Көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.
Отырыста Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндама жасаған министрдің айтуынша, концерттік ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға ұқыпсыз шығу, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрерменді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар фактілер де кездеседі. «Осы орайда, Заң жобасы аясында заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай іс-әрекетіне жол бермеуі үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушының фонограммаларды қолдануы туралы көрерменге хабарлауы. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану туралы хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тартуға таңдау жасауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді», - деді Ақтоты Райымқұлова.
zhaikpress.kz