Өңірлік комуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке қатысқан «Төтенше жағдайға тап болған облыс жұртшылығына ерікті түрде көрсетілетін гуманитарлық көмекті және қорларға түскен қаржылай көмекті қабылдау, сақтау және оны таратып беру жөніндегі комиссия» төрағасы Ербол Салықов комиссия жұмысы, ел ішінде туындаған түсініспеушіліктерге қатысты жауап берді.
Бүгінде аталған комиссия құрамында 25 адам бар. Олар келген көмектің есебін жүргізу мәселесіне тікелей жауапты. Осы кезге дейін комиссия бірнеше рет отырыс өткізді. Оның барысында көмекті бөлу, орналастыру, қажет етіп отырғандарға тарату алгоритмі бекітілген. Комиссияның жұмысына келген көмекті қабылдау ғана емес. Тиісті орынға жеткізу, сұрыптау және қажет етіп жатқан орындарға жеткізу, әділ бөлу жатады.
– Күні кеше гуманитарлық көмек түсіріліп жатқан жерге барған жапа шеккен халық көмек қажет екенін айтқан. Осы жерде ашығын айтайын көмекті біз бөлгенімізбен оның мұқтаж адамдарға жеткізу ісіне жергілікті жердегі комиссия жауапты. Одан бөлек эвакопункттердің қажеттілігін де ескерген жөн. Өйткені өңірдегі 20 шақты уақытша орналастыру орындарында мыңнан астам адам бар. Сондықтан осындай сын сағатта келген көмекті барлығына жететіндей етіп бөлу керек, – деді Ербол Салықов.
Ербол Ғұмарұлы өз сөзінде осы кезге дейін өңірге келген барлық гуманитарлық көмек арнайы есепке алынғанын, тіркеу ісі бір сәтке де тоқтамайтынын айтты. Сондай-ақ қаржылай көмек қабылдап жатқан «Ақжайық» қорына түскен қаржыны бөлуді де аталған комиссия мойнына алған.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz