Ғұмырын ғылым жолына арнаса да, егемендіктің елең-алаңында ел мүддесі үшін күресе білген, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің академиялық профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Мұрат Дүйсеновтің саяси сауаты мен қайраткерлік қарымы еріксіз таңғалдырады.
Кеңес Одағы ыдырайтын аумалы-төкпелі кезеңде ел тағдырына сергек қарап, қазақ халқының мүддесін қорғауға бар күш-жігерін жұмсады. Көпшілік коммунизм елесінің күйреп түскеніне илана алмай, азаттықтың ала таңында абдырап, еңсесі шөгіп, есеңгіреп жүргенде «Одақтық орталық қарапайым халыққа 70 жыл бойы әдемі ертегілер айтып келді. Ол ертегілердің аты коммунизм еді. Осы жылдар барысында біз сол жер жұмағының табалдырғына да жақындай алмадық. Әдемі ертегінің әуезіне елітіп, әне-міне деп жүргенде қалай қайыршыға айналғанымызды да аңдамай қалдық», – деген ғалым өтпелі кезеңде өткір пайымдарын ашық жазып жатты.
Мұрат Сенғалиұлы 1934 жылы Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылында дүниеге келген. 1942 жылы соғысқа аттанған әкесі Сенғали Дүйсенов майдан даласынан оралмаған. Қарапайым еңбек адамы әскерге аттанар алдында асыл жары Мәдина мен ұлын оңаша шақырып алып, «Балам, сен – Уақ руынан шыққан Бармақ батырдың жетінші ұрпағысың» деп нығырлап айтқан екен. Әкесінің соңғы сөзі тасқа түскен хаттай өмір бойы жадында жаңғырып жүреді. Батырдың ұрпағы екені ақиқат екенін тектілік феномені дәлелдейді. Бұл әулеттен бірнеше адам қолына қару алып, кеудесін оққа төсеген. Сенғалидің аға-інісі Елеу мен Бақтыгерей Дүйсеновтер де қан қасап соғыста қаза тапқан.
«Адам болар бала алысқа қарайды» деген тәмсіл бар. Ауыл мектебінің орыс сыныбын тәмамдаған бозбаланы алдағы арман асуы ынтық қылды ма, облыс орталығы Оралға, Алатау баурайындағы ару Алматыға да аялдамай, бірден Мәскеу қаласына жол тартыпты. Қазақстанның екі қаласын жолай жүріп қана көрген 18 жастағы талапкер 1952 жылы алып шаһарда аты дүрілдеп тұрған М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеттің (ММУ) философия факультетіне түседі. Пәлсапа тұңғиығын таңдау ну жыныс орманға көзсіз сүңгіп кетумен бірдей ғой. Университетте кеңестік философ-ғалымдар В. Асмус, Ф. Константинов, Т. Ойзерман, А. Леонтьев, Г. Глезерман, М. Овсянников, И. Щипанов, Ш. Мамедов, А. Косичев дәріс берді.
Суаттан бас алмаған жылқыдай алаңсыз оқу-тоқуға зейін қойған алғыр студент 1957 жылы Мәскеу университетін абыроймен тәмамдаған соң, Қазақ ССР Ғылым академиясының философия және право институтының кіші ғылыми қызметкері болды. 1960 жылы қайтадан Мәскеуге бет алып, М. Ломоносов атындағы мемлекеттік универсиеттің аспирантурасына түсіп, 1963 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Қазақстанға оралған ғалым бұрынғы Алматы педагогикалық шет тілдері институты, қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде табан аудармастан еңбек етті. Оқу ордасында қайнап жатқан педагогикалық қызметтің барлық сатысынан өтті. Университеттегі философия кафедрасының негізін қалауға үлес қосып, осы кафедраға 16 жыл бойы жетекшілік етті. Ғылым алқабында құлашты кеңге сермеген университеттік құрылым кейін философиялық-әлеуметтік ғылымдар кафедрасы болып қайта жасақталды.
Ғылымның қара нары пәлсапаны қазақша оқытудың ғылыми-теориялық негізін қалыптастырды. Доценттің шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүргенін саралап айтып отыру артық болар. 2005 жылы Алматыда ғалымның 70 жас мерейтойы аталып өткенде «Оның адамгершілігіне, азаматтығына, кісілігіне, кішілігіне тәнті болдым, өзгеге өнеге тұтып, өзіме мақтан етемін. Ол партбюро хатшысы немесе оның мүшесі, кафедра меңгерушісі ретінде әріптестерімен әрдайым бірегей қарым-қатынаста болды, кәсіби білімдарлығын көрсете білді, әкімшілік принципке бас ұрмай, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, өзіне тән принципалдығымен объективті түрде шешім табатын» деп ізгі қасиетіне тәнті екенін атап өткен екен университет профессоры Меңдеш Есқалиев.
ММУ-дың студенттік кезеңінен бермен біте қайнасқан дос-жараны – академик, экономика ғылымдарының докторы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Қошанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Аманжолов, ҚР мемлекеттік Елтаңбасы мен «Тәуелсіздік монументінің» авторы, күллі қазаққа танымал сәулетші Шота Уәлихановпен тонның ішкі бауындай аралас-құралас болып жүреді. «Қазақстаннан келген студенттер, оқып жүрген жоғары оқу орындарымыздың түрлі екеніне және оқып жатқан мамандықтарымыздың сан қырлы болғанына қарамай, бірге жүретінбіз. «Қазақ халқы әлі ұлы халық болады» дегенді алғаш рет мен осы Шотадан естідім», – дейді арадан қыл өтпес достықты тілге тиек еткен Мұрат Дүйсенов. Ғылым жолында білім-білігін арттыру мақсатында Мәскеу және Ленинград қалаларында он жылдан астам уақытын өткізген ғалым Кеңестік одақ кезеңіндегі саяси жүйенің қалтарыс-бұлтарысын ой елегінен өткізе білді.
Ондаған жыл бойы орыс тілінде білім алып, орыс тілінде дәріс оқыса да, оның санасы орыстанбады. Әйтпесе, Тәуелсіздігімізді жариялағалы бері бір ауыз қазақша сауатты сөйлеп үйренуге құлқы жоқ интеллигент мәңгүрттер бар екенін бәріміз бес саусақтай білеміз. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат мұхиттай терең білімі мен сарабдал талантын қарақан басын күйттеуге арнамады. Ол кеңестік идеологияның сыздауық жараға айналып бара жатқанын анық аңғарды.
Профессор М. Дүйсенов – бірнеше монография мен оқулықтардың және жүздеген ғылыми мақаланың авторы. Ең елеулісінің бірі – 1972 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан көрнекті заңгер-ғалым, академик Ғайрат Сапарғалиевпен бірігіп жазған «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы әлеуметтік ой» атты монографиясы 1300 дана таралыммен орыс тілінде жарық көргені. Бұл кітап кеңестік жүйені дүр сілкіндіріп, Қазақстан компартиясы орталық комитеті «Ғылым» баспасын қыспаққа алды. Кітаптың су жаңа даналары дүңгіршектерден қайтарылып, сауда сөрелерінен алынып тасталды.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Нұргүл Жанақова «Қудалауға түскен кітап» атты еңбегінде осы оқиғаны баян еткен. «Аталған кітаптың «ХХ жүзжылдық басындағы алдыңғы қатарлы қазақ ойшылдарының әлеуметтік ойлары» деп аталатын екінші тарауын жазған М. Дүйсеновтің өз зерттеуінде қазақ тілінде шыққан «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті жарияланымдарын пайдаланған сол кездегі озық ойлы ұлт зиялылары қатарында Алаш қайраткері, демократ, ағартушы-ақын Ғұмар Қараш туралы білдірген батыл пайымдаулары да күмән туғызған шығар. Өз тарауының бірнеше тұсында ғалым осы күрескер ақынның әлеуметтік ойларын кеңінен талдап, жоғары баға береді. Кеңестік идеологияның үлкен күш алып, ұлт мәселесін уысында ұстаған тұсында мүлдем ұмыт қалған, халық санасынан өше бастаған нағыз ұлтшыл тұлға, қайраткер ақын Ғ. Қараш туралы сөз қозғаудың өзіне үлкен батылдық та, батырлық та керек еді» деген ой қорытады Нұргүл Жанақова.
Саясат салқыны кітап авторларының қызметіне кесірін тигізді. Бірақ уақыт – әділ төреші, «дүние – үлкен көл, замана – соққан жел» екені анық. Сол кезеңде институт директоры лауазымынан шеттетілген заңгер Ғайрат Сапарғалиев отыз жыл өткенде тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясын жазуға атсалысты. Кеңес Одағы күйреп жатқан кезеңде «Союз: обновляем старый или создаем новый?!» (1991), «Золотая цепь и на дубо этом» (1991), «Алтын баулы шынжырмен тағы кісенделеміз бе?» (1991), «Договор без указания срока действия – не договор» (1991), «На референдуме я скажу – Нет!» (1991) деген тақырыптар бойынша проблемалық мақалалар жазды. Тоқсаныншы жылдардың басында қоғам қыл көпірден өткендей күй кешіп жатыр еді. Сондықтан елге белгілі тұлғалардың көбі жұмған аузын ашпай, замана беталысын үнсіз бақылап отырғанды жөн көрді. Одақтық республикалардың ыдырап, күлдей күйрейтінін тамыршыдай тап басқан Мұрат Дүйсенов КСРО Халық депутаттарының сиездеріне дағдарыстан шығудың жолын көрсетіп, екі мәрте хат жолдайды.
«Бірінші ұсынысын сиез депутаты Олжас Сүлейменов арқылы, ал екінші ұсынысын сол сиездің депутаты Мұхтар Шаханов арқылы жібереді. Басты ұсынысы – Кеңес мемлекеті тоталитарлық, антидемократиялық мемлекет болғанын, енді еліміз прогрессивті даму жолына түсу үшін оны конфедеративті, демократиялық мемлекетке айналдыру қажеттілігін батыл айтуы. Орталық бұл ұсыныстарға өзге республикалардан келіп түсіп жатқан ұсыныстар сияқты мән бермеді. Орталықтың басты мақсаты – жаңа келісімшарт жасау арқылы әкімшіл-әміршіл мемлекетті сақтау болатын. Осы кезде Мұрат Сенғалиұлы газет-журналдарда көптеген мақалалар жазып, белсенділік танытады» деген дерек келтіреді философия ғылымдарының докторы, профессор З. Айдарбеков мақаласында.
1989 жылы 9 қараша күні «Размышление и предложения, вызванные изучением платформы КПСС «Национальная политика партии в современных условиях» атты ұсыныс хатында одақ көлемінде қалыптасқан этникалық қайшылық пен саяси дағдарыстар себебін ашып көрсетеді. Ол алдымен қазақ жеріне бөгде жұрттың еріксіз түрде көптеп құйылуы ұлтаралық қатынасты ушықтырғанын жазады. «В самом деле, массовая необоснованная, стихийная миграция из центра в национальные республики, не вызванная нехваткой земель и тому подобными катастрофическими явлениями в государстве, а лишь только желанием части русского населения во что бы стало лучше других жить, возможно были и другие нам не известные причины, усиленно продалжалась в течение послевоенных двух-трех десятилетий» деп орыс тілді қауымның байырғы халықтарға үстем көзқараспен қарайтынын батырып айтады.
Прибалтика елдеріндегі жаппай наразылықтың түп төркінін де экономикалық, әлеуметтік түйіндердің шиеленісуінен екенін меңзеп өтеді. Коммунизм шыңына жетелейтін «онжылдық жоспарларды» ұсынған Хрущевтің усойқы саясатын сынай келе, қазақ жеріндегі ядролық сынақтардың орасан зияны байырғы ұлтқа есепсіз қасірет шектіргенін атап өтті. Автор әлеуметтік ортада шовинистік көзқарас салдарынан тұрмыстық шиеленіс, бұзақылық жаппай етек жайып бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Партия тұғырнамасында құрдымға бара жатқан қазақ тілінің заңдық негізде күшеюі қарастырылуы керек екенін, елді мекендер мен байырғы жер-су аты қолдан жойылып, топонимика тоқырап, орыстандыру саясатының ызғары есіп тұрғанын жасырмады. Ғалым іштен іріген жүйенің сыздауық жарасын тап басып, жаңа мақалалары арқылы кеңестік солақай саясатты ашық айыптауларды жалғастырды, КСРО Жоғарғы Кеңесі мен одақтық республикалардың жоғары кеңестері талқылап жатқан жаңа одақтық шартты сынға алды.
«Жаңа одақтық шарттың жобасында 1922 жылғы КСРО-ны құру жөніндегі ескі шарттың басты идеялары мен негізгі қағидалары қайталанып тұр. Ескі шарттың баптарының неге әкеліп соқтырғаны баршамызға белгілі ғой. Біздің одақтық мемлекетіміз адамзат тарихындағы ең бір парықсыз патшалыққа айналуының басты айыпкері осы 1922 жылғы шарт еді. Осылардың нәтижелерінде орталық пен одақтас республикалардың арақатынасы қалыптасты. Орталық біртіндеп құдіретке айналды, ал республикалар тәуелді қолбалалар күйін кешті. Жаңа одақтық шарттың жобасында тарихтың осындай тағылымдары мүлдем ескерілмей, соңғы жылдары республикалардың егемендігі жарияланғандығы да еленбей, елдегі барлық өкімет билігін тағы да одақтық орталыққа беру көзделіп отыр» деген өткір леппен саяси бағаны батыл айтқан азаматтың жан айқайы бұғаулы жанартау күркірі іспетес еді.
Философ-ғалым, әлеуметтаншуы М. Дүйсеновтің ғылыми мақалалары 2006 жылы жарық көрген «Тәуелсіздіктің таңы атары алдында» кітабында басылған. Бірақ өліара кезеңде айтқан сыни көзқарастары мен саяси талдаулары, ғылыми тұжырымдары терең зерттеуді қажет етеді. Орел-Белград шайқасында қаза тапқан майдангер Сенғалидің тұяғы Мұрат Дүйсенов ғылым адамынан ұлт зиялысына айнала білді. Профессор әріптесі Майсарамен отау тігіп, екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Ақсақал қазіргі уақытта Алматыда тұрады. Анасы Мәдина Дүйсенова туған ауылында тұрып, 97 жасқа толған шағында дүниеден озды. Ғылым жолына түскен ұлының тілеуін ғұмыр бойы тілеп өткені сөзсіз. Алып империя ардақты азаматтың санасын отарлай алмағанын айттық. Кеңестік жүйе келмеске кетер алдында көз байланып, күдік күшейіп, қатер сейілмей тұрған шақта Орталық ұсынған құжаттарды талдап, демократиялық қағидатқа сүйенуді талап етуі жүрекжұтқандық және жанкештілік емей немене?! Сондықтан ғалым еңбегін ғылым жолымен ұштасқан саяси күрескерлік деп нақты баға беруге толық негіз бар. Ақ Жайық өңірі түлегінің азаматтық қайраткерлігін көзіқарақты оқырман біле жүргені абзал.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz