Бүгін облыс әкімдігінде өңірдегі пайдаланылмай жатырған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланып, облыстың геоақпараттық порталы таныстырылды. Жиынға өңір басшысы Ғали Есқалиев арнайы қатысты.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы М.Өмірәлиевтің айтуынша, облыс бойынша 2019-2020 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 922 мың га жер анықталған.
Бәйтерек ауданында «Приуралье» ЖШС-ға берілген 3830 га егістік жер пайдаланылмай жатырса, сондай-ақ «Нұрболат» ШҚ-ға берілген 705 гектар жер, Бөрлі ауданында «Кенжалиев» ШҚ-ға берілген 1707 гектар жер пайдаланылмаған. Ақжайық ауданының 28 жер пайдаланушысының онымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хаттама толтырылған. Бөкей ордасы ауданында жерді пайдаланбай отырған 3 шаруа қожалығы анықталып, біреуінің жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Осы секілді барлық аудандарда жер пайдаланушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбіреуі мемлекет меншігіне қайтарылуда. Сондай-ақ жалпы көлемі 340мың га құрайтын жер учаскелерін пайдаланбай отырған 177 субъектілердің тізімі БАҚ-та жарияланған. Биыл мемлекет меншігіне қайтарылған 134 мың гектардың 47 мың гектары қайта айналымға енгізілген.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында БҚО жер қатынастар басқармасы геоақпараттық портал құру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Геопартал құрудың мақсаты жеке және заңды тұлғаларға, бизнес өкілдері үшін жер қатынастары және жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және көрсетілген салаларда мемқызметті автоматтандыру болып табылады.
- Геопартал map.e.batys.kz мекенжайында орналасқан. Порталға 62 тақырыптық қабат енгізілді. Оның құрамында әкімшілік-аумақтық бөліністердің, жер учаскелерінің, сондай-ақ су объектілерінің, гидротехникалық құрылыстар мен магистралдық құбыржолдар, автомобильдік және темір жолдар, салалық тізілімдер енгізілді. Орал қаласының аумағы бойынша аэрофототүсірілім жүргізілді. Берілген жер учаскелері бойынша мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйеден деректер алынып, олар жарияланды. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер учаскелерін мақсатты пайдаланудың геосалық мониторингінің, әртүрлі мерзімдік ғарыш түсірілімдері негізінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылардың мониторингі енгізілді. Геопартал құру мүдделі тұлғаларға қажетті ақпарат, жер қатынастары және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемқызметтер алуға мүмкіндік береді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді қамтамасыз етеді, - деді «KeyHorse" ЖШС-ның басшысы Нұрхат Мұқатов.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып, оны пайдаланбай отырған тұрғындардың аты-жөндерін облыс әкімінің сайтына немесе геопарталға шығару қажеттігін айтты. Яғни бұл бағыттағы шаралар болашақта қатаң қадағаланатынын жеткізді.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz