Ұлттық құрама дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) Париж Олимпиадасында серб Страхиня Бунчичті жығып, қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Фото: gov.kz
Бұл қазақ дзюдосы тарихындағы триумф! Парижде алғаш рет олимпия ойындарында біздің команда 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Кеше Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазаққа айналды.
Осыған дейін Парижде Ғұсман жеңген палуандар:
Давид Гарсия Торне (Испания) - Еуропа чемпионы;
Ан Ба Уль (Оңтүстік Корея) - Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, 2 дүркін қола жүлдегері, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы;
Валид Хяр (Франция) - әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023 жыл), Еуропа чемпионы;
Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев - әлем чемпионатының күміс жүлдегері (60 кг, 2021 жыл), Азия чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері. Бұл оның алғашқы Олимпиадасы.