Қазақтың ұлттық киімдері – ата-бабамыздың рухани мұрасын, талғамын және шеберлігін айшықтайтын асыл қазына. Бүгінде осы дәстүрді жаңғыртып, ұлттық нақыштағы заманауи киімдерді сән әлеміне енгізіп жүрген дизайнерлер аз емес. Солардың бірі – Әсем Кенжебайқызы.

Ол 1987 жылы Теректі ауданындағы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Отбасында төрт ағайынды, үйінің кенжесі. Қызылжар орта мектебінен 9-сыныпты бітіріп, №2 кәсіптік лицейден пішуші-тігінші мамандығын алып шыққан. Алматы қаласындағы «Сымбат» сән академиясын технолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған аяулы жар, үш перзенттің анасы.
– Балалық шақтан өнерге, сұлулыққа деген сүйіспеншілігім ерекше еді. Қолым қалт етсе, түрлі суреттер салып, қиялымдағы әлемді ақ қағазға түсіретінмін. Анамның іс машинасының жанында отырып, оның шебер қолдарынан шыққан әр киімді қызыға тамашалайтынмын. Ол жас кезінде Ленинградқа барып, тігіншілікті оқып, әйгілі «Диана» фабрикасында еңбек еткен екен. Сол себепті біздің үйде үнемі тігін машинкасының тықылы естіліп, жаңа тігілген көйлектің жұпар иісі аңқып тұратын. Анам маған ғана емес, айналасындағы адамдарға да ерекше ықыласпен киім тігіп, олардың көңілін көтеретін. Ол үшін бұл жай ғана жұмыс емес, сүйікті іс, шабыттың көзі еді. Мен үшін анамның қолынан шыққан әр көйлек нағыз өнер туындысы болатын. Ол матаның түсін, фактурасын, үлгісін таңдау кезінде ерекше сезімталдық танытып, әр киімге жан бітіретіндей көрінетін. Сол сәттерде мен де оның қасында отырып, ине-жіппен, мата қиындыларымен ойнағанды ұнататынмын. Әр түстің үйлесімін, әр өрнектің мәнін түсінуге тырыстым. Киім деген жай мата емес, оның астарында тарих, мінез, сезім жатыр. 9-сыныпты аяқтаған жылы үлкен әпкем мені кәсіптік лицейге жетелеп, тігінші мамандығына құжат тапсыртты. Сол сәтте болашаққа деген үлкен қадам жасалғанын сездім. Лицейдегі үш жыл мен үшін жай ғана оқу емес, өзімді табу кезеңі болды. Мен топ старостасы атанып, жауапкершілікті, көшбасшылықты үйрендім. Әр сабақ сайын жаңа нәрсе меңгеріп, өзімнің бұл саланы бекер таңдамағанымды түсіне бастадым. Матаны қолыма алған сайын анамның қимылдары көз алдыма келетін. Оқуды үздік аяқтап, дипломдық жұмысымды жоғары дәрежеде қорғадым. 2005 жылы қолыма тігінші мамандығының куәлігін алып, осы өнерге біржола бет бұрдым, – дейді кейіпкеріміз.
Әсем Сырымованың шығармашылық ізденісінің басты ерекшелігі – ұлттық тарихымызды айшықтайтын петроглифтерді киім үлгілеріне бейнелеу.
– Петроглифтер – мен үшін жай өрнек емес, брендімнің негізі. Себебі олар – біздің ата-бабаларымыздың үнсіз шежіресі, тарихи мұрасы. Сондықтан мен өз киімдерімде тауларды, жайлаудың көрінісін, киіз үй өрнектерін қолданамын. Бұл элементтер сәндік мақсаттан бөлек, ұлттық болмысымызды айшықтап тұрады, – дейді дизайнер.
Әсем ұлттық стильдегі киімдер тек ерекше күндерде емес, күнделікті өмір салтына да жарасымды болуы керек деп санайды. Сол үшін сапалы әрі табиғи маталармен жұмыс істейді. Қыс мезгілінде – барқыт, жазда – зығыр. Киім тек әдемі емес, ыңғайлы да болуы шарт.

– Матаның сапасы мен үшін өте маңызды. Бірақ кейде қиындықтар да кездеседі. Мысалы, заманауи маталардың көбі синтетика аралас болғандықтан, бояу дұрыс түспей қалады немесе мата оңып кетеді. Осындай жағдайларды ескеріп, әр материалмен мұқият жұмыс істеуге тура келеді, – дейді ол.
Әсемнің туындылары жас талғамайды. Оның киімдері батыл әрі ерекше стильді жақсы көретін жандарға арналған. Ол өз қолынан шыққан әрбір киім сән үшін емес, ұлттық болмысты таныту үшін қызмет етуі тиіс деп есептейді. Дәл осы көзқарастың арқасында ол 2022 жылы Миланда өткен халықаралық сән көрсетіліміне қатысып, этно-кәжекей үлгісіндегі туындысын ұсынған. Қазақы нақыштағы бұл киім шетелдік сәнқойлардың назарын өзіне аударып, ерекше қызығушылық тудырған.

– Алғаш рет этно-көйлекпен шыққанда, шетелдік көрермендердің қалай қызыға қарағанын көріп, өз ісімнің маңыздылығын тереңірек сезіндім. Қазақтың ұлттық стилі сұранысқа ие екенін, оны тек дұрыс ұсына білу керектігін түсіндім, – дейді дизайнер.
Сол сәттен бастап ол ұлттық нақыштағы киім үлгілерін одан әрі дамытуды мақсат етті. Ол сән – тренд қуу емес, мәдениетті таныту құралы деп санайды.
– Ұлттық стильдегі киімдерді әлемге біз, отандастарымыз, танытып жүр. Мен де солардың қатарында болғым келеді. Киім арқылы өз ұлтымның рухани кодын көрсеткім келеді, – дейді дизайнер.
Әсем Кенжебайқызы ұлттық киім қазақ қоғамында емес, әлемдік деңгейде танымал болуы керек деп есептейді. Оның арманы – ұлттық үлгідегі киімдерді халықаралық деңгейде паш ету. Бұл жолда ол үздіксіз еңбектенуге, өзін дамытуға, жаңашылдыққа ұмтылуға дайын. Бүгінде еліміздің атақты дизайнерлерінің қатарынан көрініп жүрген ол қазақстандық Тәрбия Айдымбаева, Ая Бапани, Нұржамал Нұрпейісова, Айсаным Қастиева сынды сәнгерлердің жұмыстарын ерекше бағалайды.

Өз аймағындағы сән индустриясын дамытуға да ерекше көңіл бөлетін дизайнер биылғы 8 маусымда өтетін «Ақжайық» халықаралық сән фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр. Бұл фестиваль жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып, ерекше форматта өтпек. Жуырда Батыс Қазақстан облысының дизайнерлер қауымдастығы «Үздік креативті қауымдастық» марапатына ие болғаны да – бұл саладағы маңызды жетістіктердің бірі. Әсем осы қауымдастықтың төрайымы ретінде әр жобада ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен салт-дәстүрді жаңғыртуды басты мақсат етіп қойған.
– Кейде дизайнерлер сұранысқа сай ұқсас дүниелер жасайды. Бірақ мен үшін әр киімнің өз тарихы болуы керек. Дизайнердің басты миссиясы – халықтың талғамын қалыптастыру. Егер біз қазақтың ұлттық киімін сәнге айналдыра алсақ, онда бұл – үлкен жетістік, – дейді ол.

Әсем Кенжебайқызы ұлттық нақыштағы киімдерді қазақ мәдениетінің бір бөлшегі ретінде емес, әлемдік сән аренасына шығаратын ерекше құбылыс ретінде көреді.
– Ұлттық стиль ешқашан ескірмейді. Себебі бұл біздің болмысымыз, біздің тарихымыз, – дейді дизайнер.
Ол үшін сән – жай ғана әдемілік емес, ұлттың жан дүниесін көрсететін өнер. Осы ұстаным оның әр туындысында айқын көрініс тауып келеді.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»