20 шілдеге дейін білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 100 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Талапкерлердің басым бөлігі құжаттарын үш республикалық маңызы бар қаланың жоғары оқу орындарына тапсырып жатыр: Алматы (38 мың), Астана (20 мың) және Шымкент (6 мың), деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Сурет: pixabay.com
Талапкерлердің таңдауы ішінде ең сұранысқа ие бағыттар қатарында «Педагогикалық ғылымдар» (25 мың), «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (16 мың) және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (13 мың) қалып отыр.
Білім беру бағдарламаларының тобына келетін болсақ, ең көп өтініш «Ақпараттық технологиялар» – 11 мың. Ары қарай «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» – 5 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында «Шет тілі мұғалімдерін даярлау», оны 4 мың талапкер таңдаған.
Талапкерлердің назарына, грант конкурсына өтініштер қабылдау барлық өңір талапкерлері үшін 24 шілдеге дейін жалғасатындығын хабарлаймыз.
Құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоо-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.
Дереккөз: ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі»