Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы қойған ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту міндеттерінің іске асырылу барысын баяндады. Университеттер, ғылыми институттар мен өнеркәсіп арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа форматы ретінде хакатондар таңдалды. Ғалымдар мен зерттеушілерден құралған топ кәсіпорындарға барып, өндірістік циклді толық зерттейді, ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастырады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Сурет: Үкімет
«Тау-кен металлургия саласының алпауыт кәсіпорындарымен ірі 6 хакатон өткізілді. 30-ға жуық ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарынан 200-дей ғалым қатысты. Нәтижесінде, шамамен 80 ғылыми-техникалық тапсырма тұжырымдалды. Комиссия отырысына нақты 11 жобаны шығарамыз. Осылайша, биылғы жалпы ғылыми-техникалық тапсырмалардың 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижесіне негізделген. Президент жанындағы жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясының жұмысқа қосылуы өте маңызды. Ғылыми-техникалық тапсырманы талдау мен сараптауды Ғылым академиясы да жүргізеді. Бұл тапсырмалардың барлығы да өте қатаң іріктеуден өтті. Барлығы 653 өтініш түсті. Комиссия қарауына тек 113-і өтті», - деді Саясат Нұрбек.