Бірнеше күннен соң «Еуро–2024» турнирі аяқталады. Біраздан бері әлемге футбол мерекесін сыйлаған доп додасында күні бүгінге дейін 104 гол соғылды. Сұрмергендер бәйгесін Нидерланд құрамасының шабуылшысы Кодди Гакпо бастап тұр. Оның еншісінде үш гол. Одан бөлек, турнир барысында үш рет дәлдік танытқан бес ойыншы бар. Олар ағылшын Хәрри Кейін, грузин Георгий Микаутадзе, неміс Жамал Мусиала, испан Дани Ольмо мен словения ойыншысы Иван Шранц. Бұл алтылықтың ішінде өз статистикасын Дани Ольмо мен Хәрри Кейн ғана жаңартуы мүмкін. Қалғандарының командалары жарыс жолынан шығып қалды.
Фото: www.uefa.com/euro2024
Биылғы еуроның жартылай финалына дейінгі ойындар қорытындысында 77 футболшы қарсылас қақпасына 104 гол енгізген. 68 ойыншы бір-бір голдан соққан болса, 9 футболшы екі, 6 футболшы үш гол соққанын айтып өтті. Одан бөлек, 10 ойыншы өз қақпасына гол соқты. Бұндай ыңғайсыз статистикада Түркия құрамасы алда тұр. Бауырлас елдің екі ойыншысы Мерт Мөлдір мен Сәмет Ақайдын қақпа шатыстырып алды.
Осы ретте жанкүйер қауымды Еуропа чемпионатында гол соққан футболшылар қай ел чемпионаттарында өнер көрсетеді деген сауал көпті мазалайды. Ендеше әлемдегі топ 5 чемпионаттан бөлек тағы қай ел клубының намысын қорғайтын футболшылар гол соқты. Қай ішкі біріншіліктің шабуылшылары мықтырақ деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Еурода Германия чемпионатында өнер көрсететін футболшылар 23 гол соққан. Одан кейінгі орынға Англияда доп тебетін футболшылар жайғасты. Тұманды альбион алаңдарының шаңын қағатын футболшылар еншісінде 16 гол бар. Италияның А сериясының ойыншылары 15, Испания біріншілігінің футболшылары 13 голды өз аттарына жазды. Франция клубтарының ойыншылары 8 мәрте дәлдік танытса, Түркия біріншілігінің өкілдері 6 гол соқты. Одан бөлек, Сауд Арабиясы мен АҚШ, Украина, Венгрия, Голландия, Чехия, Португалия, Польша, Бельгия, Словения, Болгария чемпионаттарында ойнайтын футболшылар да қанжығасын майлады.
Көріп отырғанымыздай бұл чемпионатта Германия Бундес лигасының футболшылары өзгеден көбірек гол соққан. Аталған статистика финалдық ойыннан соң өсе түсуі әбден мүмкін, өйткені «Бавария» клубының ойыншысы Хәрри Кейн чемпионаттың үздік шабуылшысы атанғысы келеді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz