8.10.2021, 10:01
Оқылды: 128

Ғазиз аға

Аға ұрпақ өкілі, Ақ Жайықтың қадірменді ақсақалдарының бірі  Ғазиз Хаймулдинның есімін ең  алғаш республикалық «Социалистік Қазақстан»  (бүгінгі «Егемен Қазақстан»)  газетінің  облыстағы меншікті тілшісі Боранғали  Ырзабаевтан естіп  едім. «Ғазиз азамат қой, мұндай  жігіттер көп емес, сен оны білетін  бе  едің, танымасаң  таныстырамын бір орайы келген  күні» деп отырушы еді марқұм.  Сәті түскен күні Ғазиз ағамызбен де таныстық.  

73E1BFDF-CD4B-444D-BB96-1794BF5BC6A3

Бұл сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезі еді. Тұла бойы тығыншықтай, жүріс-тұрысы ширақ, жүзі жылы, жасы елуді орталап қалған азамат екен. Сол уақытта Ғазекең облыстағы мал бордақылау совхоздары бойынша вице-президент қызметін атқаратын. Сол таныстығымыз кейін рухани ағалық пен інілікке, өзара сыйластыққа ұласты. Борекең ол кісіні тектен-тек мақтамайтынын енді түсіндім. Расында да, Ғазекең бойында халқымызға тән кеңдік, дархандық, қонақжайлылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді жақсы қасиеттерді жинақтай білген жаны жайсаң, көкірегі ояу азамат болып шықты.

Түйсігім алдамаса, екі ағамыздың бір-бірін жақын тұтуының арғы астарында Ғазиз Усағалиұлының шығармашылық адамдарының ішкі жан дүниесін жақсы түсінуі секілді сөзбен айтып жеткізгісіз бір тылсым жәйт себеп болған секілді. Айталық, Боранғали Ырзабаев ағамыз тек журналист  емес, бірнеше өлең жинағы жарық көрген арқалы ақын еді ғой.

Бұл әңгіменің бер жағы десек,  Ғ.Хаймулдинның әдебиет пен өнер қайраткерлерімен байланысы тіптен әріден басталатынына кейіннен қанықтық. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистермен жан аямай шайқасып, бірнеше дүркін жауынгерлік орден-медальмен марапатталып, содан соң коммунистік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған дәуірде «Мен – қазақпын!» деген поэма жазып,  ең соңында 1987 жылдың қаңтарында Жазушылар одағында болған кездесуде Г. Колбинге бетің бар, жүзің бар демей, ұлтқа қарсы жасаған қиянатын бетіне басып, үш рет ерлік жасаған халқымыздың мақтан тұтар суреткері Жұбан Молдағалиевпен сыйластығының өзі неге тұрады?!

Менің ойымша, Ғазиз Хаймулдин мен Жұбан Молдағалиевтың арасында орныққан шынайы қарым-қатынас пен өзара сыйластық бөлек бір әңгіменің еншісі. Әдетте Жұбағаңның Тайпақ өңірінің тумасы, Жымпиты және Казталов аудандарында бірінші хатшы болып қызмет атқарған азамат Сабай Ниязовпен достығы жөнінде көп айтылады. Жөн-ақ, әйтсе деақиық ақынның елге келген сапарында жанына жақын тұтып, ең алдымен Ғ. Хаймулдинді іздегенін екінің бірі біле бермейді. Сонымен бірге Ғазекең Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Нұрғали Нүсіпжанов, Базарбай Жұманиязов секілді халқымыздың мақтан тұтар өнер тарландарымен де әңгімелері мен әзіл-қалжыңы жарасқан айнымас дос бола білді. Егер артында іздеушісі мен жоқтаушысы болмаса, өмірден өткен қандай таланттың да артында қалдырған ізі көмескілене беретіні табиғат заңдылығы. Осы орайда Ғазекеңнің классикалық музыка жанрының хас шебері, қазақ романсының королі, жерлес композитор Базарбай Жұманиязовтың атына облыс орталығындағы ұзындығы екі шақырым ұзын көшенің аты берілуіне ұйытқы, жанашыр болуы – үлкен азаматтық пен шынайы достықтың белгісі.

Ғазиз Хаймулдинның бұрынғы Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозында директор қызметін атқарған кезінде қалдырған айшықты қолтаңбасы әлі күнге дейін елдің аузында жүр. Кеңестік кезеңде шаруашылықтарды басқару тәсілі бірыңғай жоспарлы экономикаға арқа сүйеді. Бұдан артық «Қызыл директорлардың» жеке бастамашылдық танытуы мен ауыл шаруашылығы өндірісіне оны жүргізудің тың да тиімді тәсілдерін енгізу құқығы тым шектеулі еді. Мәселе былайша қойылды: жоғарыдан жоспар келді ме,  соны орында, басқасына басыңды қатырма!

Әйтсе де, ойлау жүйесі терең, жаңашылдыққа жаны үйір, тіпті сол кездің өзінде өз елімізден тыс ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің іс-тәжірибелеріне құлақ түре жүретін совхоз директорының басы бұл «ноқтаға» сыймады. Сөйтіп, «нар тәуекел әрі кеткенде аупортком бюросының бір сөгісін алармын, бұдан ештеңем кете қоймас»  деген ойға табан тіреген Ғазекең өзі басқарып отырған шаруашылыққа арендалық әдісті енгізіп келіп жібереді.

Еңбекті ұйымдастырудың озық тәсілі көп кешікпей жақсы нәтиже береді. Осы арқылы шаруашылықта еңбек өнімділігін екі есе көтеруге мүмкіндік туады. Ең бастысы, совхоз жұмысшылары мен мал өсірушілердің еңбек етуге деген ынта-ықыласы көтеріледі. Өйткені оларға арендалық әдістің шарттарына сәйкес қосымша еңбекақы төленді. Осы тәжірибені Ғ.Хаймулдин Тайпақ аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезде де ауданның барлық өндірістік құрылымы мен шаруашылығына енгізген еді. Тұрқы мен өнімділігі төмен, жілігі татымайтын жәй үш-төрт бас мал баққаннан гөрі бір асыл тұқымды түлік өсіру әлдеқайда тиімді. Осы ақиқатты ойына мықтап түйген шаруашылық басшысы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруге басымдық береді.

– Бұл жергілікті табиғи климатқа жерсіндірілген, өнімділігі мен сапасы жөнінен қазіргі кезде шетелдерден пәленбай мың, яки миллион АҚШ долларына сатып алып жүрген асыл тұқымды малдан артық болмаса, кем түспейді. Ақбас тұқымды сиырдың тағы бір артықшылығы, жейтін азығына әр түрлі химиялық қоспалар қосылып берілетін бордақылау кешендерінде ұстау міндетті емес. Ауа райының қолайлы уақытында өз азығын өзі тауып жайыла береді. Өнімі сапалы болуының бір сыры осында. Сондықтан да оның бағын ешуақытта тайдырмауымыз керек деп толғанады, – өмірден көргені мен түйгені мол Ғазиз ағамыз.

Ғ.Хаймулдин ауаткомның төрағасы қызметінде аудан экономикасы мен мәдениетінің өрге басуына сүбелі үлесін қосты. Негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын өңірде гидро-инженерлік нысандармен суландыру жүйесін жасақтауға бастамашы бола білді. Сонымен бірге жеткілікті мал азығын әзірлеу үшін серпінді іс-қимыл танытты. Өңірдің қоғамдық-мәдени  тұрғыда даму ісінде де оң өзгерістер орын алды. Дәл осы тұста Жайықтың бойын жайлаған жұртшылық Ғазиз Хаймулдинге үлкен сенім артып, ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мұны бір есептен ел сенімі Ғазекеңнің туған жері мен топырағының алдындағы абыройы мен беделінің көрінісі деп бағалағанымыз орынды. Оның халық үшін жасаған қалтқысыз қызметі мен ерен еңбегін сол кездегі облыс басшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсанов та бағалай білгенін айту парыз. Мұсекең зейнет жасына таялып жүрген уақытта Тайпақта қызмет бабында кездескен кезде оңаша сәттің бірінде Ғазекеңе:

Ғазиз, кез келген ауданның бірінші хатшысы болуға да лайықты екеніңді біраз уақыттан бері байқап жүрмін. Дегенмен аудандық атқару комитеті төрағасы қызметі де бір азаматтың тақиясына тар келе қоятын лауазым емес. Қызметіңді жалғастыра бер, – деп риясыз көңіл мен оң бағасын берген екен.

Бүгінгі күні Ғазиз Усағалиұлы  жасының ұлғайып қалғанына қарамастан, қарттыққа бой алдырмай өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Оның сексеннің бесеуіне келгенше еңкеймеуінің басты сыры – тынымсыз еңбекте екені хақ.  «Еңбек – бәрін де жеңбек» деп қалай дәл айтылған. Айталық, ол кейінгі жылдары облыстық қоғамдық экология қауымдастығының төрағасы ретінде өңір аумағында орын алып жүрген экологиялық проблемалардың шешімі табылу үшін нақты ұсыныс-тілектерін облыс әкімдігі мен сала министрлігіне, өзге де жоғары өкілетті құрылымдарға жолдап жүр.

Ғазекең мұнымен де шектеліп қалмай, өткен жылы қасындағы табиғат жанашырларымен бірге көзі бітеліп қалған Шалқар көліне құятын бұлақтың бірнешеуін білекті сыбанып, белді буып жіберіп, көзін ашып тазалап шыққанын «Егемен Қазақстан» газетіне жазған едік. Міне, өнеге деп осыны айтыңыз, қанша жасқа келсе де,  еңбек ету мен жұмыс қабілетін жоғалтпау адам бойындағы таптырмас қасиеттердің бірі болып қала бермек. Ғазиз Усағалиұлының осындай тамаша қасиет иесінің бірі екені тағы бір мерей.

Қашан да күш-қайратыңыз кемімесін, асыл жеңгеміз Ақкенжемен бірге бақытты ғұмыр кешіп, жапырақтарыңыз жайыла берсін, Ғазиз аға!

 Темір Нағымұлы

 Суретте:  Ғазиз Хаймулдин мен Жұбан Молдағалиев 1982 жыл

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале