Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Көлік министрлерінің 11-кездесуі бейнеконференция режимінде өтті, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Отырысқа ұйымға мүше елдерден басқа MCAT, OTIF, БҰҰ ЕЭК, ТЖЫҰ, Сауда және даму банкінің халықаралық ұйымдарының басшылары қатысты. Қазақстан делегациясын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев басқарып, транзиттік көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру туралы баяндама жасады.
Жиында көлік секторы, оның ішінде мультимодальдық тасымалдар, әсіресе, пандемиядан кейінгі кезеңде транзиттік тасымалдарды жеңілдету және қалпына келтірудің маңызын атап өтті.
Сондай-ақ, өңірдегі тасымалдар тұрақтылығын арттыру жөніндегі одан арғы іс-қимылдарға, оның ішінде ЭЫҰ елдері арқылы жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуіне қатысты ұсынымдар берілді.