6.10.2025, 10:30
Оқылды: 58

ФАО халықаралық сарапшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы санағына дайындық деңгейін жоғары бағалады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) халықаралық сарапшысы Расмия Алиева Қазақстанның Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындығын жоғары бағалады. Бұл туралы ол елге жасаған сапары барысында айтып берді, - деп жазады Ұлттық статистика бюросы.

photo_5404782851423075587_y
Сурет: stat.gov.kz

«Қазақстандағы санаққа дайындық шынымен де асқан жауапкершілікпен әрі мұқият жүргізілді. Статистика органдары халықаралық оң тәжірибелерді де, жіберілген қателіктерді де зерттеп, олардың қайталанбауын қамтамасыз етуге тырысты. Бұл процеске халықаралық сарапшылар мен әріптестер де белсенді қатысты, олардың ұсыныстары ескерілді. Сондай-ақ халықты және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін алдын ала ақпараттандыру жұмысы оң нәтиже бергенін атап өткен жөн – адамдар санақтың мақсаты, мерзімі және күтілетін нәтижелері туралы біліп, түсіністікпен қарады және шараға белсенді қатыса алды», – деді ол.

Сапар аясында Расмия Алиева Ақмола облысының Аршалы ауданында болып, өңірлік статистика департаментінің және санақ штабының өкілдерімен кездесті, офлайн кезеңнің өткізілу барысымен танысты, үгіт-насихат және ақпараттық материалдарды көрді, сондай-ақ нұсқаушылар мен интервьюерлермен мәлімет жинау барысындағы ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар сапар барысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар кампанияның аралық қорытындыларын, негізгі сын-қатерлерді және деректердің сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді талқылады. Сарапшыға sanaq.gov.kz сайтындағы цифрлық сауалнама формалары, 1446 бірыңғай байланыс орталығы, Data Literacy Hub білім беру платформасы және ақпарат жинауды күнделікті бақылау модулі таныстырылды.

«Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саладағы жағдайды объективті түрде көруге мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды құрал. Халықаралық сарапшылардың қолдауы мен қатысуы Қазақстандағы статистикалық процестерге деген сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Жиналған деректер тиімді аграрлық саясат қалыптастыруға және саланың орнықты дамуына негіз болатынына сенімдіміз», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале