4.03.2026, 15:00
Оқылды: 67

Ғылымдағы жемісті еңбек пен нәтижелі жетістік

Ғалым Балуаш Траисовтың есімі тек қана Ақ Жайық жұртшылығына ғана емес, республикамыз бен алыс-жақын шет мемлекеттерге кеңінен танымал. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым және Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі Балуаш Бақышұлы – қой өсіру және селекция саласындағы көрнекті ғалымдардың бірі әрі бірегейі.

WhatsApp Image 2026-03-04 at 15.34.57

Осы жоғары оқу орнының қабырғасында білім алып, еңбек жолын өрбітіп, кейін ғұмырын ғылымға арнаған ғалым-ұстаз университетте көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Аға ғылыми қызметкерден бастап ғылыми жұмыстар мен халықаралық байланыстар проректоры дәрежесіне дейін жоғарылаған Балуаш Бақышұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де етене айналысты. Соның ішінде ежелден қазақ халқының күнкөрісіне айналған қой шаруашылығын дамыту,  еліміздің ауыл шаруашылығы саласын өркендету бағытында көптеген игі істер атқарды. Атап айтқанда, көрнекті ғалым В.Бальмонт және К.Медеубеков секілді ғалымдардың кроссбредті қой шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыстарын сәтті жалғастырды десек те болады. Көпжылғы еселі еңбектің нәтижесінде Ақжайық етті-жүнді кроссбред қойының жаңа тұқымы шығарылып бекітілді. Бұл – еліміздің ауыл шаруашылығы ғылымы саласындағы ірі селекциялық жетістік еді. Профессор Б.Траисов – жаңа қой тұқымының авторы болып табылады. Сонымен қатар ғалым осы қой тұқымының бір зауыттық етті типі мен үш аталық іздерін шығаруға мұрындық болды.

WhatsApp Image 2026-03-04 at 15.33.29

«Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, білікті ғалым Балуаш Бақышұлы қазақ даласында Шопан ата түлігінің көбеюіне осылайша еңбегін сіңірді. Ғалымның ғылыми зерттеулері өзектілігімен, жаңашылдығымен және тәжірибелік маңыздылығымен ерекшеленеді. Алпыс жылдан астам тарихы бар қара шаңырақ – Жәңгір хан университетінің ғылыми әлеуетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Б.Траисов 9 патент пен деректер базасына 3 куәлік алды, сондай-ақ 500-ден астам ғылыми жұмыстың, 7 монографияның, 7 оқулықтың авторы. Аграрлық сала мамандарына арналған нұсқаулықтары да бұл ғылыми еңбектерінің қатарын толықтыра түседі.

Өзінің ізін басар ғылымға құштар буынды тәрбиелеген Б.Траисовтың ғылыми мектебі туралы да айтпай кетуге болмайды. Ғалымның жетекшілігімен зоотехния, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, биотехнология мамандықтары бойынша 4 докторлық, 7 кандидаттық, 2 PhD докторы, 21 магистрлік диссертация қорғалды. Профессордан тәлім алған шәкірттері қазіргі уақытта жоғары білім және ғылым жүйесінде жемісті еңбек етуде.

WhatsApp Image 2026-03-04 at 15.33.28

Әлі күнге дейін ат үстінен түспеген ақылман қария ғылым саласындағы көптеген қоғамдық жұмыстарға атсалысып, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға басшылық етіп, педагогикалық жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде кемел тұлғаға айналған ғалым өткен жылы ғана 75 жасқа толды. Өзінің ғибратты ғұмырымен ғылымға деген адалдықтың, еліне деген жанашырлықтың, өз ісіне деген ұқыптылықтың үлгісін көрсеткен ғалым-ұстаздың еңбегі мен тәжірибесі – кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Ләззат Қажымова

БҚАТУ баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале