнайы құлақтың пішінін алып, соған бейімдеп жасаймыз. Қазіргі үлгілердің ішінде жоғалған құрылғыны «Bluetooth» арқылы табуға болатын функция да бар. Бұл әсіресе, жасы ұлғайған, есте сақтау қабілеті төмен адамдар үшін тап-тырмас көмек. Ең бастысы, біз пациентке аппаратты орнатып беріп қана қоймай, оны үнемі қадағалай-мыз. Барлық пациенттеріміз арнайы тіркеуде тұрады. Қажет болса, кез келген уақытта кеңес алып, сұрақтарын қоя алады. Кей жағдайда аппаратты уақытша пайдаланып көруге мүмкіндік береміз, бұл адамның құрылғының өзіне үйлесімді не үйлесімсіз екенін анықтауға көмектеседі. Мұндай тәжірибе басқа орталықтарда жиі кездеспейді, – дейді Шынар Кеңесқызы.
Орталық ұсынған барлық аппараттарға үш жылдық кепілдік беріледі. Мамандардың айтуынша, қазіргі есту құрылғыларының мүмкіндігі кеңейіп, өмірдің барлық саласына бейімделген. Түсіп қалмайды, жоғалмайды, дыбысты таза жеткізеді. Ең бастысы, дұрыс таңдалған аппарат адамның өмір сапасын айтарлықтай жақсартады.

«Есту әлемі» орталығы бүгіндері адамдардың өміріне жаңа тыныс сыйлаған ерекше орынға айналды. Мұндағы мамандар есту қабілетін қалпына келтіру арқылы үміт отын жағып, сансыз тағдырдың бағытын өзгертті. Әр баланың алғаш естіген сөзі мен әр қарияның қайта естіген дыбысы – осы ұжымның мейірімі мен кәсіби шеберлігінің жемісі.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»