10.12.2019, 15:22
Оқылды: 401

Ғарышкерлер (әңгіме)

Күн жексенбі болатын. Сәске түс ауа атасы Ақботаны сырғанақ тебуге апарды. Бұлар келгенде сырғанақ басында ұлы бар, қызы бар он шақты бала жүр екен. Бәрінің де шанасы әдемі. Ал Ақботаның шанасы әдемілігіне қоса, су жаңа. Бұл шананы немересінің туған күніне кеше ғана ата-әжесі сыйлаған.

qys

Өзге балалардай Ақбота да сырғанай бастады. Атасы ерке немересінің төбеден төмен қарай жеті-сегіз рет құлдилағаннан кейін бірсыдырғы сырғанаудан жалыға бастағанын аңғарды. Немересі төбеге кезекті бір көтерілген сәтте атасы: – Ақбота Бақытжанқызы Әлжан! – деп дауыстады. Ақбота не дерін білмей, аңтарылып тұрып қалды.

– Мен аты-жөніңді атағанда, сен «Мен!» деп саңқ ете қалуың керек, қызым. Ал қайталаймын: – Ақбота Бақытжанқызы Әлжан!

– Мен!

– Қазақ халқының тұңғыш ғарышкер қызы ретінде Отан-анаңыз сізді ғарышқа ұшып, жұлдыздар әлеміне саяхат жасауға шақырады.

– Құп болады!

– Сапарың сәтті болсын, қызым!

Сол-ақ екен, ұшатын қырандай қанатын қомдап, шанасына тас түйін отырған Ақбота заулай жөнелді. Құдды шанасы ғарыш кемесіндей. Сырғанақтың ойлы-қырлы тұстарымен әудем жер сырғанап барып тоқтағаннан кейін ол шанасынан түсіп, атасына қолын бұлғады да: – Енді не істеуім керек, ата? – деп сұрады.

– «Сапар сәтті жалғасуда. Шолпан жұлдызға аман-есен жеттім. Зерттеу жұмыстарын бастадым» деп баяндауың керек.

Ақбота атасының айтқанын айнытпай қайталады. Әр сырғанардың алдында атасы Ақботаға Ақбозат, Жетіқарақшы, Үркер, Темірқазық секілді бір-бір жұлдыздың атын атаумен болды. Ал Ақбота жаңа «ғаламшарға» жетісімен «ғылыми-зерттеу жұмыстарының» жай-жапсарын баяндаудан талмады. Көрші атайдың ойлап тапқан ойынына аз-кем аңтарыла қарап, тамашалап тұрған балалар бірінен соң бірі шулап қоя берді:

– Мен де ғарышкермін!

– Мен де ғарышкермін!

– Мен де ғарышкермін!

Осылайша, сырғанақ басы әп-сәтте ғарышкерлерге толды да кетті.

Бақытжан Ғабдуллин

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале