14.02.2022, 11:20
Оқылды: 38

Германия президенті екінші мерзімге қайта сайланды

Германия Федеративті Республикасының президенті болып Франк-Вальтер Штайнмайер қайта сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

4E607711-B422-40BF-9193-E9347600A675

Жексенбіде Федералды жиналыс мүшелерінің басым бөлігі оның кандидатурасын қолдап дауыс берген. Берілген және жарамды деп танылған 1425 дауыстың ішінде 1045 адам қазіргі президентті қолдаған.

Жиналыстың 86 мүшесі дауыс беруден қалыс қалған, 294 адам басқа үміткерлерді дұрыс көрген. 66 жастағы Штайнмайер сайлаудың бірінші турында-ақ жеңіске жетті. Оны елдегі бүкіл беделді, саяси салмағы бар ірі партиялар қолдады. Федералды жиналыс тек қана президентті сайлау үшін бес жылда бір мәрте жиналады. Оның жартысы - бундестаг депутаттары болса, қалған жарымы 16 ландтаг - жер парламентінен жолданған сайлаушылардан тұрады.

Олар жергілікті депутаттар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ спортшы, музыкант секілді танымал адамдар да болуы мүмкін.

Биыл Федералды жиналыстың жұмысына 1472 адам қатысты. Франк-Вальтер Штайнмайерден бөлек бұл сайлауда тағы үш кандидат бақ сынады: майндтық дәрігер Герхард Траберт (Gerhard Trabert), ол 96 дауыс жинады, экономист Макс Отте (Max Otte), оның еншісінде 140 дауыс бар және астрофизик Штефани Гебауэр (Stefanie Gebauer) - 58 дауыс.

Жұмысшы отбасынан шыққан, саясатта жүргеніне 25 жылдан асқан Франк-Вальтер Штайнмайер 1956 жылы 5 қаңтарда туған.

2017 жылы наурызда ФРГ президенті болып сайланған. Бұл - оның ел басқаратын екінші мерзімі.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале