Танымал журналист Темір Құсайынның жақында өмірден озғаны мәлім. Жарық дүниемен қоштасқанша қаламы қолынан түспеген Темекеңнің редакциямызға жолдаған соңғы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Халқымыздың қасиетті дастарқаны ас ішіп, аяқ босататын орын емес. Үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие көретін, кеудесі алтын сандық жақсылардың дуалы сөздерін құлаққа сіңіретін орта. «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған әріптес ағамыз Қазихан Қабделдің 70 жылдық мерейтойында халқымыздың тамаша ақын қызы, өр де төл перзенті Фариза Оңғарсыновамен бір дастарқан басында қатар отырып қалғаным – өмірімнің сәулелі сәттерінің бірі.
Бұл сонау 2007 жылғы қоңыр күздің жазға бергісіз жайма-шуақ күндерінің бірі еді. Алдымен аты-жөнімді сұрады. «Е, жазған мақалаларыңды көріп жүрмін» деп бір тоқтады. Содан соң, «Қысылма, хабарласып тұр» деп үйінің телефон нөмірін берді. Осы тілегін орындау үшін кейін екі-үш рет телефон шалғаным да бар. Мұндай кезде ұлтымыздың мақтанышына айналған дара талант иесі «Оралыңның жағдайы қалай, ел-жұртың аман ба?» деп риза кейіп танытатын. Өз әңгімесінен көңілге түйгенім, Қазихан ағамызбен бір топырақта қатарлас дүниеге келіп, қатарлас оқыған екен. Әдетте Фариза ақынмен жақын араласып көрмегендер алды суықтау, қаталдау шығар деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Солай ойлайтындардың бірі өзім едім. Жоқ, мүлдем олай емес. Керісінше, Фариза апамыздың жүрегі кең, бауырмал, қамқоршыл адам екенін осы жолы терең түйсіне түстім. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» деп Мұқағали Мақатаев, сірә, тектен-тек тебіренбеген, егілмеген екен-ау деп ойладым. Әңгіме арасында оның «Егемен Қазақстанның» тұрақты оқырманы екенін де аңғардым. Ол басылымда жарияланған бірқатар материалдарға қатысты ой-пікірін де білдіріп отырды. Алайда олай жазыңдар, бұлай жазыңдар деп құрғақ ақылға барған жоқ. Өзімізге белгілі Фариза Оңғарсынова – қазақтың көрнекті ақын қызы еді. Оған ешкімнің таласы жоқ. Сонымен бірге ол көсемсөз шебері де. Журналист Фариза Оңғарсынова өзінің бояуы қанық, тылсымы терең көркем очерктері арқылы журналистикаға құлаш ұрған талай талапкерге жол көрсете білгені басы ашық ақиқат. Сонау жетпісінші жылдарда арнайы жинақ болып жарияланғантілі шұрайлы, кестелі, ойы орамды Фариза апамыздың кең тынысты көркем очерктерін қызыға оқитынбыз. Оның кейіпкерлері сан алуан мамандық иелері еді. Шопан, биші, мұнайшы, мұғалім дегендей. Бәрі де өмірге, өнерге құштар, өз кәсіптері мен мамандықтарына адал жандар. Осындай биік адами бітім-болмысты ашуға құрылған саясаттан ада, шығармашылық-журналистік туындылар қай қоғамдық құрылыста да құндылығын жоғалтпайды емес пе. Міне, біз осылайша Ф. Оңғарсынова сынды талғампаз журналисттің жазбаларынан іздегенімізді таптық. Әрі үйренуге ұмтылдық. Екеуара пікір алмасу сәтінде өзіне сырттай құрметпен қарайтын қазақтың Фаризасынан осы ойымызды да бүгіп қалғанымыз жоқ. Тойдың тәлім-тәрбие жағы да жетерлік. Соның бірі – тойға келген адамның өзін-өзі ұстау мәдениеті. Жасыратыны жоқ, кейде той үстінде есімдері елге танымал бірқатар жандар арасында өзін өзгелерден биік санағандай түр танытып, ыздиып, сіресе қалатындар кездесіп қалады. Сөз берілсе, жарасымды тілек айтудың орнына кісімсіп, әлдебіреулерге кінә арта сөйлеп, маңғаз кейіпке түсетіндер де бар. Осы тұрғыдан келгенде, бір кісіге жетерлік абырой-атағы бар Фариза апамыздың той үстіндегі қарапайымдылығы да тәнті етті. Ол той төрінде белгіленген орнына шегеленіп отырып алмай, арасында замандас құрбыларына жақындап, емен-жарқын шүйіркелесіп отырды. «Өнерсіз адам болса да, өнерсіз қазақ болмайды» деп Қадыр ағамыз айтқандай, той үстінде оған келген қауым өз өнерін ортаға салса, кештің сәні одан әрі ашыла түседі. Мерейтой үстінде Фариза апамыз өзінің замандастары бүгінгі белгілі күйші қыз Айгүлдің әкесі Нариман Үлкенбайұлымен және замандасы Ғатау Үбішовпен қосылып, күй тартқан кезде, тойшылар бір серпіліп калды. Олар домбыра пернесінен Құрманғазының «Адайы» мен Динаның «Сегізінші наурыз» күйлерін төгілдірді.
Сайып келгенде, олардың ешқайсысы да кәсіби күйші емес, бірде біреуі консерватория бітірмеген. Тіпті, Ғатау атамыздың еңбек жолы өнерге үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Мамандығы – мал дәрігері екен. Табиғи талант деп жүрген дарындарымыздың өзі де осындай рухы биік, қазақтың ән-күй өнерін пір тұтатын, жан дүниесі бай адамдар шығар. Солардың бірі – қазақтың тамаша ақын қызы, марқұм Фариза Оңғарсынова екеніне Атыраудан айқын көз жеткізіп оралып едім.
Темір Құсайын,
zhaikpress.kz