23.09.2020, 18:54
Оқылды: 5

Гемодиализ орталығы жаңа ғимаратқа көшті

Орал қаласы күні қарсаңында облыс орталығындағы «БИОС» гемодиализ орталығы жаңа ғимаратқа көшіп, салтанатты түрде ашылды.

1 (78)

«БИОС» ЖШС-сы қызметін 2000 жылы бастап, диализ қызметін көрсететін елдегі алғашқы медицина мекемелерінің бірі саналады. Бүгінде аталмыш серіктестіктің гемодиализ клиникаларының желісі Ақтөбе, Ақтау, Повладар, Қостанай және Атырау қалаларында бар. Орал қаласында бес жылдан бері жұмыс істейтін орталық қызметін енді жаңа ғимаратта жалғастыруда. Екі дәрігер-нефролог, сегіз медицина қызметкері бар.

– Бұл жыл елімізде айтулы мерекелер мен мерейтойларға сәйкес келді. Алайда әлемді жайлаған пандемия біздің елге де соқпай кетпеді. Батысқазақстандықтар да індетпен табандылықпен күресті. Соның ішінде медицина саласы қызметкерлерінің алдыңғы шепте жүріп, облыс тұрғындарының өмірін сақтаудағы қажырлы еңбегін атап өткім келеді. Жеке инвесторлардың өз қаражатына тұрғындарға қажет әлеуметтік нысандарды іске қосуы бүгінгі әл-ауқатымыздың артуын, экономикалық даму бағытында мемлекеттің нақты қолдауы бар екенін көрсетеді. «БИОС» серіктестігі бүгінде қанатын жайып, еліміздің қалаларында сапалы қызмет ұсынып келеді. Серіктестік басшылығының қызметін ұлғайту жоспары бар. Қала әкімдігі кәсіпкермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Себебі тұрғындардың денсаулығын сақтау, өмір жасының ұзақтығын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деді қала әкімі Абай Шыныбеков салтанатты шарада.

1 (83) (10)

Сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов «БИОС» серіктестігі медицина саласында айшықты орын алғанын және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қызметтің қаншалықты тиімді екенін көрсеткенін атап өтті. Мұндағы заманауи технологиялар науқастардың өмірін ұзартып, тиісті ем-дом алуына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

«БИОС» гемодиализ орталықтары желісінің директоры Жеңіс Алкин айтып өткендей, мұнда 45 науқас әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аударған 300 млн. теңгеден астам қаражатқа диализ қабылдауда. Олар І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Жалпы облыса 200-дей адам осы дертке шалдыққан. Гемодиализ орталығында «БИБРАУН» неміс компаниясының және «Нипро» жапон компаниясының он аппараты бар. Аталған жабдықтар 5-сатыдағы созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы бар 44 науқасты бір мезгілде ем қабылдауға мүмкіндік береді. Аталмыш дертке шалдыққандарға тиімді еммен қатар, судың сапалы, таза болуының да маңызы зор. Сондықтан орталыққа шведтік «Gambro» таза су дайындау құрылғысы қойылған.

1 (8)

– Орталық қызметінің басты мақсаты – науқастарға сапалы қызмет көрсету. Бүгінде екі мезгіл қызмет көрсететін орталық қажеттілік болса, үш ауысымда да жұмыс істеуге дайын. Ол кезде 70 науқасқа дейін қабылдай аламыз. Мен мұндағы жоғары кәсіби мамандардың, дәрігер-нефрологтардың, ұжымның бірлескен еңбегін ерекше атап өткім келеді. Алғашықыда ескі де тар ғимаратта отырған орталық қызметкерлері енді аумағы 200 шаршы метрден астам орынға көшті. Науқастар дәрігерлерге риза, – дейді «БИОС» гемодиализ орталықтары желісінің директоры Жеңіс Алкин.

1 (46)

1 (29)

Айна Имашева,
zhaikpress.kz

Қамбар Муханьяров, науқас:

– Бес жылдан бері гемодиализ алып келемін. Аптасына үш рет келіп, төрт сағат ем қабылдаймын. Мұндағы дәрігерлер мен медбикелерге, көлік жүргізушіге ризашылығым зор. Қашанда сыпайы, науқастардың қас-қабағына қарап, қызмет көрсетеді. Орталық тамақ беріп, үйге көлікпен жеткізіп тастайды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале