28.01.2025, 16:30
Оқылды: 62

Ғылымды дамытқан ғұлама

Былтыр Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің және қазақстандық металлогения ғылымының негізін қалаушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі тұңғыш президенті, КСРО және ҚазКСР Ғылым академияларының академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Осы айтулы күнге орай Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Қадырғалиевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

WhatsApp Image 2024-12-10 at 09.26.19

– Нұрболат Меңдіғалиұлы, былтыр елімізде қазақ халқының біртуар ұлы, қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог Қаныш Имантайұлының 125 жылдығы атап өтілді. Ғалымның өнегелі өміріне тоқталып өтсеңіз. Бұл кісінің шын есімінің кім екенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін.  

– Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысының Айрық ауылында көшпенді Имантайдың отбасында дүниеге келген. Әкесі өте білімді болған, орыс, араб, шағатай тілдерін жетік білген. Ғалымның өмірбаянын зерттеушілер баланың әу баста қойған есімі Ғабдулғани екенін айтады. Араб тілінен аударғанда «шексіз байлықтың иесі, Алланың еш нәрседен кем емес құлы» дегенді білдіреді екен. Алайда анасы оны сәби күнінен «Ғани», «Ғаныш» деп еркелеткен. Кейін «Қаныш» атанып кеткен.  Кезінде ҚазКСР ҒА академигі Қ. Жұмалиев Қаныш Имантайұлы туралы былай деген еді: «Ол бала күнінен тау бөктерін тамашалап, шатқалдардағы тау ағындарына құлақ түріп, жазғытұрымғы қымыз іспетті шөптер мен гүлдердің иісі сіңген ауамен тыныстап өсті. Қазақстанның қатал да нәзік, тәкаппар да мейірімді табиғаты бауырына алып, қанатын қатайтты».

Елімізде 12 сәуір – Ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі бұл күн ғалымның туған күнімен тікелей байланысты.

– Қаныш Имантайұлының ғылымдағы алғашқы қадамы жөнінде не айтар едіңіз?

– Ең алдымен, білім саласын айту қажет. Ғалым алғашында араб тілінде оқытатын ауыл мектебінде білім алған. Кейін Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ гимназиясында оқиды. Сыныптастарының арасында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, ақын, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Ж. Аймауытов болды. Одан кейін немере ағасы, орыс филологиясының оқытушысы А. Сәтбаев (1937 жылы атылған) басқарған Семей мұғалімдер семинариясында М. Әуезовпен және Ә. Марғұланмен бірге оқыған. Осы қалада А. Байтұрсыновпен, М. Дулатовпен, демократ ақын С. Торайғыровпен кездескен.

Қаныш Сәтбаев алгебрадан қазақ тіліндегі алғашқы мектеп оқулығын құрастырды. Ол бұл кітапты 1924 жылы 25 жасында қазақ тілінде араб графикасымен жазып шыққан. 1467 беттік кітап 1929 жылы латын графикасына көшірілді. Оқулық 220 сөзден, терминдерден және орамдардан тұратын ең бай лексикографияны біріктірді. Бұл – болашақ академиктің жоғары оқу орнына дайындық жылдарында, содан кейін Томск технологиялық институтында тау-кен факультетінің геологиялық барлау бөлімінде жазған алғашқы ғылыми еңбегі. Осы жоғары оқу орнында  геологиядағы алғашқы мұғалімдері – Михаил Усовпен және болашақ академик Владимир Обручевпен танысады.

сатпаев

– Қаныш Сәтбаевтың ауқымды еңбегі – қазақстандық металлогения ғылымының негізін салды.

– Иә, геологиядағы металлогендік бағыттың негізін қалаған Қаныш Сәтбаев болатын. Ол геологияға әрқашан құштар болған. Ғалым алғашқы қазақстандық металлогендік мектепті құрып, формациялық металлогендік талдау мен кен орындарын болжаудың тұтас кешенді әдісін әзірледі. Соның нәтижесінде 30-жылдардың соңында әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірі – Жезқазған кен орны ашылды. Ал металлогения дегеніміз – геологияның кен орындарының қалыптасу және олардың орналасу заңдылықтарын зерттейтін бөлімі.

– Нұрболат Меңдіғали-ұлы, ғалымның негізгі ғылыми еңбектеріне тоқталып өтсеңіз?

 – 1932 жылы Қ. Сәтбаев «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның минералды ресурстары» атты алғашқы ғылыми монографиясын жариялайды. Осы уақытта Жезқазған кендерінде ағылшын мамандары мен Халық комиссарлар кеңесі жанындағы (СНК) Геологиялық комитет қызметкерлері айтқандай, 60 мың тонна емес, 2 млн тоннадан астам мыс бар екені анықталады. Бұл Қаныш Сәтбаевтың ғылыми болжамының дәлелі еді. 1934 жылы КСРО ҒА сессиясында Қ. Сәтбаев «Жезқазған-Ұлытау ауданының мыс, көмір, темір, марганец кендері және басқа да пайдалы қазбалары» атты баяндама жасады. Онда Жезқазған кен орнының және бүкіл ауданның болашағы зор екенін жан-жақты талдап береді. В. Обручев бастаған Мәскеу ғалымдары жас ғалымның дәлелдері  мықты  және  оның шындық екеніне  сенді.

Жалпы, Қаныш Имантайұлының жарияланған еңбектерінің 130-дан астамы Жезқазған мәселесіне арналған. 1942 жылы ғалымның екі монографиясы жарық көрді. Олардың алғашқысы – «Қазақстан мен Кеңес одағының мыс құмдары». Алғашқы еңбекке қажетті материалдарды Жезқазған қаласында жұмыс істеген жылдары жинаған. Сол себепті де еңбегі жер қойнауын барлаушының көпжылдық бақылауларының қорытындысы ретінде жазылды. Екінші монографиясы – «Қазақстанда қара металлургияны дамыту мүмкіндіктері туралы».  Аутор онда республиканың барлық темір рудасы кен орнының геологиялық сипаттамасын берген. Әсіресе бұл еңбекте металлургия өнеркәсібінің шикізат базасы бола алатын орындарды да көрсетеді.

Соғыс қарсаңында Қаныш Имантайұлы «Жезқазған аумағының кен орындары» деген көлемді еңбегін аяқтайды. Оның алғашқы беттері 1927-1928 жылдары «Жаңа мектеп», «Народное хозяйство Казахстана» журналдарында және басқа да басылымдарда жарық көрген. Он бес жылдың ішінде бұл зерттеу ірі монографияға ұласты. 1942 жылы осы еңбегі үшін Қаныш Имантайұлы Сталиндік екінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Негізінде, бұл сұрапыл соғыс күндері елге арзан мысты орасан зор мөлшерде өндірген Үлкен Жезқазған үшін берілген марапат еді. Бұл уақытта ғалым 40-тан астам ғылыми еңбек жариялап үлгерді. Олардың кейбірі диссертацияға татитын. Сондықтан 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия жұмыс жиынтығы бойынша Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді.

Сәтбаев бастаған қазақстандық ғалымдар тобына Орталық Қазақстанның кешенді металлогеникалық болжам-дық карталарын құрғаны және әдістемені әзірлегені үшін 1958 жылы Ленин сыйлығы берілді. Бұл еңбек бүкіл әлемге қазақ ғалымдары мен Сәтбаев мектебінің жоғары ғылыми маңызын көрсетті. Бүгінде ғалымның металлогения, минералогия, геохимия, пайдалы қазбалар, стратиграфия, тектоника, география, экономика сынды басқа да ғылым салаларында жазылған 600 ғылыми мұрасы бар.

– Ғалымның Қазақ КСР Ғылым академиясын ашып, тұңғыш президенті болғанын білеміз.

 – 1941 жылы Қаныш Сәтбаев КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының геологиялық институтының директоры болып тағайындалды. Ал бір жылдан соң осы бөлімшенің, яғни еліміздегі болашақ ғылым академиясының басшысы болды. Ол 1944 жылдың өзінде Қазақстанда Ғылым академиясын құру жайында ойланып, дайындықты бастаған. Мәскеуге үнемі іссапарға барып жүріп, КСРО Ғылым Академиясында ҚазКСР Ғылым академиясын ұйымдастыру қажеттілігін дәлелдеді. 1944-1946 жылдар аралығында 11 жаңа ғылыми-зерттеу институты құрылды. Болашақ академияның бас ғимаратының жобасы әзірленді. Ал 1946 жылдың 1 маусымында ҚазКСР Ғылым академиясы ашылды. Осыдан екі күн өткен соң, академияның бірінші жалпы жиналысында Қаныш Сәтбаев оның академигі және президенті болып сайланды. Сол жылы КСРО Ғылым академиясының академигі және 2-шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1947 жылы КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитеті президиумының мүшесі болып сайланды және өмірінің соңына дейін  оның мүшесі болды. Ал 1949 жылы Қаныш Имантайұлы Қазақстан КП ОК(б) мүшесі болып сайланды. 1950 жылы ол геология мамандығы бойынша профессор ғылыми атағына бекітілді. 3-шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1951 жылы Қаныш Имантайұлы тәжік академиясының құрметті мүшесі болып сайланды.

 – Қаныш Имантайұлы мұнай геологиясы мен геофизикасының қалыптасуына, Қазақстанда мұнай-газ саласын құруда зор еңбек сіңірді.

– Иә, ғалымның республиканың, әсіресе Батыс Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесі өте зор. 1946 жылы 6 шілдеде Гурьевте (қазіргі Атырау қаласы) академик Сәтбаевтың бастамасымен өлкенің табиғи ресурстарын зерттеу үшін мұнай мен газ бойынша маманданған ғылыми-зерттеу мекемесі – Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институты құрылды. Ол Қазақстанның батысында Қазақ КСР Ғылым академиясының Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасының ғылыми-академиялық ұйымы ретінде пайда болды. 1972 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ғылыми ұйымның Ақтөбеде Ақтөбе бөлімшесі бар, ол Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институты (ҚазҒЗГБИ) деп аталды. ҚазҒЗГБИ Каспий маңы ойпатының, оңтүстік Маңғыстау, Үстірт, Бозащы түбегінің шөгінді жамылғысын терең геологиялық зерттеу бойынша маңызды зерттеулер жүргізді.

 – Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы – Ертіс-Қарағанды жобасы ғой?

– Орталық Қазақстанда су тапшылығы ірі өндіріс орындарын салуда қиындық тудырды. Мәселен, Қазақстан арқылы 2174 өзен ағып жатыр. Алайда осы өзендердің тек 5,5%-ы ғана Орталық Қазақстанның үлесіне тиетін. 1959 жылдың жазында Қ. Сәтбаев КСРО Мемжоспар төрағасы А. Косыгиннің алдында канал салу қажеттілігін негіздеп, оның құрылысын жетіжылдық жоспарға қосуға қол жеткізеді.  Каналдың құрылысы 1974 жылы ойдағыдай аяқталды. Ол бүгінде Қаныш Сәтбаев каналы деп аталады. Осы ретте академик Сәтбаевтың Қазақ КСР астанасын Алматыдан Қарағандыға немесе Ақмолаға (қазіргі Астана) көшіруді ұсынғанын айта кетсем деймін. Ол табиғи апаттардан құтылу және қаланы дамыту үшін елорда сейсмикалық қауіпсіз аймақта, далада болуы керек деп есептеген.

 – Академик Сәтбаевты білетіндер оны үлкен жүректі, аса қамқор жан деп бағалаған...

 Қазақ ауылдарында ұжымдастырудан кейін ашаршылық басталғаны белгілі. Сол зұлматта ғалымның бір жасар ұлы қайтыс болды. Жас ғалым Баянауылдан он баланы алып келіп, қамқорлығына алады. Солардың бірі – Алматы маңында жүргізілген қазба жұмыстарында «Алтын адамды» тапқан белгілі археолог Кемал Ақышев. Қаныш Сәтбаев адамдардың талантын танып, жастарды дұрыс жолға бағыттаған. Бірқатар жасты ғылымға әкеліп, тәрбиеледі. Осындай адамдардың бірі – ғалым-энергетик Шапақ Шөкин. Ол қазақстандық энергетикалық ғылымның негізін қалады. Академик Ә. Марғұланды да ғылымға алып келді.  Қаныш Имантайұлы жас инженерлік және техникалық кадрларды даярлауға байланысты мәселелерге ерекше назар аударған. Жалпы, академик Қ. Сәтбаевтың қызығушылығы жаратылыстану ғылымдарымен шектелмейді. Ол қазақ тарихының, әдебиеттің, мәдениеттің, этнографияның, музыка мен фольклордың үлкен білгірі болған. Орталық Қазақстан аумағындағы археологиялық ізденістері, педагогика мен әдебиет бойынша еңбектері де аз емес.

 – Осы ретте ғалымның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еселі еңбегіне тоқталмау мүмкін емес.

– Қаныш Сәтбаев елді фашизмнен қорғау жолындағы жұмысты қызу ұйымдастырған. Оның басшылығымен өткен ғасырдың 40-жылдары Қазақстанда Жезді марганец рудаларының кен орны ашылып, іске қосылды.  Бұл кен орны Ұлы Отан соғысы жылдарында украиндық Никополь мен Грузиядағы Чиатур кен орнының уақытша пайдаланудан  шығып қалуына қарамастан, Кеңес одағына броньды болат шығаруды жалғастыруға мүмкіндік берді. Соғыс жылдарында КСРО марганец кенінің 70,9%-ы осы кен орнында алынды. Ол соғыстың қиын жылдарында бірқатар ғылыми-зерттеу институттарын ашты. Осы ретте ҚР ҰҒА академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор С. Оздоевтың: «Қ. Сәтбаев өзінің пайдалы қазбалар геологиясы бойынша тамаша білімінің арқасында соғыстың алғашқы ауыр жылдарында броньді қалқан балқытуды марганец рудасымен қамтамасыз ету арқылы металлургия зауыттарының кі-дірістері мен тоқтап қалуы мәселелерін шешті» деген сөзін айта кеткен жөн. Ол бес шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің одақ кеңесі төрағасының орынбасары, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитеті төралқасының мүшесі, КСРО ҒА Президиумының және басқа да көптеген қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың мүшесі болды. Академик Сәтбаев төрт мәрте Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталды. Алайда оның ең үлкен марапаты бүкіл халықтың махаббаты екені сөзсіз.

 – Нұрболат Меңдіғалиұлы, сөз соңында біртуар азаматтың мұрагерлері жө-нінде айтсаңыз?

– Академиктің тұңғыш қызы Ханиса – медицина ғылымдарының докторы, С. Асфендияров атындағы Қазақстан ұлттық медицина университетінің құрметті профессоры, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Екінші қызы Мейіз Қанышқызы ата-анасынан үлгі алып, геолог мамандығын таңдап, геология-минералогия ғылымдарының докторы атанды. Ал үшінші қызы Шәмшиябану Қанышқызы – белгілі ғалым, ұстаз, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Қазақстандағы ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы болған қазақтың ұлы ғалымы, қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы оқып-білуге, ізденуге мына еңбектерді ұсынар едім: «Академик К. Сатпаев: сборник, посвященный памяти выдающегося советского ученого» (Алма-Ата, 1965), «Студенческие годы К. Сатпаева в Томске» (И. Лозовский, Г. Сипайлов, Томск: ТПУ, 2019), «Қазақтың Қанышы. Феномен» (М. Сарсекеев, Астана, 2018), «Каныш Сатпаев: Мой народ выше меня» («Казахстанская правда», 2014).

 

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале