Оралда ұландықтар жазушы Ғ.Мүсіреповтың туғанына 120 жыл толуына арналған әдеби кеш ұйымдастырды.
Орал шаҺарындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде қазақ әдебиетінің классигі, драматург, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтың туғанына 120 жыл толуына орай "Сөз зергері - Ғабит» тақырыбында әдеби кеш өткізілді.
Кеште жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, драматург, аудармашы, әдеби сыншы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғ.Мүсіреповтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы "Ұлт мақтанышы" бейне үзігі көрсетілді.
Айтулы шараны, 5517 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің аға офицері, майор Алмагүл Жұмабекова жүргізіп, классик жазушының туындылары мен қазақтың шығармашылық өнеріне сіңірген еңбектері жөнінде әңгімеледі.
Кеш барысында сарбаздарға Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері "Ұлтына ұлағат қалдырған" жылжымалы кітап көрмесін таныстырды. Өз кезегінде әскери бөлімнің сарбаздары "Қазақ солдаты" романынан үзінділерді оқып берді.
Сондай-ақ жазушының ана тақырыбында көптеген шығармалары бар, сол ана тақырыбы желісінде әскери оркестр әншісі Майманов Тұрар "Ана" туралы толғауын орындады. Ал, жауынгерлік қамтамасыз ету ротасы сарбазы, қатардағы жауынгер Серікбаев Еламан жазушының өмірінің соңғы күндерінде жазылған "Туған елге соңғы сөз" өсиетін мәнерлеп оқыды.
Кеш соңында 5517 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов кітапхана басшылығына жазушы Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығына арналған осындай тамаша кеш ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
- Ғабит Мүсірепов - еліне адал қызмет еткен, елінің болашағы үшін әдебиет майданында аянбай күресіп, сөз өнеріне биік рухани мұнара түрғызған абзал азамат. Дарын иесі, ойшыл, жазушы шығармалары сарбаздарға рухани білім сыйлады,- деді подполковник Ж.Сәрсенов.
Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы (1902-1985) - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдеби сыншы, аудармашы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған. Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітірген. Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарған. Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын-жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер-ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. 1923-1926 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. 1927-1928 жылдары Бурабай орман шаруашылығы техникумында оқытушы, 1928-1933 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, 1934-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан) газетінің редакторы, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1938-1955 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан. 1956-1957 жылдары - «Ара» - «Шмель» журналының бас редакторы, 1957-1985 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі болған. Ғ.Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына «Тулаған толқында» мен «Американ бидайығы» шығармалары жатады.
Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. Ғ.Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылған. «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Үздіксіз өсу», «Жайлау жолында», «Тұтқын қыз»,«Жеңілген Есрафил» тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі.
Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әр әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес-алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды.
Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері - Ақтоқты»,«Болашаққа аманат», «Қыпшақ қыз Аппақ», «Қайран Майра» атты драмалық шығармаларын жазған. Сценариін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған «Амангелді» фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, «Махаббат туралы дастан», «Қыз Жібек» (1970) фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді.
Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған. Үш мәрте Ленин орденімен және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына жазушының есімі берілген.
1991 жылы қайраткер тұрған үйде Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби-мемиоралдық мұражай үйі ашылған.
2002 жылы 100 жылдық мерейтой қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданға, Астана қаласындағы көшелердің біріне Ғ.Мүсіреповтің есімі беріліп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры алдына қоладан ескерткіш мүсіні қойылған.
ҚР Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі