Тағдыр сынағына мойымай, өмірдің бояуын көз жанарымен емес, жүрек көзімен көретіндер қоғамда баршылық. Аялы алақанымен, саусақ ұшымен сезінетін жандарға облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана «Ғимараттар ғажабы – саусақ ұшында» атты іс-шараны ұйымдастырды.

Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университеті салалық технологиялар институтының «Сәулет және құрылыс» кафедрасымен бірлескен инклюзивті бағыттағы «Тактильді Орал» сұлбасы (макет) оқырмандарға таныстырылды. Іс-шараға БҚИТУ-дың ректоры Бекболат Шакешев, университет директоры, техника ғылымдарының кандидаты Бауыржан Билашев, БҚИТУ салалық технологиялар институтының «Сәулет және құрылыс» кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Бекқалиев қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның құрметті сәулетшісі Майра Сәрсенғалиева, Сәкен Ғұмаров музей-үйінің меңгерушісі Жанболат Мұханғалиев, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Жанна Құмарғалиева, сұлбаның сәулетшілері, көз кемістігі бар кітапхана оқырмандары, студенттер қатысты.
Тактильді сұлбаға өзек болған қос ғимараттың бірі – облыстық тарихи өлкетану музейі болса, екіншісі, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы. Университеттің қолдауымен, Майра Ғұмарқызының жетекшілігімен сәулет мамандығының 5-курс студенттері Диас Тайшурин мен Татьяна Дудыкина еңселі қос ғимараттың сұлбасын жасап шығарды. 2025 жылдың сәуір айында кітапханамен келіссөз жүргізіліп, жоба қараша айында жүзеге асты. Биыл ақпан айында сұлбалар таныстырылып, оқырман қауымға жол тартты.

– Кітапханамен бірлескен жоба өз мәресіне жетіп, көру мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлай алғанымызға бек қуаныштымыз. Тактильді сұлбаны жасауда мамандардың еңбегі орасан. Ғимарат туралы ақпарат үлкейтілген және кішірейтілген брайль қарпінде бар. Кьюар кодты сканерлеп, аудио түрінде де тыңдауға болады. Алдағы уақытта екі сұлба жасап шығару ойда бар, – деді Нұрлан Бекқалиев.
Зәулім ғимараттардың кішірейтілген сұлбасын саусақ ұшымен сезіндіру – кітапхана оқырмандарына деген жанашырлық іспетті. Оларға брайль қарпінде оқуға, аудио түрінде тыңдауға барлық жағдай жасалған. Көру қабілетінен айырылған жандар сөз жүзінде естіп қана қоймай, сұлбасын елестетіп, ғимараттың қандай екенін бағамдай алады. Кезінде көз жанары жарық кезде көргендерін бір еске түсіріп, бала шақ пен жастық шаққа сапар шеккендер де ортамыздан табылды.

– Арнайы кітапхананың белсенді оқырманы ретінде Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығына барып жүргенімізбен, ғимараттың сұлбасын саусақпен сезіну бөлек сезім. Әр баспалдағын, амфитеатрын, төбесіндегі шаңырақты, ғимараттың жартылай шар тәріздес екендігін ұғындық, – дейді кітапхана жанындағы «Муза» поэзия клубының төрайымы, көру мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байқаулардың жеңімпазы Мақпал Мұхамбетова.
Жиында кітапхана директоры Марфуға Айтқалиева іс-шараға қатысқандарға алғысхат ұсынды. Кітапхана қызметкерлері ән-жырдан шашу шашып, жиын Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді.
Гүлфия Қолғанатова,
Орал қаласы