2.12.2016, 12:48
Оқылды: 83

Гофракартон өндіруге машықтанған

    Оралдағы «Шепель В. Н.» жеке кәсіпкерлігі бұдан он жыл бұрын құрылды. Кәсіпкерлік басшысы Виктор Шепель сауда саласындағы тәжірибесіне сүйеніп, өңір нарығын өз бетінше зерттеп, кондитерлік және өзге де тамақ өнімдері салынатын қораптар мен қаптамалар өндірісін ашуға бел буды. «КОС» ЖШС-ның аумағынан бос ғимаратты жалға алып, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қорының кепілдік беруімен жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Несиелік қаражатқа Ресейден гофроқаптама жасайтын автоматты желі, одан кейін 2008 жылы гофрокартон өндіретін автоматты желі сатып алды. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» белгісімен өнім түрлерін шығаруда.

- Бұрындары несиені 24 пайызға алсақ, жолымыз болды деп қуанушы едік. Қазір «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде үшінші мәрте мемлекеттік қол-даудың шапағатын көрудеміз. Айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Даму» қорының кепілдігімен «АТФ банктен» алты пайызбен несие алдық. Өнімдерімізді Орал қаласындағы кәсіпорындарға өткізудеміз. Ресейдің, сонымен қатар өзге өңірлердің өндірісшілері де бізбен бәсекелес. Кәсіпорын шикізат жеткізуде кідіріс болмаса, 100% жүктемемен жұмыс істеуге қауқарлы, – деді кәсіпорын директоры Виктор Шепель «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО филиалы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілген кәсіпорындардың қызметтерін көрсету бағытында ұйымдастырған пресс-тур барысында. Оның айтуынша, шикізаттық материал Алматы қаласынан, желім Ресейден тасымалданады.

pri_3848Қазір кәсіпорында төрт адам тұрақты жұмыс істейді. Екі желінің бірінде картон беттерінің арасына бұдырланған картон жапсырылады. Екінші желіде осы дайын картондар қажетті өлшемде қиылып алынады. «Бұрындары айына 1-2 вагон картон қағазды өңдеп, қораптар шығаратынбыз. Қазір ондай үлкен көлем өңделмейді. Өндірілетін өнім түрлері ағартылған қағаз (ақ түсті картон) шикізатының азаюына байланысты сәл-пәл азайды. Бұрын оны Белоруссиядан алатынбыз, қазір ондағы комбинат жабылып қалды. Сондықтан біздің кәсіпорында өндірілетін қараптар негізінен қоңырқай түсті картоннан жасалады. Кейбір өндірісшілер осындай қораптарды алуда, ал кейбіреулері Ресейден  ақ түсті қораптарды алдыртуда. Еуропадағы тұтынушылар ормандарды сақтау керек деген азаматтық ұстаным тұрғысынан макулатурадан өңделген қоңырқай қаптамаға салынған өнімге ықыласты.   Ал біздің тұтынушылар жоғары сапалы қағаздан жасалған қаптаманы алғысы келеді» — дейді В. Шепель. Дегенмен де кәсіпкер жергілікті өндірісшілердің патриоттық ұстанымы арқасында отандық сапалы картондық өнім түрлеріне  сұраныстың азаймайтынына сенімді.

Кәсіпкер өндірістік желілерді жаңғыртуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жаңа желі сатып алып, қалдық қағазды өңдеуге ден қоймақ. Өйткені кәсіпкерлік картон қағаздарының келісін 200 теңгеден ресейліктерден сатып алып, өндірістік қалдық картон қиындыларын кері  15 теңгеден өткізуде.  «Бұдан пайда жоқ. Одан да макулатураны өзіміз өңдеп, жаңа жұмыс орындарын ашқанымыз тиімді», — дейді Виктор Шепель.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале