Бүгінде Ақжайық ауданының орталығында тұратын Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Рафхат Ғалимуллин биыл өзінің жүзінші көктемін қарсы алуда.
Рафхат Ғалимуллин 1921 жылы Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Оралдағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін тәмамдап, Жәнібек ауылындағы қазақ мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған.
1942 жылдың 25 мамырында әскер қатарына алынып, соғысқа аттанған. Қос тілде еркін сөйлейтін жас сарбаз біліктілігінің арқасында 344-атқыштар дивизиясы штабының жолдауымен кіші командирлер даярлайтын дербес батальонның, кейін 1152-атқыштар полкінің бірінші батальонының штаб бастығы қызметін атқарады.
Сол жылдары Батыс майданындағы кескілескен ұрыстың алғы шебінде жүреді. Одан кейінгі жорықтарда байланысшы офицер ретінде Минск, Орша, Лида, Гродно қалаларын, Польша, Чехословакия жерін азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Германияның Кенигсберг қаласында қарсылайды. 1946 жылы капитан шенімен елге оралады. Майдандағы ерліктері бағаланып, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалін иеленді.
Елге оралған соң, Орда ауылындағы жергілікті мектепте педагогтік жұмысын жалғастырады. Кейін Чапаев аудандық партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сол жылдары атқарған еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» ордені, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің кіші күміс, үлкен күміс медалімен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады.
Көп ұзамай Чапаев аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалған. Ал 1963 жылы Чапаев аудандық халық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне ауысады. Осы кезеңде Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын сырттай тәмамдап, ғалым-зоотехник атанды. Қашанда тындырымды ісімен, қай іске кіріссе де, табандылығымен ерекшеленген ол екінші мәрте «Құрмет белгісі» орденімен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды.
Ол 1967 жылдан бастап аттай 15 жыл қос тілде жарық көретін аудандық «Еңбек»-«Труд» газетін басқарған. Ағамыз 1985-1989 жылдарда аудандық азаматтық қорғаныс штабын басқарып, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығады.
Ардагердің ел үшін атқарған осыншама қызметі еленіп, Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальдары мен Кеңес одағының маршалы Жуков медалімен марапатталып, Ақжайық ауданының құрметті азаматы атағын алды.
Бүгінде бір ғасырды артқа қалдырған қария әлі де сергек. Облыс орталығынан пәтер берілгенімен, өзі талай жыл қызмет атқарған өңірінен қол үзбей, Чапаев ауылында ұрпақтарының ортасында ғұмыр кешуде.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress