Катар астанасы Дохада гимнастикадан әлем кубогы кезеңі өтіп жатыр. Аталмыш додада сынға түсіп жатқан қазақстандық спортшылар өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Алдымен еркін жаттығу жүлдесін сарапқа салған гимнасттар үш жүлденің екеуін еншіледі. Бұл туралы ҚР Спорт комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет: ҚР Спорт комитетінің баспасөз қызметі
Бұл сында Милад Карими 14.466 ұпай жинап, алтын медальға ие болса, Алтынхан Темірбек 13.633 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қола медальді Ұлыбритания өкілі Сэм Мастоуфиге бұйырды. Ол 13.600 ұпай жинады.
Еркін жаттығу финалы тартысқа толы болды. Британдық Сэм Мастоуфиді күміс жүлдеден бар болғаны 0.033 айырды. Сондай-ақ финалда Қытай, Жапония және Түркия спортшылары да бақ сынады. Алайда олар жүлдеден тыс қалды. Қазақстандық гимнасттар өз бағдарламаларын сәтті орындап, мықты қарсыластарынан озық шықты.
Сонымен қатар Доха додасында Нариман Курбанов қола жүлдегер атанды. Отандасымыз тұтқалы ат снарядындағы жаттығуда 14.566 ұпай еншіледі.
Бұл сында Нариманның алдын армениялық Гамлет Манукян (14.700) мен Қытай спортшысы Яньмин Хун (14.666) орап кетті.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»