Орал қаласындағы «Теннис» орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған бокстан ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Бокс бәсекесінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті, Афина олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, БҚО бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімов қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген Бақытжан Хаберұлы Ақ Жайық өңірінде бокстың қарқынды дамуда екендігін айтып өтті.
– Айтулы жарыстың Орал қаласында өтуі біз үшін маңызды. Себебі бокс қазақтың ұлттық спорты іспетті. Байрақты бәсекенің біздің өңірде ұйымдастырылуына ұйытқы болған Қазақстан бокс федерациясының басшылығына алғысымыз зор. Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміздің мерейі үстем, мәртебесі жоғары, абыройы асқақ болсын! – дей келе былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі. Ал Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Сәменбекұлы дүбірлі доданы негізгі ұйымдастырушылар облыс әкімдігі мен облыстық бокс федерациясына ризашылығын білдіріп, «Мықты боксшы жеңіске жетсін!» деген тілегін алға тартты. Сонан соң еліміздің еңбек сіңірген бапкері Қуаныш Уахасовқа «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Ал Қазақстан бокс федерациясының алғысхатымен облыс әкімі Ғ.Есқалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Есендияров, БҚО бокс федерациясының президенті Б.Кәрімов, БҚО дзюдо федерациясының президенті Р.Шайхиев сынды батысқазақстандықтар марапатталды.
Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 өңірінен 212 боксшы қатысуда. Осы чемпионат аясында ұлттық құрамаға үміткер спортшылар іріктеуден, елеп-екшеуден өтеді. Жарыстың алғашқы күні рингке көтерілген жерлесіміз Даниял Сәбит қарағандылық қарсыласы Темірлан Зағиевті айқын басымдықпен жеңді.
Алтынбек Серікқалиұлы,
zhaikpress.kz