3.10.2023, 11:30
Оқылды: 57

Ғылым тереңіне бойлаған

Ғұмырымның саналы жылдарында журналистикада еңбек етумен бірге мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге азды-көпті үлес қосқанымыз бар. Әсіресе, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының басшылығында болған кезде қоғамдық-саяси шаралардың бел ортасында жүрдік. Зиялы қауым өкілдерімен, ғылыми интеллигенция адамдарымен бірге еңбек ұжымдарында болу, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу көп олжа сыйлады. Осындай игі ниетте танысып-сыйласқан азаматтардың бірі – Халел Хаймуллаұлы Құсаинов. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Еуразия экономикалық академиясының және Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының толыққанды мүшесі.

df7dce4c-539c-4c65-b2c7-e6ff590ebbb1

Қашан көрсең де байсалды қалпынан ауыт­қымайтын, өзін-өзі жарнамалаудан аулақ кейіпкеріміз өмірге деген терең көзқарасымен, егемен еліміздің жарқын келешегіне тұрақты ұстанымымен облыс жұртшылығының құрметіне бөленді. Ғалым әрі ұстаз, парасатты азамат Құсаиновпен бірнеше мәрте іссапарда бірге болып, әңгімелескенде өмір соқпақтарынан сүрінбей өтіп, кемелденгеніне көзім жетті.

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Покатиловка ауылдық округіне қарасты Қоян деп аталатын шағын ауылда туып-өскен ол балалық шағын тебірене еске алады. Орал өзеніне құятын арнасы суға толы Барбастау өзенінің жағасындағы мекен. Табиғаты жанды баурайтын қоныста бастауыш мектепте тамаша мұғалім Әмір Тікішевтен дәріс алды. Бір шаңырақта Құсаиновтер әулетінен өрбіген ағайынды үш жігіт – Сапаның, Кәкімнің, Хаймулланың балалары тату-тәтті өрбіді. Сапа Ұлы Отан соғысының майданынан оралмай сүйегі жат жерде қалды, Кәкім мен Хаймулла бас-аяғы екі айда бірінен соң бірі мәңгілік сапарға аттанды. Сонда жігі ажырамаған үш отбасының ауыртпалығы балалардың үлкені Халелге түсті.

Ұжымшар тірлігіне білек сыбана араласып, тиянақты іс-қимылымен алғы саптан көрінген әкелер мен аналары Жұмақыз, Мәрзия және Ағайдар қаршадай Халелдің бойынан тілалғыштықты, жақсы істі меңгеруге құмарлықты байқап, үлкен жолға шыңдады. Бұл болса техника мен жабдықтарды жөндеуге қатысты, жазғы каникулда егін орағы кезінде комбайн штурваліне отырды, мал азығын дайындауда қабақ шытпастан жүктелген шаруаны мінсіз атқарды.

Әлі есінде, орта мектепті тәмамдаған соң бір топ сыныптасымен бірге Волгоград облысындағы Камышинск әскери училищесіне оқуға талап қылғаны. Алғыр, ескерімді жігіт мұндағы жағдайды көзбен көрген соң көп ойланбай, Орал қаласына келіп, ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне құжат тапсырады. Еліміздің батыс аймағында ауыл шаруашылығына кадрлар даярлаудың ұстаханасына айналған жоғары оқу орны осылайша Құсаинов тағдырына үлкен бетбұрыс жасайды.

1971 жылы бірінші курсқа қабылданған елу жігіт пен қыз алғашқы жиналыста екі топқа тең бөлінеді. Сонда Халел Хаймуллаұлы бірінші топта бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланыпты. Оқытушылардың негізгі дені – өзге ұлт өкілдері, сабақ бірыңғай орыс тілінде жүргізіледі. Әр қиырдан білімге деген зор құштарлықпен жиналған өрімдей жастар қатардан қалмау, басқалардан кем болмау ниетін бойға ұялатып, сабаққа да үлгеріп, әртүрлі қоғамдық-саяси шараларда белсенділік көрсетті. Институт бойынша 1974-1975 оқу жылының қорытындысын шығарғанда №151 топ жеңімпаз деп танылып, Кеңес одағының астанасы – Мәскеу қаласында Ұлы Октябрь революциясы күніне арналған әскери парадты тамашалау құрметіне ие болды. Кейін агрономия факультетін үздік тәмамдап, қызыл дипломға ие болған сегіз студенттің бірі Халел Құсаинов еді.

Жас маман жолдамамен Орал нормативті-зерттеу стансасының жер өңдеу бөлімшесінде екі жылдай агроном болып жұмыс істейді. Өндірісте тікелей жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келе жатыр еді, тәлім берген институт басшылығы қайтадан өзіне шақырып, жоғары оқу орнында комсомол комитетінің хатшылығына ұсынды. Ол кезде аталған қызметтің мәртебесі аудандық комитеттің бірінші хатшысымен бірдей деңгейде еді. Қоғамшыл, іскер жігіт көп ұзамай Орал облыстық комсомол комитетінің аппаратына бөлім меңгерушісі қызметіне шақырылды. Бәрі жақсы – үлкен қалада бір бөлмелі пәтері, саяжайы, астында жеңіл көлігі бар. Үнемі жастар арасында жүрудің өзі ой-санаңды сергітетіні де рас, ол кезеңде Одақ бойынша үстемдік ететін Коммунистік партияның аудандық, қалалық, облыстық құрылымдарына аппаратта қызмет етуге комсомолдың іскер жетекшілері шақырылатын еді ғой.

Құсаинов бұл мүмкіндіктерді білді де. Дегенмен балғын шақтан бойында орнығып, бірте-бірте бекіген ғылымға құштарлық сезімі оны ғылым жолына алып келді. Ұстаздары мен жанашыр азаматтардың қолдау-қамқорлығы нәтижесін беріп, институтта өсімдік шаруашылығы кафедрасында ассистент қызметін атқарды. Жолдамамен Киев қаласында Украина ауыл шаруашылығы академиясының аспирантурасында оқыды.

Халел бір әңгімесінде туған ауылы – Покатиловка ауы­лынан тұрғылықты халық «мама» деп атап кеткен Мәрзияның (әкесінің ағасы Кәкімнің зайыбы) қиырдағы Киевке арнайы келіп, ғылыми кеңесте ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғауына қатысқанын тебірене айтып еді. Жарықтық сонда аспирант негрлерді көріп, шошығаннан «Бисміллә, шайтан» депті. Олар болса сонау Қазақстаннан келген қарт анаға ризашылығын білдіріп, қолын алған екен, бұл болса батасын беріпті.

Қазіргі күнде Ташкент қаласында тұратын көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахматулла Эргашев өзімен аспирантурада бірге оқыған Халел Хаймуллаұлының мәдениеттілігін, өн бойындағы қарапайымдылықты, адамдармен тіл табысу шеберлігін сүйсіне айтады. Иә, жетпіс жастың биігіне шыққалы тұрған кейіпкеріміз қандай ортада жүрсе де, осы қалпын сақтай білді. Ол ғылым кандидаты дәрежесімен елге оралып, өзі білім алған Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында аға оқытушы, доцент, агрономия факультетінің деканы, тәрбие ісі жөніндегі проректор қызметтерін қапысыз атқарды. Арада біршама жыл өткен соң үйреншікті Киев қаласында экономика ғылымдарының докторлығына диссертация қорғады.

Құсаиновтың соңғы ширек ғасырдағы еңбек жолы Ақтөбе облысымен тікелей байланысты. 1983-1986 жылдары Киев қаласында аспирантурада оқып жүрген кезінде танысып, араласқан көрнекті ғалым Кенжеғали Кенжебаев оны Ақтөбеге бірге қызмет етуге шақырады. Ақтөбе педагогикалық институты ірілендіріліп, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті болып қайта құрылған кезең. Ректор К. Кенжебаев облыс әкімдігінің және республикалық министрліктің қолдауымен жаңа оқу орнын іскер, жаңашыл кадрлармен нығайтуды батыл қолға алады. Осы ниетпен бұрыннан сыралғы досы Халел Хаймуллаұлына университеттің әлеуметтік-экономикалық және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры қызметін ұсынады. Мұнымен шектелмей экономика факультетінде басқару және кәсіпкерлік кафедрасында профессор болуды мақұл көрді.

Әрине, өзге өңірден осындай мәртебелі орынтаққа ие болғалы тұрған азаматқа күмәнмен қараушылар аз болған жоқ. Ойлау көкжиегі кең ғалым жауапкершілікті түсініп, алғашқы күндерден-ақ міндетті ісіне құлшына кірісті. Жүктелген маңызды шаруаның бірі – оқу орнына есімі берілген Алаш қайраткері Құдайберген Жұбановқа университеттің басты ғимараты ауласында ескерткіш мүсінін орнату еді. Күз айлары, табиғаттың мінезі жиі құбылып тұр. Жұмысты күндіз-түні үзіліссіз жүргізу ұйғарылды. Жаңа проректор жедел шешім қабылдап, ескерткіш орнатылар аумақтың ендіктері мен бойлықтарын есептеп, шатыр тігуді ұсынды. Ұсыныс қабылданып, шатыр қабырғасының ішкі жағына электр жылытқыштары қойылады. Халелдің өзі ешқайда кетпей жұмысшылардың басы-қасында жүреді, тіпті түнеген күндері де болды. Сонау балаң күндерде әкелері Кәкім мен Хаймулланың қасында далалық қоста болғаны, студенттік команда құрамында егіс алқабында жұмыс істеп, істен шыққан техниканы жөндеуге тікелей қатысқаны пайдасын тигізді. Сөйтіп, әйгілі тұлға ескерткіші белгіленген күнде сән-салтанатымен ашылды.

Айта берсе, Құсаиновтың іскерлігін, адами қасиеттерін айғақтайтын мысалдар жетерлік. Экономика факультетінің жаңа ғимаратында студенттер үшін парталардың жеткіліксіздігі байқалғанда Ресейден оңтайлы бағамен жаңа жиһаздар сатып алып, жеткізуді ұйымдастырған да – Халел. Экология кафедрасының доценті Ақылжан Телеуов проректордың ұйымдастыруымен студенттер үшін далалық практиканы оқу орнының қабырғасынан тыс аумақта – ашық аспан астындағы шатырларда өткізу ұйымдастырылғанын сүйсіне айтты. «Тіпті өзі нақты жағдайды көру үшін арнайы келіп, ақыл-кеңес беріп, бізді жігерлендірді» деді. Студенттердің тұрмыстық жағдайларын назарға алып, жақсартуға көмек берген.

Кейіпкеріміз батыс аймақтағы ең ірі Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде тоғыз жыл лауазымды қызметтер атқарып, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін көрсетті, игілікті шаруалардың басы-қасында болды. Бұдан соң Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредиттеу орталығына екі жыл басшылық етіп, Ақтөбеге қайта оралды. Енді оны жұртшылық С. Бәйішев атындағы университеттің ректоры орынтағынан көрді. Жан-жақты білімдар азамат жаңа қызметте де сыпайы мінездің, сергек көзқарастың үлгісін танытты. Парасат иесімен тікелей әріптестікте болған доцент Меруерт Аманғазиева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Ақылбек Сахиев, облыстық индус­триялық-инновациялық даму басқармасының қызметкері Нұрсұлтан Досекешов және басқалары ректордың жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесін мақтанышпен әңгімелейді.

Халел Хаймуллаұлы – өзінің терең білімін, қажыр-қайратын жеткіншек ұрпақ тәрбиесіне арнап, өзіндік сара жолын қалыптастырған азамат. Ол негізгі қызметін адал атқарды, сонымен бірге облыстағы қоғамдық-саяси шараларға белсене араласты.

2012, 2015, 2016 және 2019 жылдарда ҚР Президентінің және Парламент пен мәслихат сайлауларында маңызды науқанның әділ өткізілуін бақылайтын республикалық қоғамдық штабтың облыстық филиалына басшылық етті, облыстық ақпарат-насихат тобының және ақпарат тобының мүшесі ретінде көптеген игі мәселені көтергеніне куә болдық.

С. Бәйішев университетінің кемелденуіне айтарлықтай үлес қосқан ғалымның қайтадан Қ. Жұбанов атындағы жоғары оқу орнына оралуын зиялы қауым өкілдері орынды қадам деп бағалады. Бұл жолы ғылым және инновация басқармасына жетекшілік етті, экономика және құқық институтында директор болды, ректор аппаратын басқарды. Бүркіттің қияға қанат қаққан сайын сілкініп, күш жинайтыны тәрізді Құсаинов та барынша белсенді қимылын еш бәсеңдеткен емес. Сонысымен де еңбек ұжымында үлкен-кішінің құрметіне бөленді.

Ғылым тереңіне бойлаған замандас туралы сөз еткенде қасындағы қосағын ауызға алмау әбестік болар. Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде оқи жүріп, экономика факультетінің студенті, ақылына көркі сай Лариса Ислямқызымен танысады. Бірін-бірі ұғысқан екі жас шаңырақ көтергелі де елу жылға жуықтапты. Қайда жүрсе де, азаматының ажарына қылау түсірмей барлық жағдайын жасаған Лариса да ғылым жолын қалап, діттеген мақсатына жетті: экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті жанында Мемлекеттік басқару академиясында кафедра меңгерушісі, қауымдастырылған профессор. Жалпы Құсаиновтар шаңырағын ғалымдар ұясы деген дұрыс болар. Ұлы Ғайса – медицина ғылымдарының кандидаты, Астана қаласында емханалардың біріне басшылық етеді. Қызы Майра – заң ғылымдарының кандидаты. Осы қарындасымыздың ақ көңілімен айтқан: «Ата-анамыздың үйінде шұрайлы дастарқан жанында бас қоса қалсақ, өзімізді диссертациялық кеңес отырысына жиналғандай сезінеміз» деген әңгімесі қисынға келеді. Дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі – ерлі-зайыпты Халел мен Ларисаның немерелері де шетелдің танымал оқу орындарында дәріс алып, білім сапарын сәтті жалғастыруда.

Халел Құсаиновтың ұзақ жылғы адал еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, төсбелгілермен, алғысхаттармен марапатталды, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының құрметті азаматы атағының иегері. 300-ден астам ғылыми еңбектің, бес монография мен алты оқу құралының, бірнеше жарияланым мен авторлық куәліктің авторы Халел Хаймуллаұлы өзінің 70 жасына осылай ажарлы, базарлы күйінде жетті. Алла көп көрмесін!

Жанғабыл Қабақбаев,

Қазақстанның құрметті журналисі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале