Солтүстік Қазақстан облысының санитар дәрігерлері балалардың гаджеттерді шектен тыс пайдалануы олардың денсаулығына кері әсер ететінін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Аминат Байматованың айтуынша, ата-аналардың көпшілігі гаджеттердің бала дамуына кері әсер ететінін біледі, алайда олардың ұялы телефон мен компьютерді пайдалану уақытын шектемейді. Салдарынан соңғы кезде балалардың арасында көз ауруы көбейген.
«Балалар өзіне қызықты нәрсені тез қабылдайды. Ғалымдар бүлдіршіндерге планшеттерді күніне 30 минут, ал смартфондарды күніне екі сағаттан артық пайдалануға болмайды дейді. Жасөспірімдерге гаджеттерді пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ тек мектеп тапсырмаларын орындау үшін.
Жалпы ерте жаста баланы компьютердің де, теледидардың да алдына отырғызбаған жөн. Өйткені гаджетті қолдану баланың физикалық және психологиялық дамуына әсер етеді. Бүгінде гаджеттік тәуелділік пайда болған», - дейді Аминат Байматова.
Маманның айтуынша, баланың ойын ойнау кезінде алған марапаты оған қуаныш сыйлайды. Салдарынан компьютерге тәуелділігі арта түседі. Егер бала тек электронды құрылғыларға қызығатын болса, онда бұл оның шығармашылық әлеуетін, физикалық белсенділігін төмендетеді.
«Физикалық белсенділіктің болмауы, көп отыру оның физиологиясына әсер етеді, сонымен қатар баланың жүйке жүйесін бұзады. Ұйықтар алдында мультфильм көру де баланың денсаулығына зиянын тигізеді, бала ұйықтар алдында екі сағат бұрын мультфильм көрмегені жөн, өйткені оның ұйықтағысы келмей, төсекке жатуы қиындай түседі. Бұл баланың жүйке жүйесіне әсер етеді», - дейді санитар дәрігер.
Аминат Байматова ата-аналарға балаларымен таза ауада жиі серуендеуіне, қозғалмалы ойындарды көбірек ойнауға кеңес береді. Сондай-ақ компьютерге ата-ана бақылауын орнату қажет. Екіншіден, құрылғыларды пайдалану уақытын мөлшерлеу. Ал, үшіншіден, гаджеттерді пайдалану кезінде және одан кейінгі баланың мінез-құлқын бақылауға алған жөн. Егер оның бойында тітіркену байқалса немесе ол бас ауруына шағымданса, гаджеттерді пайдалану уақытын қысқарту керек. Гаджеттер баланың өмірінде серуендеу, хобби, спортпен айналысу сияқты қарапайым нәрселерді алмастырмауы қажет.