13.09.2019, 23:40
Оқылды: 234

Ғали Есқалиев: «Тақсай ханшайымы – өлкеміздің брендіне айналатындай археологияның зор табысы»

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласының Тұңғыш Президент атындағы орталық алаңындағы «Ақжайық» этноауылын тамашалады.

IMG_3961

Қала күніне орай ашылған «Ақжайық» этноауылы ұлттық мәдени кешеніндегі «Өрнекті өнер» алаңында ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен сәндік-қолданбалы өнер шеберханасы, сондай-ақ көшпелі кітапхана жұмыс жасауда. «Алтын сақа» алаңында ұлттық ойындар ойнатылса, ұлттық асхана орталығында қазақтың дастарқаны жайылған.

Жұрт назарын ерекше аударып, үлкенді де, кішіні де қызықтырған – облыстық музей ұсынған «Жәдігер» жылжымалы мұражай-экспозициясы. Жапсарлас тігілген қос киіз үйге бас сұққан қала тұрғындары әсіресе Алтын ханшайымға ерекше қызығушылықпен тамашалауда. Бүгін де жиналған жұрт қазақтың қару-жарақтары мен киім үлгілері, Жәңгір хан мен оның жұбайы Фатима ханымның Ресей императорларының қабылдауына киген киімдері, Жәңгір ханның ел игілігі үшін жасаған істерінен сыр шертер деректер, Бөкейлікті билеген хандардың мөрлері, салт-дәстүріміз бен тарихымыз туралы интерактивті-танымдық бағдарламалар тұсына көбірек аялдады. Көрмемен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев таныстырды.

Музей жәдігерлерімен танысу барысында Алтын ханшайымға ерекше назар аударған облыс әкімі Ғали Есқалиев: «Тақсай ханшайымы – өлкеміздің брендіне айналатындай археологияның зор табысы» деді. Сондай-ақ көрмедегі ортағасырлық Жайық қаласынан табылған археологиялық жәдігерлерге де айрықша мән беріп, бұл мәліметтерді ғылыми айналымға қосып, құнды тарихи деректерді ел-жұртқа көбірек дәріптеу қажеттілігін айтты.

IMG_3977

Еске сала кетсек, 2012 жылы Теректі ауданы Долинный ауылы маңында орналасқан Тақсай кешенінен бес бірдей қорған табылған болатын. Мұндағы ең басты жаңалық осы «Алтын ханшайым» еді. Ежелгі сармат кезеңіне жатқызылған ақсүйек әйелдің қабірінен көптеген алтын бұйымдар да табылып, оның жалпы салмағы 3 келіге жуықтады. Тіпті көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. Алтын бұйымдармен бірге қола айна, тұмарлардың табылуы оның сарматтың абыз әйел екенін, өзімен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғанынан хабар береді. Тақсай қорған кешенінен табылған «Алтын ханшайымды» зерттеуге шетелдік мамандар да қатысып, қалпына келтіру ісімен қазақстандық ғалым-реставратор Қырым Алтынбек бастаған мамандар айналысты.

Бүгінде қорған табылған жерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен биіктігі – 7, ені - 4 метр кесене салынды. Қазір бұл БҚО-дан Қазақстанның киелі орындары қатарына енгізілген жеті нысанның бірі.

Нұрлыбек Рахманов,

Суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

IMG_3478 IMG_3522 IMG_3551 IMG_3617 IMG_3631 IMG_3714 IMG_3566 IMG_3565 IMG_3468 IMG_3462 IMG_3466 IMG_3471 IMG_3721

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан

және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале