Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша алдағы маңызды саяси науқанда 451 мыңдай адамның дауыс беру құқығы бар. Облыс бойынша 505 сайлау учаскесі, оның ішінде Орал қаласында 110 учаске сақадай сай тұр. Шалғайдағы елді мекендерде 80 сайлау учаскесі белгіленді. ҚР Мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысуға 450 үміткер тіркелді.
– Маңызды науқанға төрт саяси партия қатысқалы отыр. Партиялық тізім бойынша «Nur Otan» 310, «Ауыл» 40, «Ақжол» 35, «Адал» партиясы 29 кандидат ұсынып отыр. Қазақстан Халық партиясы «Біздің үміткерлер Мәжіліс сайлауына ғана қатысады» деп шешім қабылдады. Кандидаттардың 217-сі, яғни 47,4 пайызы – жас үміткерлер әрі әйел адамдар. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға 190 орын беріледі. Бір орынға 2,4 кандидаттан келеді. Үміткерлердің 31-і облыстық, 22-сі қалалық, 147-сі аудандық мәслихаттарға сайланады. Додаға ұзын саны 454 адамның кандидатурасы ұсынылып еді, сайлау заңнамасы талабына сәйкес келмеген төрт үміткер тізімнен алынып тасталынды, - дейді Ғайса Қапақов.
Комиссия төрағасының айтуынша, кандидаттардың көбі – жоғары білімді азаматтар. Бұған дейін саяси майданда шыңдалған бәсекелестер де көп. Сайлау заңдылығын бақылаймын деген белсенді азаматтар 10 қаңтар күні сайлау учаскесіне келіп тіркеледі. Облысқа ЕЫҚҰ атынан 2, ТМД атынан 10-ға тарта байқаушы келмек.
Ғайса Қапақов жергілікті азаматтарды қоса алғанда, 5 мыңға жуық байқаушы қатысуы мүмкін екенін айтты. Коронавирус пандемиясының ушығуына байланысты санитарлық талап та күшейіп отыр. Сайлаушылар маска тағуы және өзінің қаламын бірге ала келуі тиіс. Ғимарат іші әлсін-әлсін желдетіліп, еден беті жуылып тұруы қажет.
– Егер сайлаушылардың 70 пайызы дауыс беруге келсе, оның өзін елеулі көрсеткіш деп санаймыз. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысуын сұраймыз. Сайлаушылар сол арқылы өзінің патриот екенін айшықтап, ел болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдейді. Азаматтар дауыс беру құқығын заңға сәйкес толық пайдалана алады. ҚР Мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтар күні өтеді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру таңертеңгі сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-де аяқталады. Санитарлық талапқа сәйкес комиссия мүшелері мен байқаушыларға қауіпсіздік үшін ПТР-тест қорытындысы туралы анықтаманы алып келу талап етіліп отыр, - деді Ғайса Қапақов.
Партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмысын 9 қаңтар күні аяқтайды. Бүгінге дейін сайлау заңнамасын бұзу дерегі тіркелмеген. Облыс бойынша Мәжіліс және мәслихат сайлауын өткізуге 460 миллион теңге бөлінді. Ол қаражаттың 80 пайызы еңбекақы есебінде төленуде. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің саны едәуір қысқартылды.
«Қазіргі уақытта партиялар белсенділігі артуда. Бұрын сайлау округіне қатысты мәселені шешуге депутат қана жауапты болса, қазіргі уақытта тұтас партия жұмылуға міндетті. Партия кандидаттары арасында пікірталас жоғары деңгейде өтуде. Сайлау күнтізбесі бойынша барлық іс-шара уақтылы ұйымдастырылуда. Саяси науқанның тағы бір ерекшелігі, сайлаушылар арасында арақашықтық сақталады әрі сайлау кабиналарының бір жағы ашық болады. Дауыс беру үшін түрлі түсті үш қағаз (бюллетень) ұсынылады. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне мүдделіміз», - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz