12.09.2022, 10:31
Оқылды: 99

«Геронтология кабинеті ашыла ма?»

Мақсот Берген, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

10

– Биылғы маусым айында біздің өңірге еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келгенде мен геронтология кабинетін ашу жөнінде мәселе көтерген едім. Себебі облыстағы медициналық мекемелерде жасы ұлғайған қариялардың денсаулығын үнемі бақылап отыратын геронтолог мамандар жоқтың қасы. Сол сапарында министр биылдан бастап елімізде тек зейнеткерлерді қабылдайтын дәрігерлер, психологтар жұмыс істейтінін айтты. Облыста аталған мамандар қызмет көрсететін арнайы кабинеттер ашыла ма?

Екінші сұрағым дәріханаларға қатысты. Шыны керек, өңірде заңсыз жұмыс істеп тұрған дәріханалар бар.

Олар Ресейден біздің елде тіркелмеген дәрілерді әкеліп сатып жатыр. Ал Қазақстан бойынша дәрі-дәрмектің 7500 түрін сатуға рұқсат етілген. Мен мұны фармацевт ретінде білемін. Облыс орталығындағы ғана емес, аудан-ауылдардағы дәріханалардың қызметі бақыланып, тексеріле ме? Олардың қандай дәрі-дәрмектер сатып жатқаны  белгілі ме?

Арман Қалибеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

12

– Облыста 86 016 егде жастағы тұрғын бар. Қалалық емханаларда егде жастағыларға, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге және оларға теңестірілген адамдарға медициналық көмек көрсететін геронтология кабинеттері бар. Бүгінгі күні қалалық 6 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымының бесеуінде геронтолог дәрігер жұмыс істейді. Ал №5 қалалық емханадағы геронтолог дәрігердің сертификатының мерзімі аяқталды. Сондықтан онда геронтология бойынша сертификаты жоқ жалпы тәжірибе дәрігері қызмет көрсетеді. 2020 жылы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің мамандары Батыс Қазақстан облысының жоғары медициналық колледжінің негізінде 8 геронтолог және 80 орта медициналық қызметкерді оқытты.

Елімізде «Гериатриялық және геронтологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» ҚР ДСМ-ның 2021 жылғы 23 маусымдағы №ҚРДСМ-55 бұйрығына сәйкес гериатр дәрігердің кабинетіне гериатрия және геронтология мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен гериатр немесе терапевт, жалпы тәжірибе дәрігерлері жетекшілік етеді.

2021-2023 жылдарға арналған геронтологиялық қызметті жетілдіру жөніндегі жол картасының 4-тармағында жергілікті атқарушы құрылымның қажеттілігіне қарай геронтолог дәрігерді қайта даярлайтын қысқа мерзімді оқыту курстарының өткізілуі мүмкін екені көрсетілген. Осыған байланысты облыс әкімдігі Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы тәжірибе дәрігерлерін, терапевттерді геронтология мамандығы бойынша қайта даярлау үшін қысқа мерзімді оқыту курсын ұйымдастыру жөнінде сұраныс хат жолдады.

Аталмыш курс ұйымдастырылса, №5 қалалық емхананың бір маманын және қажет болса, басқа да медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелерінің және жеке медициналық мекемелердің мамандарын резерв ретінде гериатрия мамандығына оқытады.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале