Ғалым, ұстаз Едіге Насамбаевтың 70 жасқа толуына орай мен де іштей «Шіркін, уақыт-ай!» дедім. Әріптесіммен алғашқы таныстығымыз осыдан елу екі жыл бұрын, сонау 1972 жылы басталды. Ол кезде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының 2-курс студенті әрі комсомол ұйымының хатшысы едім. Едіге бірінші курста оқыды және зооинженерлік факультетінің кәсіподақ бюросына жетекшілік жасады. Комсомол және кәсіподақтың жиналыстарында бірге жұмыс істеп, қоян-қолтық араласып кеттік. Ол үздік оқумен қатар спортпен, қоғамдық қызметпен де, ғылыми жұмыстармен де тиянақты айналысты. Білімге құштарлығымен қоса, еңбекқор, ашық мінезді, жастармен тіл табысқыш болды. Бірге оқыған жолдастарына әрдайым көмек көрсетуге әзір тұратын. Студенттік кештерде гитарамен ән салып, тангоны әдемі билеп, ойын-сауықтың сәнін келтіретін, түрлі шараларды ұйымдастыруға білек сыбанып кірісіп кететін.
Институтты үздік бітірген жас маман мемлекеттік емтихан комиссиясының шешімімен сол кездегі оқу ісі жөніндегі проректор, профессор Е. Сатқановтың ұсынысымен ауыл шаруашылығы малдарының анатомиясы кафедрасына ассистент қызметіне қалдырылды. Алғашқы жылдары Едіге Ғапуұлы оқытушы болуға дайындалып, мамандық бойынша оқу-әдістемелік құралдарды игеріп, тәжірибелі оқытушылардың дәрістеріне, сабақтарына қатысып жүрді. Әдістемелік құралдарды, дәрі-дәрмектерді жасаумен айналысты. Ғылыми конференцияларда баяндама жасап, мақалалар жазып, өзін көрсете бастады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты.
«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, Едіге ешкімді жатсынбады, қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен әріптестерінің көңілінен шықты. Жас маманның жұмысқа деген ерекше қабілеті, тапсырмаларды орындаудағы тиянақтылығы, ұстамдылығы, сергектігі, айналасындағы адамдарға деген құрметі мен қайырымдылығы бірден байқала бастады. Осы бір тамаша қасиеттер оның өмірлік ұстанымы екен. 1980 жылы Едіге Ғапуұлы Орынбор қаласындағы Бүкілодақтық ет өндіру мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының күндізгі аспирантурасына оқуға түсті. Мен ол кезде аталмыш аспирантураның үшінші курсында оқып жүрдім. Бір-бірімізге жақын жүрген сайын мен оның бойындағы тамаша қасиеттердің ашыла түскенін байқадым. Менің жолдасым Раиса Опақызы үшеуіміз – ауыл шаруашылығы саласындағы көрнекті ғалым, академик Л. Праховтың мектебінен тәрбие алған шәкірттеріміз.
Едіге Ғапуұлының басшылығымен бағдарламалық нысаналы қаржыландыру аясында «Етті мал шаруашылығында модельдік ферма құра отырып, жаңа жоғары тиімді технологияларды енгізу» ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша елімізде алғаш рет жануарлар табынын табиғи шаруашылық жағдайларына байланысты кешен-ді зерттеулер жүргізілді. Базалық, озық, цифрлық цифрландыру деңгейлері бойынша модельдік фермаларды құру тиімділігіне алдын ала экономикалық бағалау жүргі-зіліп, еңбек өнімділігінің көрсет-кіштері, өтелу мерзімі есептелді. Модельдік ферманың деңгейін бағалаудың негізгі критерийлері анықталды. Ғалымның көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижелері 350-ден астам баспа жұмысы десек қателеспейміз. Оның алтауы – қазақтың ақбас мал тұқымы бойынша монография, 8 оқулық, өнімділіктің ет бағытындағы ірі қара малды бағалау және өсіру бойынша көптеген әдістемелік нұсқау (Мысалға, «Етті тұқымды бұқаларды ұрпақтарының сапасы бойынша бағалау және бұқашықтарды өз өнімділігі бойынша сынау жөніндегі әдістемелік нұсқаулар» еңбегі).
Едіге Ғапуұлының жұмыс стиліне тән қасиеттер – байыптылық, ашықтық, әр адамның ерекшелігін ескеру. Ол басқарған ұжым, кафедра әр кезде алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Оның қызмет бабында ешкімді алаламайтындығы, біліктілігі, адам жанын түсіне білетін ерекше қасиеттері ұжымның береке-бірлікте болуына зор ықпалын тигізді. Еңбек жолын енді бастаған жастарға Едіге Ғапуұлы үлкен қамқорлық көрсетті. Олардың кәсіби шыңдалуына, жан-жақты азамат болып қалыптасуына қолдан келетін көмегін аяған жоқ, шәкірттері де шын жүректен алғыс айтады. Ұстаздың алдын көрген, тәрбиесін алған жастар Едіге Ғапуұлын әрқашан мақтан етеді. Еліміздің қай түкпірінде жүрсе де, ғалым-ұстазға риясыз тілеулес болып жүреді. «Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы» институтының директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Біржан Нұрғалиев Едіге Ғапуұлын еліміздің мал шаруашылығы, соның ішінде етті ірі қара саласын арттыруға сүбелі үлес қосқан, сондай-ақ жоғары білімді мал шаруашылығы мамандарын, магистранттарды, докторанттарды, аспиранттарды, ғылым кандидаттары мен философия докторларын даярлауға үлкен үлес қосқан білікті маман, ұлағатты ұстаз, ізденімпаз ғалым деп білетінін айтады.
– Едіге Ғапуұлымен 1995 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зоотехнигі мамандығында оқып жүрген 2-курс студенті кезімде таныстым. Кейін ағай «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. Кафедра меңгерушісі қызметін қоса атқара отырып, бізге «Сүт өндіру ісі» пәнінен сабақ берді. Оның сабақтары қызықты, мазмұнды өтетін. Тақырыптарды инновациялық әдістемелерді қолдана отырып түсіндіретін. «Орал сүт комбинатына» (қазіргі «Береке» ЖШС) тәжірибелік сабақтарға бізді жиі апаратын. Бірнеше жыл жас оқытушы ретінде кафедра меңгерушісі болған Едіге Ғапуұлының қол астында жұмыс істедім. Ол – шебер ұйымдастырушы, көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленетін, ұжымның мүдделерін батыл қорғай алатын жан. Оның да өзге ғалымдар сияқты өзіндік мінезі бар, бірақ мейірімді және өте жанашыр. Кейбір кәсіби мәселелерді шешуде ұстазыммен кеңесемін. Оның өмірлік ұстанымы – әрқашан лайықты адам болу, – деді университеттің «Мал шаруашылығы және биоресурстар» жоғары мектебінің жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Марклен Шүкіров.
Өмірден түйгенін өзгеге үйретіп кетсе, ұстаздықтың басты философиясы – осы. Бұл тұрғыдан алғанда біз сөз еткелі отырған ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Мал шаруашылығы және биоресурстар» жоғары мектебінің профессоры Едіге Насамбаев өзінің азаматтық парызын абыроймен орындаған жан деп ой түюге болады. Ол ғибратты ғұмырында жас буынды тәрбиеледі, отандық ауыл шаруашылығы саласына өзіндік дара қолтаңбасын қалыптастырды.
Едіге Ғапуұлы бүгінде ерен еңбегінің арқасында ағалық кезеңнен абыроймен өтіп, даналыққа бет бұрған жетпіс жасқа жетіп отыр. Жеті қамалды артқа тастап, өткенге парасат пайыммен көз тастап отырған мерейтой иесіне қырандай қалпың мен тарлан тұлғаңды сақтап, әрқашан биік белестен көріне бер дегім келеді. Бүгінгі мерейлі жасыңызға тағы да ұзақ ғұмыр тілей отырып, жеткен жетістіктеріңіздің бәрін – еңбегіңіздің жанғаны, мақсаттарыңыздың орындалғаны деп білемін. Жас ұрпақтың білімін шыңдаудан басталған еңбек жолыңыз бүгінде жемісті жалғасын тауып келеді. Сондықтан да Сізді өзіңізден кейінгі буынға ұлағатты үлгі көрсетіп келе жатқан зиялы тұлғалардың бірі деп бағалаймын. Ел үшін жасап келе жатқан еңбектеріңіз әрдайым елеулі, табысты бола берсін!
Қазыбай Бозымов,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан а
грарлық-техникалық университетінің
құрметті ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
профессор