Орал қаласындағы «AMANAT» партиясы БҚОФ ғимаратының конференция залында Жәнібек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Ғұмар Қараштың 150 жылдығын қалай ұйымдастырамыз?» деген сұрақты талқылаған дөңгелек үстел отырысы өтті. Алқалы кеңеске өңірдегі зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ғұмар Қараш 1875 жылы Жәнібек ауданының Қырқұдық ауылында дүниеге келген. Көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, сондай-ақ ол – өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер. «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін белсене атсалысқан баспасөз жанашыры. Ғұмар Қараш 1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақты құруға атсалысқан. Сондай-ақ өзі туып-өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырып, қандастарын жаңа өмірге бейімдеген.
Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов қысқа ғұмырында толайым іс бітірген тұлға Ғұмар Қараштың мерейтойын республика көлемінде атап өту мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарын жасақтаған. Оның айтуынша, бұл іске облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев те қолдау танытуда.
– Атаулы күнді кең көлемде тойлау, Ғұмар Қараш есімін республика, тіпті әлемге таныту үшін өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді білу мақсатында бас қосып отырмыз. Ғұмар Қараштың шығармашылығын насихаттау, оның әдеби мұрасы мен қоғамдық қызметін кеңінен таныстырып, қоғамдағы әділет, білім, және мәдениет мәселелеріне қатысты пікірлеріңізді талқылап, қазіргі ұрпаққа берер тағылымын зерделеу, ақынның өнегелі өмірін, ұлт үшін сіңірген еңбегін кеңінен насихаттап, оның елге, мәдениетке қосқан үлесін дәріптеу үшін жиналып отырмыз, – деп атап өтті Жаннұр Ахметов.
Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, аудан орталығында орналасқан Ғ. Қараш ескерткішіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
11 сәуір күні аудан орталығы Жәнібек ауылында дәстүрлі «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты Ғұмар оқуларының облыстық шығармашылық байқауы өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жоспарына сәйкес шілде айында Орал қаласында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек. Қыркүйек айында «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты Ғұмар оқуларының республикалық кезеңі ұйымдастырылады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық филиалына қаржы бөлініп, ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Музейге Ғ. Қараш атауы беріліп, қыркүйек айында салтанатты түрде ашылмақ.
– 2 сәуір күні аудан орталығында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілері және елдің жанашыр азаматтары бас қосып, жоспарланған шараларға қаржылай қолдау білдіретін болды. 2006 жылы Ғұмар Қараш атындағы қоғамдық қор ашылып, 2018 жылы қорға жиналған қаржының арқасында бабамыздың басында кесене бой көтерді. Қазақстанның 100 киелі орны тізіміне кіретін облыстағы алты киелі орынның бірі – Ғ. Қараш кесенесі. Алдағы уақытта қорға түскен қаражат есебінен кесене орналасқан орынды абаттандыру бойынша жоспар бар. Атап айтсақ, кесене ауласына өрнектастар төсеу, күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдар орнату, демалыс орнын салу жұмыстары жасалмақ. Сол сияқты Ғ. Қараштың өмірі мен шығармашылығы жөнінде белгілі драматургтерге спектакль жазуға тапсырыс беріп, республика көлемінде қойылым қою жұмыстары жоспарлануда. Шілде айында Астана қаласында тарихшы-өлкетанушы Жантас Сафуллиннің Ғұмар Қараш туралы ІІІ томдық кітабының тұсаукесерін өткізу де жоспарда бар. Тамыз айында Жәнібек ауданында республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Аталған ауқымды іс-шаралар легі қыркүйек айында дала қызықтарымен қорытындыланатын болады, – деді бөлім басшысы.
Дөңгелек үстелде зиялы қауым өкілдері аудан басшылары жасақтаған жұмыс жоспарымен танысып, өз ойларын ортаға салды. «Дана» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы, өлкетанушы Жантас Сафуллин жақында Астана қаласында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевпен, «Хабар» телеарнасының директоры Кемел Ойшыбае-впен кездесіп, Ғұмар Қараш есімін ұлықтау мақсатында сөйлесіп келгенін тілге тиек етті.
– Сол кездесуде Оқу-ағарту министріне Ғұмар Қараштың тәуелсіздік жолындағы атқарған еңбегі мен рухани мол мұрасы туралы айтып, оны ыңғайына қарай мектеп оқулықтарына енгізуді ұсындым. «Хабар» телеарнасы Ғұмар Қараштың өмірі, еңбегі жөнінде деректі фильм түсіруге қолдау беретін болды. Сондай-ақ осы сапарда Астана қаласындағы ұлттық музейде болып, Ғұмар Қараш бабамызға арналған іс-шараны сол музейде өткізуге рұқсат алдым. Астана қаласында Ғ. Қараш бабамыздың атындағы үлкен көшеде мектеп бар екен. Сол мектепте де республикалық деңгейде бабамызға арналған іс-шара ұйымдастырсақ, оқушылар өз көшесінің есімін иеленген бабамыздың кім екенін біліп жүрер еді, – деп сөзін сабақтаған Жантас Нәбиоллаұлы ақын өлеңдерін өзге тілдерге аударып, есімін түркітілдес елдерге танымал ету қажеттігін айтты.
Келелі кеңесте түрлі ұсыныстар ортаға салынды. ҚР Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының біздің өңірдегі өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин республикалық немесе халықаралық дәрежеде жазба ақындар мүшайрасын өткізуді ұсынса, педагогика ғылымдарының докторы, БҚИТУ профессоры Светлана Бақышева облыста жаңадан ашылып жатқан жайлы мектептердің біріне Ғұмар Қараш есімін беруді қолға алу қажеттігін айтты. «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы Ғұмар Қараш есімін жас ұрпақ санасына сіңіру бағытында жұмыстар жасалу қажеттігіне тоқталды.
– Ғұмар Қараш – қысқа ғұмырында сан салалы қызмет атқарып кеткен адам. Ол – өте өнікті жұмыс істеген тұлға. Біз бұл есімді балалар арасында көбірек насихаттауымыз керек. «Мазмұндама» қорының құрылтайшысы Шыңғыс Мұқан «Кім?» деген серия бойынша кітаптар шығаруда. Ғұмар Қарашты да балаларға ұғынықты тілмен, осы бағытта таныту керек. Абайдың 180 жылдығына орай жаңа туған сәбиге Абай, Құнанбай есімін қойғандарға ақшалай сыйлық берілетін болды. Бұл да насихат. Біз де биыл өмірге келген ұлдарға Ғұмар есімін бергендерге жомарттық танытсақ, жаман болмас еді, – деп өз ойын ортаға салған Қазбек Құттымұратұлы жергілікті қолөнершілермен бірлесіп, Ғұмар тақия тігіп шығарып, бір-біріне тарту етсе, дұрыс болар еді деген ұсынысын білдірді.
Өлкетанушы Нұрлан Сәдір кейінгі жылдары Х. Бөкеева атындағы облыстық театрда қойылған қойылымдардың 80 пайызы шикі екендігін алға тартып, «Ғұмар» қойылымының сценарийін жазуға арнайы байқау өткізіп, іріктеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол қомақты жүлдені айтыс ақындарына бергеннен гөрі, ғалымдарға, зерттеушілерге беріп, оларды ынталандыру қажет деген ойын ортаға салды.
Түрлі ой-пікір ортаға салынған жиында Ғұмар Қараш шәкіртақысын тағайындау, конференция мен оқулардың аудиториясына оқушы балалар тартылып, осы тақырыпта рилс, комикс, роликтер дайындаса деген ұсыныс та жиылғандардың назарынан тыс қалмады.
Жиынды қорытындылаған Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов әр пікірдің құнды екендігін еске салып, айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынып, жұмыс жоспары жасақталатынын айтты.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»