Мәскеуден суық хабар жетті. Атақты ғалым, филолог, көрнекті ақын, ойшыл-философ, ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың немересі Надежда Бұрханқызы Қарашева 90-ға қарар шағында өмірден өтті.
Надежда Қарашева – Ғұмар Қараштың туған немересі.
1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген.
1948 жылы Алматыда орыс орта мектебін алтын медальмен, 1953 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмамдаған.
1953-1962 жылдар аралығында Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында қызмет еткен.
Қазақ ССР Ғылым Академиясына аспирантураға түсіп, «ХХ ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы материалдар бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
1963 жылдан осы уақытқа дейін Мәскеу қаласында тұрды.
Ресей Білім академиясының филологиялық орталығында ғылыми хатшы қызметін атқарды.
Тіл мәселелері, тілді оқыту әдістемелері тақырыптарында жарияланған 120-дан аса еңбектің авторы. Екі қызы, бір жиені бар.
Облыстық «Орал өңірі» газетіне шыққан Жантас Сафуллинмен сұхбатында Н.Қарашева атасы туралы зерттеуге қатысты былайша пікір білдірген:
«Ақын, ойшыл, публицист және қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың туған немересі ретінде мен атамның мұрасын орыс тілінде таныстыру үшін 2011 жылы шағын кітап дайындап шығардым. («Гумар Карашев. Литературно-биографический очерк». - Алматы, 2011., - 81 с.). Мұнда ақынның өмірбаяны, өлеңдері мен прозалық шығармалары, пәлсапалық тұжырымдары, мақалалары, фольклорлық шығармалары топтастырылды. Бұл – қысқа да болса ақын өмірі мен шығармашылығы жөнінде орыс тілінде жинақталған тұңғыш еңбек. Ол Ғ.Қараш еңбектерін орыс тіліне, әлемнің басқа да тілдеріне аударып, әлемдік мәдениет мұрасына қосудың басы болса игі еді.
Бүгінде Ғұмардың мұрасы толық зерттелді деуге болмайтын шығар. Себебі бірталай жыл аты аталмай, шығармалары жарияланбай жүргенде, әрине, қазақтың көбі оны ұмыта бастады. Тек қазір көзқарас өзгергеннен кейін шығармалары жарық көре бастады. Солардың ішінде өзім білетін және маңыздылары – Ысмайыловтың атамның «Құқық пікірлері» тақырыбында қорғаған диссертациясы, Бақтылы Боранбаеваның «Ғұмар Қараштың өмірі мен саяси қызметі» тақырыбындағы диссертациясы. Ал Қабиболла Сыдиықовтың «Замана» деген атаумен атамның бірнеше өлеңдер жинағын топтастырып шығаруы өте қуанышты болды. Бұл – расында тұңғыш тұшымды еңбек. Жақында ғана «Қазақстан» атауымен шығарылған кітап та құнды деп есептеймін. «Айқап» журналын зерттеп жүрген кезден-ақ баспасөз тарихында «Қазақстан» газетінің рөлі зор екенін білетінмін. Атам осы газетті шығаруды ұйымдастырумен қатар көптеген ой-пікірлері мен өлеңдерін жариялағаны белгілі. Газеттің атауын «Қазақстан» деп қою бастамасы да атамның идеясы. Сол себепті осы газеттің толық жинақ түрінде шығуына өте қуаныштымын. Шетелде болғандықтан, Қазақстандағы басқа зерттеу жұмыстарынан хабарсызбын.
Жолдасымның қызметіне байланысты әр түрлі шығыс елдерінде болдым. Соның ішінде Пәкістан, Малайзия, Бирма, Йемен секілді елдерде болғанда кітапханаларды көп аралайтынмын. Сонда атам туралы кейбір шығыс тілдерінде жарық көрген бір-екі кітапты таптым. Әрине, бұл өте аз. Солай болса да, осы тапқаныма қатты қуандым. Атамыздың мұрасын барлап қарау арқылы ол кісінің ой-пікірі өте кең екендігін бәріміз көрдік. Сол қиын кезде оның шығармаларында көптеген өзекті мәселе көтерілген. Оның ішінде оқу, тәрбие, мәдениет, жұмыс істеу, отырықшылық, дін жолы, құқық заңдары, тіл, ана тіл және ана тілде мектеп ашу, тағы да басқалары бар. Ғұмар Қараштың мұрасын зерттеушілерге жұмыс көп деп ойлаймын. Зерттеу, әрине, керек. Ғұмар Қарашты танытуда бір кемшін тұс бар. Ол – барлық зерттеу жұмыстарының қазақ тілінде жарық көруі. Тек Мағауиннің Ленинградта бастырған «Поэты Казахстана» жинағы ғана орысша шықты. Өзім дін тақырыбымен таныспын, орыс және қазақ тілдерін, жазба арабшаны да қажетті деңгейде білгендіктен, атам туралы кітап шығаруды жоспарладым. Осыған байланысты былтыр орыс тілінде «Ғұмар Қарашев» деген атаумен шағын кітап жарыққа шықты. Онда атамның өмірбаяны және кейбір шығармаларының мазмұны қамтылған. Мүмкіндігінше кейбір өлеңдерін орысшаға аудардым. Бұл менің атамның алдындағы парызым деп есептеймін».
Надежда Қарашеваның есімі батысқазақстандықтардың жадында мәңгі сақталады.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер