Парк Отельдің конференц залында "Әлеуметтік саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптері" тақырыбында семинар-тренинг өтті. Әлеуметтік саясатты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысын жетілдіруде гендерлік аспектілерді қолданудың кешенді тәсілдерін үйретуді мақсат еткен семинар ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Астана қаласындағы ЕҚЫҰ орталығымен бірлесіп өткізілді.
Семинар-тренингке облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары Елена Тарасенко, Ләззат Сүлеймен Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының, Адами өлшем бөлімінің меңгерушісі Изабелла Хартман және жергілікті гендерлік комиссия мүшелері қатысты. Өңірімізде гендерлік саясат жұмыстарының өз деңгейінде жүріп жатқандығын тілге тиек етіп, оның маңыздылығына тоқталған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Елена Тарасенко өз кезегінде тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тарихында еліміздің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізігендігін атап өтіп, әлеуметтік саясат пен өзін-өзі басқару органдарының жұмыстарын жандандыруда гендерлік тәсілдерді қолданудың келелі мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ әйелдерді еліміздің барлық қоғамдық-саяси және экономикалық салаларға барынша тарту қажеттігін айтқан Елена Тарасенко Елбасының мемлекетімізді нығайту үшін белгілеген бес институттық реформасын жүйелі жүзеге асыруда гендерлік саясаттың биліктің маңызды факторларына қатысы бар екендігі жөнінде пікір білдірді. Себебі әйелдер ел халқының елу пайызын құрайды.
Семинарда Ләззат Сүлеймен облысымызда әйелдердің мәслихат сайлауына қатысуының жоғары деңгейде екендігін атап өтті. Жалпы алғанда, облыс бойынша әйелдердің мәслихаттағы үлесі 26 пайызды құраса, Ақжайық пен Бөрлі аудандарында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Ал Орал қалалық мәслихатына әйелдердің сайлану белсенділігі әлі де төмен.
Дүниежүзілік экономикалық форумының көрсеткіштері бойынша 2016 жылы Парламент мәжілісіндегі әйелдердің қатысу деңгейі бойынша Қазақстан 144 мемлекеттің арасынан 48 орынға ие болды. Қазақстандық әйелдердің шағын және орта бизнес секторындағы үлесі 50 пайызды құраса, еліміздегі қолданыстағы шағын, орта бизнес субьектілерінің 44 пайызын әйелдер басқарады. Шарада халықаралық тәуелсіз сарапшылар мен кеңесшілер тренер қызметін атқарды.
Облыс әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста 2017 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы облыстағы гендерлік саясатты жүзеге асырудағы жоспарлар мен жобалар және мансаптық ілгерілету кезінде әйел азаматшалардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері туралы айтылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында гендерлік теңдікті дамыту, отбасылық құндылықтарды насихаттау үшін облыс бойынша 11 млн. 350 мың теңге бөлінген. Ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында уәкілетті органдармен бірлескен 15 маңызды әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарлануда.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ
zhaikpress.kz