Алтын күздің қоңырсалқын самалы баяу еседі. Егістік алқабындағы түрлі екпе шөптің иісі танауыңды қытықтайды. Ару қыздың өрілген бұрымындай еркелей аққан Деркөл өзенінің жағасындағы тал-теректің сарғыш тартқан жапырақтары Жер-ананың құшағына асыққандай саудырап түсіп жатыр. Жылдың молшылық, берекеті мол айы – осы қыркүйек. Тынысыңды ашатын саф таза ауаны құшырлана жұтқан Гүлшаттың күндегі әдеті – осы, табиғаттың сұлулығына сұқтанбай жүре алмайды. Жандүниесі табиғатпен тілдескенді қалайды. Жасы жетпіске жетсе де, табиғаттың көрінісіне балаша қуанып, сүйсінеді. Қыркүйектің салқыны басталғанымен, күндіз шуақты күндері көп. Өсімдік ұлпасынан тараған сағым іспеттес ақ сілбі шұбатылып, сағына күтетін мизам шуақ кез де келіп жетті. Егістіктен шыққан ол баяу басып, Деркөл кентіндегі кеңсеге қарай жаяу аяңдады. Осы соқпақпен әрі-бері қанша рет жүргенін білмейді. Өйткені санап көрмепті. Білетіні – мамандығын сүйетіні. Жаны, жаратылысы табиғатқа, әдемілікке іңкәр жанның агрономдықты әу баста таңдауы бекер емес.

Гүлшат Хибақызының әлі жадында. Өзі туып өскен Ақтөбе облысының Степной ауданының Бадамша ауылына бір қыз бала агроном болып келді. Салт атпен егістікті аралап, шаруа жайымен шапқылап жүретін. Қазақылығын жоғалтпаған ауылдың жасөспірімінің санасында қыздар да агроном бола алады екен ғой деген ой түйінделді. Бұрын бұл мамандықты тек ер-азаматтардың маңдайына жазылғандай көретін. 1972 жылы орта мектепті қазақша бітірді. Әкесі өзі мұғалім болған соң мұғалім болыңдар деп ұл-қызының құлағына құйып отыратын. Гүлшаттың өзінен үлкен екі апасы Оралдағы педагогикалық институтта оқыды. Сонда Хибақызы әулетте мұғалім көп, мен неге бала оқытуым керек деген ойға шоматын. Дәрігерлік оқуға барғысы келген, бірақ көпті көрген әкесі дәрігерлікке оқудың орыс тілінде жүретінін әрі жауапкершілігі зор мамандық екенін айтып, райынан қайтарды. Әрине, ол кезде қазақша оқыған балалар жоғары оқу орнында сабақтар орыс тілінде жүретіндіктен қатты қиналатын. Осылайша, Гүлшат әпкелерінің соңынан Орал қаласына оқуға келеді. «Оралдағы география факультетінде оқитын әпкем гербарий жинауға далаға кетіпті. Оқуға құжат тапсыруға шығып, жолшыбай кездескен біреуден Оралда пединституттан басқа оқу орны бар ма деп сұрадым. Сөйтсем, ана кісі: «Міне, СХИ бар» деп жөн сілтеді. Қазіргі педагогикалық колледж ғимараты ол кезде ауыл шаруашылғы институтының №1 корпусы еді. СХИ-дың қандай оқу орны екенін білмеймін. Құжатымды тексеріп, қабылдаған татар әйел орысшалап, мектепті жақсы бітірген екенсіз деп мақтап қойды. Кешке әпкем келді. Агрономдыққа, СХИ-ға тапсырғанымды айтып едім, «Агрономдық қыз балаға қол емес» дегенді айтты. Қайтпас қайсар мінездімін, құжатымды қайтып алмадым. Барлық емтиханды беске тапсырып, 50 баланың бірі болып оқуға түстім», – деп еске алды сәулелі жастық кезін жүзі жадыраған Гүлшат Хибақызы.
1977 жылы жұқалтаң, нәзік қыз Орал ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмамдады. Тұрмысқа шықты. Жұбайы Сәбден Келдібаев та агроном еді. Екі жас жаңадан құрылған Ақжайық ауданына қызметке жолданды. Гүлшат апа 1977-1980 жылдары аудандағы тұқым инспекциясында агроном-инспектор болып еңбек жолын бастады. Одан кейінгі жылдары осы аудандағы ауыл шаруашылығы басқармасында агроном-тұқымтанушы, 1982-1991 жылдары Ақжайық ауданындағы (бұрынғы Тайпақ) «Есенсай» кеңшарында кадр бөлімінің меңгерушісі болды. Қоғамдық формациялар ауысқан өліара шақта облыс орталығына қоныс аударды. 1991-2009 жылдары Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында аға ғылыми қызметкер міндетін абыроймен атқарды. 2009 жылдан бері аталған стансада селекция және алғашқы тұқым жүйесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді.
Ол стансаға жұмысқа келгенінде, мұнда мүйізі қарағайдай ғалымдар, ғылым кандидаттары қызмет ететін. Содан селекция, будандастыру, жаңа сұрып шығару үрдістеріне ден қойды. Әуелден білім-ғылымға құштар, ізденуден жалықпайтын Гүлшат Хибақызы «Батыс Қазақстандағы жаздық жұмсақ бидай сұрыптарының селекциялық белгілері мен қасиеттерінің ерекшеліктері» деген тақырыпта диссертация жазды. 2005 жылы ғылыми еңбегін Алматы қаласындағы Қазақстанның егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында сәтті қорғап, селекция-тұқым шаруашылығы саласы бойынша ауыл шарушылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Бұл күндері Гүлшат апа – 15 сорттың ауторы және патенттердің иегері (жеке ауторлық және ауторлық бірлестікте), оның ішінде бидай түрлері, көпжылдық шөптер де бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығарумен айналысады. Көбінесе астық тұқымдас (бидай, тары, сұлы, арпа), көпжылдық шөп түрлерінің және бұршақ тұқымдас дақылдардың (ноқат, мақсары) жаңа сорттарын зерттейді.
Г. Шектібаеваның селекционер ретінде алғаш шығарған сұрыпы – Волгоуральская. Ол жаздық бидай сорттарының бірі, оны шаруашылықтар әлі күнге егеді. Ақ Жайық өңіріндегі элита тұқымын өндіретін және оны көбейтумен айналысатын бірден-бір шаруашылық ретінде аталған станса басқа ғылыми мекемелермен, көршілес елдердің де ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Волгоуральская сұрыпы Ресейдің Самара облысындағы Тулайков ғылыми-зерттеу институтымен біріккен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде пайда болды. Бұл сорт стансада 1997 жылдан бастап зерттелді. Ол 2003 жылы ғана жаңа сорт деп танылды. Сол кезде біздің өңірде бұл сұрып егіс алқабының 50%-ына себілетін. Ресейде бұл сорт ертерек аудандастырылды. Орта Поволжье аумағында көп егілді. Ал Красноуральская, Приуральный, Орал деген бидай сорттары жергілікті стансада басқа әріптестік ұжымдармен бірге шығарылды. Красноуральская сорт 2020, Орал сорты 2016 жылы жаңа сорт ретінде тіркелді. Приуральный сорты мемлекеттік сынақтан өтуде әрі оның тұқымы көбейтіліп жатыр.
«Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» демекші, адам баласында тектілік атаның күшімен, ананың ақ сүтімен, аялы алақанымен келетін құбылыс болса керек. Ал өсімдік те тірі ағза болған соң, адам баласы секілді кейбір қасиеттерді тұқымынан алады. «Сорт шығару деген қызық процесс. Анасы қандай, әкесінің қандай қасиеті бар деп зерттейміз. Әкесінен қуаңшылыққа төзімді қасиетін, шешесінен өнімділік қабілет-қарымын, зиянкестерге қарсы тұра алатын мықтылығын ескеріп, будандастырамыз. Өңірімізде әлі де Волгоуральская сортына сұраныс күшті. Оның қамырлылығы 36,8-40%-ға дейін барады. Астықты өлке саналатын Қостанайдың өзінде бидайдың қамырлылығы әрі кеткенде 28-30%-ды құрайды. Бірақ ондағылар әр гектарына 25-28 центнерден мол өнім алады. Өңірімізде бидайдың әр гектарынан 10 центнерден өнім алу межеленеді. 2009 жылдан бері қуаңшылық қайталанып, тек бір-екі жыл егін шығымды болды. Кеңестік заманда да біздің өңірімізде өсірілетін дәнді дақылдар өнімділігі жағынан емес, сапасы, қамырлылығы қасиеттерімен бағаланды. Өйткені бізде жаз ыстық, күн шуақты. Солтүстік өңірде ауа райы ондай емес. Ол жақта орылған бидайдың ылғалы мол, сапалық қасиеті төмендеу болады. Басқа облыстағы элеваторлар біздің астықты алып, ұнның қамырлылығын көтеру үшін араластырады. Бірде Алматы қаласындағы Қазақстанның егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен жиында өңірдегі бидай сапасы туралы айтқанымда кейбіреулер сенбеді. Сонда республикалық зертханада тексерілгенін, құжаты барын айттым. Бірде Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығынан селекционерлер келді. Егістікке апардық. Сонда келген қонақтардың бидайдың дәндерін масағынан уқалап алып жатқанын байқадым. Мен сіздерге масақты да, дәндерді бере аламын дедім. Ғылымда да мінез керек. Онысыз өз дегеніңді дәлелдей алмайсың. Бараев орталығында зертхана бар. Сонда тексеріп, артынша ме-нің айтқанымдай оралдық сұрыптың жоғары қасиетіне көздері жетіп, «36-38 деп едіңіз, біз тексергенімізде бидайдың қамырлылығы 40% болып шықты», – деп хабарласты. Сондықтан аз көлемде болса да, жаздық бидайды еккен дұрыс. Облыс халқын нанмен, астықпен қамтамасыз етуіміз керек. Басқа жақтан дән не астық таситын болсақ, оның шығыны көп, нан бағасы өсіп кетеді», – дейді Гүлшат Хибақызы.
Гүлшат Хибақызы ғылыммен айналысумен қатар қоғамдық негізде апробаторлар даярлайды. Күні бүгінге 150-ден астам маман даярлауға атсалысты. Ғалымның 160-тан аса ғылыми мақалалары бар. Ұзақ жылдар бойы стансаның өндірістік бөлімінде және облыстағы басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдарында ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау жұмыстарын басқарды. Өңірдегі шаруа қожалықтарына егіншілік, тұқым шарушылығына байланысты семинар, вебинарлар ұйымдастырып, өткізеді. «Вilim-orkenieti» ұлттық-инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының үздік маманы – 2022» республикалық үздіктер байқауында жылдың үздік маманы атанды. Сол жылы Республика күніне орай «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тағып, мерейі тасыды. Өмірлік жары Сәбден екеуі ұл, қызынан тараған немерелері Әлихан, Сұлтан, Әмір, Айша есімді ботақандардың бал қылықтарын қызықтаған ата-әже атанды. Әріптес, замандастары арасында сыйлы, бақытты отбасылардың бірі.

Селекция, тұқым жаңарту мәселелерін көз майын тауысардай зерттеп, ғылымға, мамандығына адал, ардақты жандардың бірі Гүлшат Шектібаева әлі де сапта. Көктемгі егісте әр бөлікке егілетін тұқым түрінің әр грамын бақылап, күн сәулесінен нәр алып көктеген өскінге қуанатынын, оның әр шаршы метрге қаншалықты өсіп-өнгенін есептеп, сараптап жүретінін айтудың қажеті жоқ шығар. Әйтеуір, төзімділікті, ыждағаттылықты сүйетін, сырт көзге ұсақ-түйек көрінгенмен миға салмақ түсіретін ғылыми жұмыс екені айқын. Бастысы, ғылым жолындағы әріптестері оны мақтан тұтады, құрметтейді. Зейнетке шықса да, орталарынан жібергісі жоқ. Жақында 70-ке толды.
Әне, күзгі шөбі сарғыш тартқан даладағы соқпақпен стансаның екпе шөптер сынақ алаңына қарай бір адам кетіп барады. Баяу ыңылдай түсіп, айнала қарап, тұмса табиғаттың көркіне сүйсінеді. Ол – үйде де, қызметте де бақытын тапқан қазақ әйелі, ғалым Гүлшат Хабиқызы.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»