Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев 70 жаста
Қырымбек Елеуұлы Көшербаев 2000 жылдың соңына таман Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл аталмыш өңірдің қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген тоқсаныншы жылдардың, яғни өтпелі кезең, өліара шақтың мырғымынан әлі шыға қоймаған кезі болатын.

Иә, еліміздің екі-ақ өңірімен (Ақтөбе, Атырау) шектесетін, есесіне, Ресей Федерациясының бес бірдей губерниясымен (Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор) шекаралас Батыс Қазақстан облысы бейқам да бұйығы қалыпта еді. Осындай елдің шетіндегі, желдің өтіндегі һәм қалың ұйқыдағы облысқа Елеудің Қырымбегі басшы болып келді де, білегін сыбанып, бірден іске кірісті. Бір сүйсінерлігі, өңірге жаңа басшы келісімен Ақ Жайық атырабында тыныс-тіршілік далада да, қалада да қыз-қыз қайнап жүре берді. Аудан-ауылдарда мектеп пен балабақша, мәдениет ошақтары мен үлкенді-кішілі спорт нысандары, сондай-ақ емхана-аурухана сықылды әлеуметтік нысандар жаңадан салынды немесе күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып-жаңғырды. Осындай іргелі істер облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықтағы Ресеймен шекаралас Бөкей ордасы, Жәнібек сықылды шалғай аудандарда да көрініс тапты. Әлгіндей әлеуметтік игіліктерден орман-орыстың елімен шектесетін Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Казталов, Шыңғырлау аудандары да құр қалған жоқ. Мемлекеттік шекараға таяу аудан-ауылдарға табиғи газ құбырын тарту, электр желілерін жаңарту, таза су апару, жол салу сықылды коммуникациялық мәселелер де Қырымбек Елеуұлының тікелей ұйытқы болуымен жүзеге асып жатты. «Зенит» зауыты, Орал механикалық зауыты, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» (бұрынғы «Металлист» зауыты), арматура зауыты сықылды ауыр өнер-кәсіп ошақтарына да жан бітті. «Зенит» ҚР Қорғаныс министрлігі және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің тұрақты мемлекеттік тапсырысымен Отанымыздың Каспий теңізіндегі шекара-шебін және экономикалық мүддесін қорғайтын кемелер мен катерлер жасауға мамандана бастады. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» кәсіпорны мұнай-газ саласының өндірістік қажетіне жарар құрал-жабдықтарды шығаруды жүйелі жолға қойды. Ал Орал механикалық зауыты өзінің негізгі өнімдерінің бірі дөңгелекті трактордың иінбіліктерін (коленчатый вал) таяу шетелдер түгілі, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан сықылды шалғай шетелдерге де жөнелте бастады. Арматура зауытының да алыс-жақын мемлекеттерге экспорттық әлеуеті арта түсті.
Бөрлі ауданы аумағындағы алып мұнай-газ конденсаты кенін игеріп жатқан Қарашығанақтағы шетелдік компаниялар бірлестігі («ҚПО» б.в.») жыл сайын Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік қажеттілігіне бөлетін қаржы есебінен Орал қаласында №30 мектеп, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, «Жайық самалы» жүзу бассейні, мұз айдынды спорт сарайы сияқты әлеуметтік нысандар салынды. Әрі жаңағыдай қаржы есебінен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Н. Островский атындағы орыс драма театрының ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, көрген көз сүйсінердей дәреже-деңгейде жаңарып-жаңғырды. Ендігі әңгімені Көшербаев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарып, Орал өңірінің ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін, сонымен қатар облыстың аудан-ауылдарына қатысты бүкіл әлеуметтік мәселелерді қадағалаған мемлекеттік қызметтің ардагері Абат Есенғалиевтен естиік:
– Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып бар болғаны үш жылдай ғана істеді. Алайда осы аз ғана уақыттың ішінде алғыр азамат облыстың халық шаруашылығының барлық саласына қарқынды серпін берді. Әсіресе, облыстың Ресеймен шекаралас аудан-ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуына жіті көңіл бөлді. Алыс аудан, шалғай ауылдарға табиғи газ құбырын тарту, таза ауыз су жеткізу, жолдарды күрделі жөндеу, мектеп пен балабақша, мәдениет ошақтары мен аурухана-емхана секілді медициналық нысандар салу өңір басшысының үнемі назарында болып, үздіксіз жүргізілді. Әрине, мұндай жақсылықтар өңірдің өзге аудан-ауылдары мен облыс орталығы Орал қаласында да жүзеге асты. Бірақ шекаралық елді мекендерге бірінші кезекте басымдық берілді. Сондай-ақ біздің өңірдің Ресейден энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі де Қырымбек Елеуұлының ұдайы назарында болды. Соның бір айқын дәлелі, айшықты мысалындай Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының аумағында өндірістік қуаты 40 мегаваттық газтурбиналық электр стансасы салынды.
Ақ Жайық атырабы – асыл тұқымды төрт түліктің атамекеніндей аймақ. Сөйте тұра, қоғамдық формация мен меншіктік қатынастар күрт өзгерген анау жылдары асыл тұқымды мал атаулының тұқымы тұздай құруға айналғаны жасырын емес. Осыны аудан-ауылдарды аралаған алғашқы сапарында-ақ бірден аңғарған жаңа басшы бұрынғы колхоз-совхоздардың, яғни бүгінгі бүкіл ауылдық округтердің орталығында аналық малды қолдан ұрықтандыру пункттерін ашуға пәрменді нұсқау берді. Мұндай бастама Орал өңірінде қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиыры мен көшім жылқысының, қазақтың еділбай қойы мен бактриан түйесінің қайта түлеуіне жол ашты. Әрі мұндай қадам шаруа қожалықтарына қоса, жеке адамдардың қора-қопсысындағы мал атаулыны асылдандыруға да жағдай жасап, мүмкіндік берді.
2003 жылы алматылық инвестор Орал қаласының маңынан құс фабрикасын салып, облыс тұрғындарын тауық жұмыртқасымен 100% қамтуға қол жеткіздік. Облыс аумағындағы дәнді дақылдардың егін аумағы 200 000 гектардан 700 000 гектарға ұлғайды. Майлы дақылдар танабының да көкжиегі кеңейе түсті. 2001 жылы тұқымдық дән мен жанар-жағармай үшін бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, диқандардың тынысы кеңіді. Оның үстіне оларға алдыңғы алты жыл бойғы қуаңшылық кезінде тұқым мен жанар-жағармай үшін алған қаржылай қарыздарынан құтылуға жағдай жасалды.
Кеңес өкіметі құрдымға кетіп, колхоз-совхоздар таратылғаннан кейін біздің өңірдің су шаруашылығына қатысты нысандары мүлдем қараусыз қалып, тоз-тозы шыққанды. Турасын айтқанда, су қоймалары мен каналдардың темір-терсегі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Міне, осы салаға қатысты қыруар шаруаның қиюын келтіру үшін ҚР Экология және табиғи биоқорлар министрлігіне қарасты Су шаруашылығы комитеті арқылы біздің облысқа 2001, 2002, 2003 жылдары әр жыл сайын 1 миллиард теңге, яғни үш жылда 3 миллиард теңге бөлініп, біз біраз шаруаның басын қайырдық, – деп бір демін алды Абат Қадимұлы.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қағида қалған бұрынғылардан. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біз Қырымбек Елеуұлының елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңірді түлету үшін істеген ырғын жұмысының тек бірсыпырасын ғана сөзімізге өзек, тілімізге тиек еттік. Шын мәнінде, Қырымбек Елеуұлын Жайық жұрты, Оралдың орысқазағы Батыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту жолында қыруар іс тындырған, қарайған шаруаға ұйытқы болған, яки эволюциялық революция жасаған қайраткер тұлға, Ақ Жайық атырабын түлеткен ардақты азамат ретінде айрықша қадірлеп, ерекше құрмет тұтады.
Бауыржан Ғұбайдуллин