Кейінгі жылдары өңірімізде құрылыс индустриясының даму қарқыны бәсеңсіген емес. Экономикалық қиындыққа қарамастан, сұранысқа ие жаңа өнімдер өндіретін нысандар ашылуда. Соның нәтижесінде облыс нарығына тұрғын үй және басқа да нысандар құрылысына, яғни қабырға тұрғызуға пайдаланылатын материалдардың сан алуан шығарылып отыр. Содан да шығар, кейбір тұрғынның көкейінде «Баспананы қандай материалдан салған тиімді?» деген сұрақ туындап жатады. Соңғы кездері облыс орталығында және аудан-ауылдарда жеке тұрғын үйлер арболит блоктан тұрғызылып жатқаны байқалады. «Бұл өзі қандай материал, ондай блоктан салынған үйдің сапасы қандай болады?» деген сұрақтарға жауап іздедік.
Ақ Жайық өңірінде жаңадан қолға алынған бетон өнімдерінің бірі – арболит немесе ағаш бетон блоктары. Мамандардың айтуына қарағанда, қабырға материалдары ретінде арболит бетон экологиялық жағынан таза, жеңіл, берік, аязға және отқа төзімді қасиеттерге ие. Ең басты артықшылығы – жылу және дыбысты оқшаулайды. Жылуды сақтау жағынан арболит керамзит бетоннан 3 есе, көбік (пено) блоктан 2 есе, кірпіштен 5 есе асып түседі. Ол тіпті, мәңгілік мұз құрсауындағы Антарктиданың Молодежная стансасындағы ғимараттардың құрылысында да қолданылған деседі. Былтыр жас кәсіпкер Мирас Рамазанов осы блок өндірісінің технологиясы бойынша Орал қаласында өндіріс цехын ашты. Өткен жылдан бергі мерзім ішінде «DreamHouseconstructiongroup» ЖШС-ның конвейерінен шыққан 15 мың блок уақтылы сатылды.
Арболит бетон блок өндірісі көршілес Ресейде қатты дамыған. Қазақстанда ондай өнім осы күнге дейін тек Көкшетауда ғана өндірілді. Бауыржанның Мирасы мұндай өндіріс орнын 2019 жылы ашқысы келгенімен, қалтасының «жұқалығы» оған мұрсат бермеді. Ғаламтордан жобаға қатысты қажетті мәлімет жинақтап жүріп, кездейсоқ облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арқылы өндірісті дамытуға мемлекеттік грант берілетінін оқып білді. Ол грант қаржысын алуға бизнес жобаның жаңашылдығы болуы керек екенін түсінді. Өзінің өндірістік жобасының өңірде баламасы жоқтығын біліп, конкурсқа қатысуға өтініш берді.
– 2020 жылы «Бизнестің жол картасы - 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік гранттар» бағыты бойынша «Орал қаласында арболит блоктарын шығару» жобасы конкурстық комиссия отырысында мақұлданды. Жобаны «жандандыруға» 5 млн теңге грант қаржысы берілді. Байқауға облыс бойынша барлығы 230-дан астам жоба қатысып, конкурстық іріктеу нәтижесінде комиссия 58 жобаны мақұлдады, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілі Мейрам Қабдығалиев. М.Рамазанов грант қаржысына ағаш бетон блоктарын шығаратын құрал-жабдық сатып алды. Алдымен Көкшетауға барып, осындай өндіріс орнында болып, тәжірибе жинады. Былтыр жазда Оралда жаңа өндірістік цехты іске қосты. Цехтағы «Лига-7» жаңа желісінде тәулігіне 100-150 блок шығарылуда.
– Қарабайыр есепке салсақ, бір тұрғын үй құрылысына 1000 блок жұмсалады деп есептесек, жыл жарым уақыт ішінде шамамен 15 жер үй салуға материал шығардық деуге болады. Бізден құрылыс материалын сатып алушылардың 70-80 пайызы – ауылда тұратын азаматтар. Облыс орталығының өзінде арболит блоктарынан алты тұрғын үй салынды. Қалаға іргелес Новенький, Деркөл, Ескі әуежай, Ремзауыт аудандарының тұрғындары да үй салуға материалды бізден алды. Жақында Жазира шағынауданында бой көтеретін жеке үй құрылыстарына жергілікті өнімді сатып алғандар бар. Қаратөбе ауданының Қалдығайты ауылындағы мешіт арболит блоктан салынды. Тасқала, Жәнібек, Сырым аудандарынан да іздеп келіп, жергілікті өнімді алушылар баршылық, – деді кәсіпкер.
Кейіпкерімнің айтуынша, мысалға, ауданы 10х10 метр тұрғын үй құрылысына 800 арболит блогы (шағын үйлерге 500-600 блок) керек. Бұл өнімнің артықшылығы неде десек, ол әдеттегі кірпіштен екі есе жеңіл, қалағанда түзу болып шығады. Үйдің қалыңдығы 30 сантиметр болатын арболиттің қабырғасы 120 сантиметрлік кірпіш қабырға секілді жылуды рәсуа етпей сақтайды. Қазіргі кезде жеке үй құрылысында кеңінен пайдаланылып жүрген газ блок материалының бағасына қарағанда сәл-пәл қымбаттау. Өйткені газ блоктан салынған жаңа үйдің іргетасы жерге шөккен кезде, газ блок морт сынуы, жарылуы ықтимал. Ал арболит блогы мығым, жарылмайды әрі отқа жанбайды. Мұндай материалдан салынған баспананың ауасы кең, тымырсық болмайды.

– Әдетте күнделікті тірлікте көріп жүргеніміздей, көбік блок пен газ блоктан тұрғызылған үйлердің ауасы тымырсық болады. Ал арболит блоктан салынған үйлер жаздың қырық күн шілдесінде қоңырсалқын, қыста жылы, бірқалыпты температураны ұстайды. Сондықтан коммуналдық шығын көп болмайды. Ондай үйдің сыртын басқа материалмен қаптап әуре болмайсыз. Сонымен қатар үй-жайға құрт-құмырсқа жоламайды. Оның себебіне келсек, өнім өндіруде суды, ағаш жаңқасы мен цементті желімдеуге алюминий сульфаты деген химиялық затты пайдаланамыз. Оның адам ағзасына зияны жоқ. Қаладағы су тазалау нысандарында ауыз суды тазарту технологиясында алюминий сульфаты қолданылады. Өнім өндіруде шикізат ретінде пайдаланылатын ағаш жаңқасына тиісті талаптар қойылады. Мемлекеттік стандарттарға сәйкес жаңқаның қиқымының өлшемі әрі кеткенде 40×10×5 мм (ұзындығы, ені, қалыңдығы) болуы тиіс, – дейді Мирас Бауыржанұлы.
Кәсіпорында ағаш бетон блоктарын өндіруде ресейлік және қазақстандық цементтің бірнеше түрі қолданылады. Ағаш жаңқасын Петропавлдан, Қостанайдан алдыртады, кейде жергілікті ағашты өңдейді. Өңірдегі орман-тоғайдағы қураған, кесілген тал-теректерді жеткізу бағытында орман шаруашылығы саласының басшылығымен келісімшарт жасамақ. Алдағы уақытта серіктестік өз өнімін сыртқа шығаруды жоспарлаған.
– Мемлекеттің қолдауының арқасында өндіріс нысанын аштым. Осы цехтың арқасында біраз адамды тұрақты жұмыспен қамтудамыз. Осыған қуанамын. Қазіргі кезде мына орынды кейін сатып алу келісімімен жалға алып отырмын. Облыстық деңгейде өткен бір өндірістік көрмеде облыс әкімі Ғали Есқалиев хал-жағдайымызды сұрап, өндірісті дамытуға қандай көмек-қолдау керек екенін сұрап еді. Сонда өндірістік цехты ашу үшін қолайлы орын іздеп жүргенімізді айтқан едім. Осылайша облыс басшысының қолдауының арқасында қазіргі мекенжайға қоныстандық. Бізге көмектескен облыс басшысына, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылығына, қамқор азамат Алдияр Халеловке облыстық газет арқылы ақжарма алғысымды айтамын, – деді Бауыржанның Мирасы.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
zhaikpress.kz