ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи еуразиялық идеясының 25 жылдығына орай өткен «Еуразиялық жол» атты халықаралық дөңгелек үстел барысында Ресей мен Қазақстанның арасында қалыптасқан сан салалы қарым-қатынас жайы жан-жақты талқыланды.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ шаңырағында Орынбор облысынан келген делегацияның қатысуымен өткен кездесуге аталған білім ордасының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар бойынша проректоры Қажымұрат Ахмеденов төрағалық етті. Елбасы Н.Назарбаевтың 1994 жылы Ресей Федерациясына ресми сапары кезінде М.Ломоносов атындағы ММУ-да жасаған баяндамасынан туындаған жаңа аймақтық бірлестік – Еуразиялық Одақ құру туралы идея бүгінде екі ел арасындағы байланысты нығайтқандығын атап өткен Қажымұрат Мақсотұлы бүгінгі күнге дейін БҚМУ-дың түрлі жоғары оқу орындарымен халықаралық әріптестік бағытында жасасқан 108 келісімшартының 63-і ресейлік оқу орындарына тиесілі екендігін атап өтті.
БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Ресей халықтары ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары, «Еуразия халықтары ынтымақтастығы» ОХА басқармасының төрағасы Веналий Амелин, РФ Қоғамдық палатасының мүшесі Николай Науменко Орал мен Орынбор арасында әуелден орнаған достық, рухани қарым-қатынас жайын тілге тиек етті. Орынбор облыстық мәдениет және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары, халықаралық қатынастар басқармасының басшысы Александр Калинин екі ел арасындағы сауда-саттық аясы жыл өткен сайын кеңіп, экономикалық саладағы өзара серіктестік қанат жайып келе жатқандығын нақты мысалдар келтіре отырып баяндады. Ал Орынбор мемлекеттік аграрлық университеті халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы, саяси ғылымдар докторы Ольга Максимованың мәлімдеуінше, көршілес екі ел арасында білім-ғылым саласындағы байланыс нық қалыптасқан. Қазіргі кезде Қазақстанның 26 оқу орнымен әріптестік қарым-қатынас орната білген білім ордасы құрылған кезінен бастап біздің мемлекетіміз үшін 4 мыңнан астам ветеринар маман даярлаған екен.
Дөңгелек үстел барысында Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Светлана Дерябинаның, Орынбор мемлекеттік университетінің доценті Қарлығаш Қарабаеваның, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев, аталмыш оқу орнының магистрант-оқытушылары Ғазиза Абдрахманова және Жадыра Қалиеваның баяндамалары тыңдалды. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Вера Шохина біздің өңірдегі ассамблея ұйымдастырған шаралар легімен таныстырса, М.Шолохов атындағы музей меңгерушісі Ольга Чеканова жазушы Николай Корсунов атындағы шығармашылық байқаудың он екі жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқандығын айтып өтті. Аталмыш байқаудың халықаралық сипат беріп, орынборлық әріптестердің де атсалысуын қамтамасыз ету туралы ұсыныс тасталып, қонақтар бұл бастаманы қуана қостады.
Аяужан Кереева,
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер