2009-2013 жылдар туған жасөспірім биатлоншы ұл-қыздар Ақсай қаласында бас қосып, Қазақстан Республикасы кубогының ІІ кезеңінің жүлделерін сарапқа салды. Былтыр қыркүйек айында ашылған шаңғы-биатлон базасында өткен жарысқа "GRAND TOUR BIATHLON" атауы берілді. Ашылғанына көп болмаса да елішілік ірі доданы қабылдай алатын кешендегі алғашқы бәсекеге Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен өңір намысын қорғаған Бөрлі ауданының мерген шаңғышылары қатысты.
Соңғы уақытта үлкен танымалдыққа ие бола бастаған биатлон бәсекесінің ашылу салтанатына Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер спорты бөлімінің басшысы Нұрлан Қазимов, биатлоннан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жанболат Мұстафин, Қазақстан биатлоншылар Одағының Бас хатшысы Манас Үсенов, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов,«БатысМұнайҚұрылыс» сервистік компаниясының директоры, БҚО биатлон федерациясының президенті Әлібек Сәрсембаевтар және жарыстың бас төрешісі Вячеслав Морозов қатысты.
Тұралап қалған спорт түрін жаңғыртып, жас биатлоншылардың бабын келістіріп, үлкен жарыстарға дайындауды мақсат еткен бәсекенің салтанатты ашылуында облыстық спорт басқармасының басшысы Жеңіс Махамбетұлына осы спортты өңірде дамытуға үлес қосып жатқан үлесі үшін биатлоншылар одағының арнайы алғыс хаты берілді. Сондай-ақ ондай алғыс хатпен Орал қалалық спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлына және аудандық спорт бөлімінің басшысы Исатай Тастемірұлы марапатталды. Ал өңірде алғаш рет биатлон жарысының өтуіне мұрындық болған облыстық биатлон федерациясының президенті Әлібек Әнуарбекұлына республикалық биатлон федерациясы атынан арнайы статуетка табысталды.
Үш күнге созылған жарыста жас биатлоншылар спринт, жеке жарыс және эстафета бәсекелерінде бақ сынады. Қазақстан Биатлоншылар Одағының қолдауымен өткен жарыс болғандықтан қорытындысында 2008-2010 жылдары туған спортшылардың үздіктеріне 10-15 сәуір аралығында Норвегияда өтетін биатлон фестиваліне және 2024 жылдың қарашасында Словенияда өтетін IBU спорт лагеріне жолдама берілді. Сонымен қатар үздік шыққан 3-5 командаға спорттық инвентарь алуға ақшалай сертификаттар табысталды. Одан бөлек әр кезеңдегі спринт және жеке жарыс үздіктері де бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жарыстың алғашқы күні 2009-2011 жылғы және 2011-2013 жылдары туған спортшылар спринт бәсекесінің көркін қыздырды. Қорытындысында 2009-2011 жылғы ұлдар жарысында риддерлік Никита Дудченко жеңімпаз атанса, екінші орын Ақмола облысының спортшысы Руслан Ветригов, үшінші орын Шығыс Қазақстан облысының атынан шыққан Егор Немцовке бұйырды. Осы жастағы қыздар сынында ақсайлық Жанерке Тудахунова алдына жан салмай, ел кубогінің иегері атанса, ШҚО спортшысы Варвара Небогатова екінші, СҚО атынан сынға түскен Ульяна Кованова үшінші орынға табан тіреді. Ал 2011-2013 ұлдар сынында мәре сызығын бірінші болып, Ақсай қаласының спортшысы Арын Тәжібаев кессе, одан кейінгі орындарды сәйкесінше павлодарлық Вячеслав Дымовских пен ШҚО-нан келген Федор Карпачев иемденді. Бұл жастағы қыздар сынын Ақмола облысының биатлоншысы София Жигулина жеңіп алды. Екінші орын Ксения Крашкевичке, (Павлодар) үшінші орын Виктори Романцоваға (ШҚО) бұйырды.
Биатлон бәсекесінің екінші күні спортшылар 4,8 шықырымдық жеке жарыста сынға түсті. Алдымен жарыс жолына шыққан 2009-2011 жылғы қыздар бәсекесін Варвара Небогатова жеңіп алды. Ол Шығыс Қазақстан облысынан. Екінші орынға Жанерке Тудахунова табан тіреді. Жанерке Ақсай қаласынан өңір намысын қорғады. Үшінші орын Дарья Плешешниковаға бұйырды. Ол Солтүстік Қазақстан облысынан. Осы жастағы ұлдар бәсекесінің үздік нәтижесін Шығыс Қазақстан облысының биатлоншысы Никита Дудченко тіркеді. Екінші орынды павлодардық Ануар Досмағамбетов иеленсе, үшінші орынға тағы бір шығыстық спортшы Егор Немцов жайғасты. 2011-2013 жылғы қыздардың жеке жарыстағы нәтижесі төмендегідей. Палодардық Ксения Крашкевич жеңімпаз деп танылса, одан соңғы орын Эвилина Тимофееваға, үшінші орын солтүстіктен келген Регина Котвицкаяға бұйырды. Ал 2011-2013 жылғы ұлдар жарысында ақсайлық Арын Тәжібаев екі күн қатарынан жеңімпаз болса, шығыстық Федор Карпачев екінші, павлодарлық Вячеслав Дымовский үшінші орынға ие болды.
Қорытынды жарыс күні командалар біріктіріліп, эстафетада кім мықтыны анықтады. 2009-2011 жылғы ұл-қыздар эстафетасында Никита Дудченко, Дмитрий Монченок Жанерке Тудахунова және Евгения Снурицина төрттігі үздік деп танылса, 2011-2013 жылғы биатлоншылар эстафетасында Илья Кондуаров, Дмитрий Евланенков, Эвилина Тимофеева және Анастасия Соколова төрттігі жеңімпаз атанды.
Облыста спорттың осы түрі жандана бастады. Бөрлі ауданының жастарын алдымен шаңғы спортына, енді биатлонға баулып жүрген жас бапкер Ислам Сағыналиевтің еңбегі зор. Сонымен қатар облыстық биатлон федерациясының да атқарып жатқан еңбегі ұшан теңіз. Жанерке атақты Доротея Виверден асып түсіп, Арын баламыз Йеханнес Бенің жетістігін артты қалдыруына тілектеспіз.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»,
zhaikpress.kz