...Тілекжан ағаның өмір жолы – «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген дана Абайдың өсиетіндей тынымсыз адал еңбектің өнегелі нұсқасы. Ғалымның өмірбаянына үңілсеңіз, сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның жан-жақты ізденісі мен белсенді қызметінің жарқын нәтижесін көресіз. Философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Хасенұлы Рысқалиев – «Менің жылдарым – менің байлығым» деп сенімді айта алатын шуақты ғұмыр иесі.
Ал мұндай нығмет барша пендеге бірдей бұйыра бермейтін бақыт. Асылы, адамның дүниеге келген соң кірпіш болып, сол дүниенің кетігіне қаланғаны нағыз адами бақытын тапқаны екен. Бұл тұрғыдан келгенде Тілекжан Хасенұлы жолы болған жан. Ғалым-ұстаздың қыздың жиған жүгіндей, шашауы жоқ өмір жолына қарасаңыз, бәрі оп-оңай бола салғандай көрінеді. Бірақ өмір толқыннан бұрымдай өру үшін қанша ізденіс, шаршаулы күндер мен қанша ұйқысыз түндер өткенін тек Тілекжан Хасенұлы ғана біледі. Өмірде, қызметте, жалпы тіршілікте биіктерге көтерілу мүлдем оңай емес, ал сол шыққан биігіңді сақтап қалу – тіптен қиын. Алайда Тілекжан Хасенұлының сан қырлы сәуле шашқан гауһар тасының жарқылындай ғұмыр даңғылында тоқырауды байқамайсыз.
«Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деді Хәкім Абай. Сол секілді Тілекжан Хасенұлының әрбір жазған еңбегі белгілі бір жүріп өткен уақытының есебі секілді. Тұнық ойлар мен соны соқпақтарға жетелеп, бірінен бірі өткен салмақты түйіндер түйіп отырады. Бұл сөзімізге ғалым-ұстаздың қаламынан шыққан барша еңбегі дәлел. Тілекжан Хасенұлының әр еңбегі – бір төбе. Тілі тек ғылыми ортаға ғана емес, көпшіліктің де көкейіне қонымды, жатық. Тілекжан Хасенұлының қайраткерлікке ұласқан өмір жолы мен ғылымға деген қадамы қалай басталды?
Рысқалиев Тілекжан Хасенұлы 1938 жылы бұрынғы Орал облысы Орда ауданының Азғыр ауылында шаруаның отбасында өмірге келген. 1957 жылы орта мектепті бітіріп, ауылда еңбек етеді. Кейін әскер қатарында болып, 1962 жылы Киев қаласындағы Т. Шевченко атындағы Ленин орденді мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға қабылданады. Араға алты жыл салып, яғни 1968 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР Ғылым академиясының философия және құқық институтына аспирантураға түседі. Аспирантураны бітірген соң, 1971 жылы Алматы медициналық институтының философия кафедрасына аға оқытушы болып қызмет-ке орналасады.
1975 жылы Философия және құқық институтының диссертациялық кеңесінде «Становление конкретного историзма Гегеля» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ғылыми жұмысын жалғастыру мақсатында 1978 жылы осы институтқа аға ғылыми қызметкер болып орналасады.
1983-1991 және 1995-1997 жылдары А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында Философия, әлеуметтік-гуманитарлық кафедраларының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
1991-1994 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының «Философия» кафедрасының меңгерушісі, жоғары білім жүйесіндегі ұстаздық һәм ғалымдық миссиясын жалғастырады.
1999 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Философия және саясаттану инс-
титутында «Философия тарихындағы даналық мәселесі» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 2001 жылы Әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланады.
2004 жылдан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде кафедра меңгерушісі, 2006 жылдан бері профессор болып қызмет атқарады.
2005 жылы Тілекжан Хасенұлына ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен философия мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
бертін келе ол ұзақ жыл ҚР Білім және ғылым министрлігі Философия және саясаттану институтының философия ғылымдарының докторы дәрежесін беру жөнінде диссертациялық кеңесінің мүшесі болды. Сонымен қатар профессор Рысқалиев «Философия тарихы» мамандығы бойынша қорғалған бірнеше докторлық және кандидаттық диссертациялардың ресми оппоненті болып, республикамыздағы ғылыми кадрлардың кемелденуіне ықпал етті.
«Т. Рысқалиев өз өмірінде ұстаздық пен ғалымдықты тең ұстап келеді. Ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық қызметінде түрлі лауазымды міндет атқара жүріп, өзі жеке және әріптестерімен бірлесе 100-ден аса ғылыми еңбек жариялады.
Ол таңдаған жолы мен ісіне жан-тәнімен берілді. Батыс философиясын жан-жақты, терең меңгере отырып, осы білімі арқылы қазақтың халықтық дүниетанымын зерделеп, оны ғылым пәніне айналдырды. Ол – даналық пен түсініктің қырларын жан-жақты зерттеп, әлем философиясы шеңберінде қазақ философиясының экзистенциялық сипатын ашып берген тұңғыш философ-ғалым. Ғалымның көп жылғы еңбегі «Даналық пен түсінік үлгілері», «Философия тарихына шолу» деп аталатын құндылығы аса жоғары көлемді оқулық болып жарық көрді. 2015 жылы Алматыдан Тілекжан Хасенұлының «Философия тарихы» деген көлемді оқулығы жарық көрді. «Ұлы нәрсені оқып, құмарыңды қандыруға ұлы мәдениет керек» дейді Шыңғыс Айтматов. Тілекең де батыс, орыс, қазақ философиясының, сондай-ақ Монтень, Данте, Паскаль, Руссо, Кант және т. б. ілімдерінің сипатын ашып, оны тың ойлармен талдап, соны тұжырымдармен саралап бере алды. Бұл ғалымды замандастары «қазақтың Сократы» деп сыйласа, іні-қарындастары мен шәкірттері жанашыр аға, ұстаз деп қадір тұтады. Оның бір себебі – Тілекеңнің кішіге қамқор көңілінде, қай нәрсені де кеңінен пішетін кемел даналығында жатса керек-ті.
Осы кезге дейін артық дәулет жимапты. Бар байлығы – балалары мен жиған кітаптары. Кейде қолын «Түу-у...» деп бір сілтейтіні бар, ең қатты ашуланғаны сол. Бірақ сәлден кейін жадырап сала береді. Жас демей, үлкен демей, бәріне бірдей кішіпейіл. Таза жүріп, таза тіршілік кешетініне таңданасың, сүйсінесің. Қомағайларды, жағымпаздарды, күншілдерді, екіжүзділерді, әрине, жек көреді, алайда олармен ашық айқасқа шыққан емес, немқұрайлылық деуге болмас мұны, табиғаты солай. Іштей жек көреді, олардан өзін аулақ ұстауға тырысады. Соңынан шәкірт ермесе, ұстаз еңбегінің текке кеткені. Ал қазіргі философия және әлеуметтану кафедрасының барлық оқытушысын Тілекжан ағаның шәкірттері деуге болады. Оның жетекшілігімен 5 ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шықты. Айтулы ғалым жеке өмірінде де бақытты. Жұбайы Полина апаймен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп-өсіріп, сегіз немере-жиеннің қызығын көріп отырған үлгілі шаңырақ иесі» деп Жәңгір хан университеті басқарма төрағасы, ректордың бірінші орынбасары, стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Өтеген Таубаев ақжарма тілегін білдіреді.
«Биік бітім-болмысымен дараланған Тілекжан Рысқалиев – білім мен ғылым саласында университет деңгейінде ғана емес, республикада да шоқтығы биік философ-ғалым. «Қазақтың Сократы» атанған Тілекжан Хасенұлы – қазақ философиясының экзистенциалдық сипатын ашуға бағытталған өзіндік бағытты қалыптастырған тұлға. Орал қаласындағы философия мектебін құрушылар да – Тілекжан Хасенұлының шәкірттері. Ардагер-ұстаз Тілекжан Хасенұлының есімі университетте ерекше мақтанышпен аталады. Әріптестерінің ортасында қадірлі тұлғаны студенттері мен магистранттары да ерекше құрмет тұтады. Тілекжан Хасенұлының азаматтық бейнесі туралы да айтпай кетуге болмайды. Үлкен-кіші әріптестерінің адамдық қасиетін жоғары бағалайтын ағамыз қашанда шынайы сөйлеп, турасын айтады. Кеңес беруден бас тартуды білмейтін ғалым-ұстаз талқылаулар мен пікір алысу жиналыстарына жиі қатысып, ғылым мен ғылыми мақалаларға қойылатын талаптардың тұрақты түрде жетілуін әрдайым қадағалап отырады. Жасы үлкен болса да, тәкапарлық танытпай, жастармен де шүйіркелесе кететін кішіпейіл, қарапайым жан. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де ұстаздық етуден жалықпаған ардагер ағамыз Тілекжан Хасенұлына білім мен болашаққа сіңірген ерен еңбегі үшін айтар алғысымыз шексіз», – дейді аға оқытушы, магистр Жанат Ғалиева.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Хасенұлы Рысқалиев – ұлы даланың даналығын дәріптеген, оған ғылыми негіз берген, сексеннің сеңгірінен асса да, шәкірт тәрбиелеуден қол үзбеген, өмірлік жиған-терген тәжірибесімен ізінен ерген әріптестерімен бөлісуден аянып қалмаған және сонысымен де сыйлы, абыройлы, беделі биік ғалым, нағыз ұстаз.
Тілекжан Хасенұлы – тың ойдың адамы, өмір бойы ізденетін, егер басына жақсы бір ой келе қалса, оны одан әрі байытып әкететін адам. Бұл – ғылым жолындағы адам үшін өте қажет қасиеттердің бірі. Ағамыздың кісілігі мол, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайды. Тағы бір үлгілі қасиеті – уақытты өте қадірлейтіндігі. Аянбай еңбек етуге дағдыланған адам. Тілекжан Рысқалиев – ғалым ретінде ғана емес, адам ретінде де кафе-дра оқытушыларының кәсіби тұрғыдан шыңдалып-жетілуіне үлкен үлес қосқан ұлағатты ұстаз. Оның қарапайымдылығы мен мәдениеттілігін және адамды негізінен ынтасына қарап бағалауын өзіне баурап алатын кішіпейілділігінен аңғаруға болады.
Бүгінде сексеннің бесеуіне келген Тілекжан Хасенұлының сәулелі ғұмыры, еңбек жолы, шыққан биігі көкірек көзі ояу, бойкүйездіктен ада кез келген жан үшін мағыналы ғұмыр. Танысып отырып жаның сүйсінеді. Бір жылы да бекер өтпеген, отбасына да, Отанына да қажет тұлға бола білген, не деген сарқылмайтын қуат көзі десеңші!.. Бәлкім, дана Абай айтқандай, «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүріп есті болған» кісілігінен шығар?! Қалай болғанда да Тілекжан Хасенұлын осы дәрежеге жеткізген ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегі екендігі күмәнсіз.
Қазыбай Бозымов,
Жәңгір хан атындағы
Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық
университетінің құрметті ректоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор