11.06.2024, 12:30
Оқылды: 354

Еуро-2024: қай команданың бағы жанар екен?

Аяқдоп аламаны жақындаған сайын жанкүйер қауымы «Биыл қай құрама жеңіс тойын тойлар екен?» деп пікір таластырады. Көп адам Гаррет Саутгейт баптайтын Англия құрамасын басты үміткер санайды. Олай демеске тағы болмайды. Өйткені ағылшындар іріктеу кезеңінен ұпайдан шашау шығармай, бір деммен өтіп шықты. Оның үстіне соңғы ірі турнирлерде де сәтті ойнап жүр. Атап айтсақ, Ресейде өткен әлем біріншілігінде жартылай финалға жетсе, соңғы Еуропа чемпионатында күміс еншіледі.

C6A9F24E-978B-47A2-A8C9-FBC183FEF48E

Биылғы Еурододаның топтық кезеңінде Англия Сербия, Дания  және Словения құрамаларымен ойнайды. Харри Кейн мен Джуд Беллингем сынды шабуылшыларға иек артатын олар көпшіліктің ойынша осы доп-доданың басты фавориті саналады. Оның үстіне біраз жылдан бері ағылшын командасын баптап жүрген Гаррет Саутгейт дүйім Англияның үмітін ақтағысы келеді. Одан бөлек бұған дейінгі жарыстарда жиған Тұманды Альбион командасының тәжірибесі де шемпиондыққа жетелейді.

Ағылшындардан кейінгі фаворит – Франция құрамасы. Іріктеу кезеңінде бір рет қана Грекиямен тең түскен үш жолақты ел командасы жарысқа алтын жүлде үшін ғана келеді. Антуан Гризман мен Киллиан Мбаппенің достары да соңғы жылдардағы ірі жарыстарда жоғары нәтижесімен көзге түсіп жүр. 2018 жылы әлем шемпионы атанған Франция 2022 жылы Катардағы мундиальда күміспен күптелді. Тек 2020 жылғы Еуропа шемпионатында ғана Швейцарияға жол берген Дидье Дешам шәкірттері биыл топтық кезеңде Австрия, Нидерланд және Польша құрамаларымен «Д» тобына түсті.

Наполеонның отандастары да талай сында шыңдалған ойыншылардан құралған. Оның үстіне оларды футболшы ретінде де, бапкер ретінде де әлем шемпионатын жеңіп алған Дидье Дешам баптайды. Енді Дидье көкеміз Еуропа біріншілігін де бапкер ретінде жеңіп алғысы келетіні анық. Сондықтан Франция құрамасы да барын салады.

Португалия құрамасын да есептен шығаруға болмайды. 2016 жылы еуроны жеңіп алған Криштиано Роналду мен оның отандастары одан кейінгі ірі додаларда жарқ етпегенімен, іріктеу кезеңін бір деммен өтіп шықты. Іріктеудегі 10 ойынның 10-ында жеңіске жеткен Периней түбегінің өкілдері қарсыластарының қақпасын 36 мәрте дәл көздеді, өздері екі-ақ гол өткізді. Сонымен қатар 2019 жылы ұлттар лигасын да Португалия жеңіп алды.

Ал осы шемпионатта Роналду мен оның командасы топтық кезеңде Түркия, Грузия және Чехия командаларымен плей-офф кезеңіне берілер жолдаманы сарапқа салады. Топтан оңай шығып жатса, португалдардың екінші тынысы ашылары сөзсіз.

Доп додасының кезекті фавориті – Испания. Соңғы 12 жылдан бері ешқандай трофей жеңбеген испандар топтық кезеңде Италия, Хорватия  және Албания құрамаларымен күш сынасады. Италия мен Хорватияны артқа тастай алса, испандар әрі қарай біразға баратыны сөзсіз.

Іріктеу кезеңін оңай өткерген Белгия құрамасы қатарынан үшінші рет Еуротурнирде  атой салмақ. Доминик Тодеско атты бапкерге сенім артқан «Қызыл сойқандар» соңғы әлем шемпионатында сәтсіздікке ұшырады. Десе де, олардың да бір саусағы бүгулі деуге толық негіз бар. Биылғы еуроның топтық кезеңінде Бельгия, Румыния, Украина және Словакия құрамаларымен бір топқа түсті. 2016 жылдан бері күллі Бельгияның үмітін ақтай алмай жатқан алтын ұрпақ биыл барын салады.

Биылғы еурокөкпарға шемпионатты ұйымдастырушы елдің құрамасы ретінде іріктеусіз өткен Германияны да санаттан шығаруға болмайды. Соңғы жылдардағы сәтсіздік неміс машинасын қайрай түсуі керек. Неміс футболының жаңа толқыны аға буын өкілдерінің ізін жалғауды қалайды. 28 жылдан бері Еуропа шемпионатында жеңіске жетпеген дойче команда Шотландия, Венгрия және Швейцария құрамаларымен бір топқа түсті. Бірақ неміс командасының сыналар шағы – плей-офф. Одан бөлек Хорватия құрамасы да оңай берілмейтінін барлығы біледі. Кейінгі жылдары әлем шемпионаты мен ұлттар лигасында күміс жүлдеге қол жеткізген хорват құрамасы биыл да өзіне тән қайсарлық танытса, мен-мен деген талай құраманы састыруға қауқарлы.

Қазақстанды қуанышқа бөлеген Дания құрама командасы да ешкімге оңай ұпай бере қоймайды. Осыған дейінгі Еуро жеңімпаздары – Италия да қажет болған кезде жинала алатын ұжым. Көптің назарынан тыс қалып жүрген Нидерланд командасы да тосынсый жасауға қауқарлы. Вирджел ван Дейк, Френки де Йеонк және Хави Сименске үміт артатын қызғалдақты елдің құрамасы да көрермен қауымды таңғалдыруы мүмкін.

Біздікі жай ғана болжам. Барлығын ойын, футболшылардың бабы мен бағы, бапкерлердің біліктілігі шешеді. Ең бастысы, Еуро-2024 ұмытылмас әсер сыйлап, қызықты матчтар күтпеген нәтижелер ұсынсын. Керім команда дегендер жеңіліп, осал дегендердің тасы өрге домалағаны да футбол тарихында қаттаулы. Шемпион болуға іріктелген 24 команда да лайық. Бірақ жеңімпаз біреу болады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале