25.08.2025, 18:00
Оқылды: 445

Футзалдан Қазақстан кубогы: Орал мен Талдықорғанда үлкен мереке басталды

Футзал жанкүйерлері үшін тамыздың соңғы күндері ерекше спорттық мерекеге айналды. Қазақстан кубогының топтық кезеңі биыл екі қалада – Орал мен Талдықорғанда ұйымдастырылып отыр. Аталған додаға елдің әр аймағынан келген 16 команда қатысып, бақ сынауда. Үш күнге жалғасатын жарыстың басты мақсаты – мықтыларды анықтап, келесі кезеңге жолдама беру.

TME00414

Алғашқы ойын Орал қаласында жаңадан ашылған заманауи «Жайық арена» спорт кешенінде өтті. Әуесқой лигада бір-бірімен кездесіп үлгерген, соңғы уақытта қарқынды ойын үлгісін көрсетіп жүрген ССС Baiterek пен Elim-ai командалары кәсіпқой деңгейде алғаш рет жүздесті. Алаң иелері жас ойыншылардан жасақталғанымен, тәжірибесі басым қарсылас алдында осалдық танытты. Қорытынды есеп – 5:2, жеңіс Астаналық клуб еншісінде.

Сол уақытта Талдықорған қаласында өткен кездесуде елордалық Астана командасы тараздық Омегаға қарсы ойнап, 4:2 есебімен басым түсті. Бұл матч та өз деңгейінде тартысты өтіп, жанкүйерлерге қызықты сәттер сыйлады.

TME00502

Түскі ойындар Премьер-лига клубтарының қатысуымен жалғасты. Жуырда ғана Суперкубокты иеленген даңқты Қайрат футзалшылары өз күшін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар Ақтаулық Каспийге еш мүмкіндік бермей, 9:2 есебімен айқын жеңіске жетті. Ал Жастар спорт кешенінде өткен батыстық дербиде Атырау командасы жаңа маусымға жаңартылған құраммен келген Ақтөбені 3:1 есебімен тізе бүктірді.

TME00622

Футзал мамандарының айтуынша, В тобы нағыз «өлім тобы» атанып отыр. Өйткені мұнда бірден төрт мықты команда – Атырау, Ақтөбе, Астана және өткен маусымда бірінші лигада өнер көрсеткен, бірақ әлеуеті жоғары Омега клубы бар. Бұл төрттіктен тек екі команда ғана келесі кезеңге жолдама алады. Сондықтан әрбір ойынның маңызы ерекше болмақ.

TME00700 (1)

Жалпы турнир аясында күн сайын сегіз матчтан өткізу жоспарланған. Топтық кезең 28 тамызға дейін жалғасады. Ең бастысы – жанкүйерлер үшін барлық ойынға кіру тегін. Осылайша Оралдағы «Жайық арена» мен Талдықорғандағы Жастар спорт кешені алдағы үш күнде ел футзалының басты орталығына айналып, спорт сүйер қауымға тамаша мереке сыйламақ.

Бекзат Қанаділов

Фото: Мейірбек Тажқұранов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале