12.04.2024, 9:02
Оқылды: 96

Ғылыми ізденіс жалғаса береді

12  сәуір – Ғылым  қызметкерлері  күні. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік ғылыми стипендия иегері Рита Сұлтанғалиева Сырым ауданына қарасты Бұлан ауылында туып-өскен. Бұлан орта мектебінде, одан кейін облыс орталығында орналасқан С. Сейфуллин атындағы  №11 дарынды балаларға арналған мектепте білім алған. Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың  түлегі.

Рита Сұлтанғалиева

– 2005 жылы аталған жоғары оқу орнын тәмамдап, аспирантураға түстім. Ұстазым, профессор Серік Мақпырұлы жетекшілігімен тақырып бе­кітілді. Ұстазым тапсырмалар берді, тақырып таңдауда ұзақ ойландық. Көптеген зерттеу жұмысымен танысып, «Сәбит Мұқанов романдарындағы диалог қолдану ерекшелігі» туралы жазатын болдым. Алдымен теориялық жағын қарастырып, оның қазақ, орыс, шетел әдебиеттануындағы зерттелуін, көркем диалогтың түрлерін, кейін романдардағы қызметін, мысалдар негізінде типологиялық жағынан топтастырылуын қарастыруды жөн көрдік. Қаламгердің «Ботакөз», «Сырдария» және «Аққан жұлдыз» роман-дилогиясындағы диалог қолданылу ерекшеліктері, үлгілері зерттелді. С. Мұқанов романдарындағы диалогтар кейіпкер мінезін, психологиясын, характерін ашудың, кейіпкер тілін даралаудың шынайы үлгісі болып қалары анық. Жазушының 115 жылдығы қарсаңында «С. Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» атты монографиям түрік тілінде Түркияның Анкара қаласында басылып шықты, – дейді Рита Сұлтанғалиева.

Ол әңгіме барысында «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деген ғұлама Абайдың сөзін тілге тиек етті. Ол өзін білім нәрімен, сапалы тәрбиемен сусындатқан жандарды құрмет тұтады. Оның әкесі Бекжан Сұлтанғалиев те ұстаздық қызмет атқарған. Ол қашанда «Менің қызым өскенде профессор болады» деп сенім білдіріп отырған. Бұл –  үлкен қолдау. Болашақ ғалым 11-сыныпта оқып жүрген ке­зінде Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарынан дәріс тыңдап, ерекше әсер алған. Универси­тет қабырғасындағы ұс­тазы Серік Мақпырұлы оны ғылыми тұрғыда жан-жақты шыңдап, ғылымға адал болуға жетелеген. Студент шағында республикалық «Ұлт тағылымы» ғылыми басылымында мақалалары жарияланған.

– Ағайдың көмегімен жүйелі жұмыс істеп, диссертациямды 1 жыл 6 ай уақыт ішінде аяқтап, кафедрадағы талқылаудан сәтті өттім. Ол мені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға алып барды. Қайта емтихан тапсырдық. Сол уақытта мен қазақ әдебиеттануының айтулы өкілі, академик Тұрсынбек Кәкішевпен таныстым.

М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ әдебиеті кафедрасында ғылыми сараптаудан өттім. Кафедра меңгерушісі ол кезде университеттегі ұстазым Серік Қирабаев болатын. Үш бірдей ғылыми мектептен өткенім – мен үшін мақтаныш. 2009 жылы кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап, Орал қаласына келдім. Сол уақыттан бастап М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде қызмет етіп келемін. Менің он жылдан астам уақытым әдебиетті оқуға арналды. Бұл – мектептен бастап кандидаттық диссертацияны қорғауға дейінгі кезең. Сол оқу, ізденіс әлі де тоқтаған емес. Әдебиет – ұлы өнер, ал ұлы өнерге әрқашан адалдықпен қарау керек. Университетте қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Ұстаздықпен қатар ғылыми ізденісті де жетілдіріп отыруың қажет, – деді Рита Бекжанқызы.

Ол еңбек майданында да үздіктер қатарынан табыла білді. 2010 жылы облыстық жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» аталымын иеленді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясын екі мәрте иеленді. 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын жеңіп алды. 2015 жылы «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, халықаралық «Түріксой» ұйымының, Еуразия Жазушылар одағының алғысхаттарымен марапатталды.

– Мен көбіне прозалық ту­ындыларды зерттеп-зерделей­мін. Шәкірттерім оқу үшін шығармалар тізімін жасап, әртүрлі жанрды қамтыдым. Бүгінде бірінші курс студенттеріне «Әдебиеттануға кіріспе», төртінші курс студенттеріне «Әдебиет теориясы», магистранттарға «Әдебиетта­ну­дың өзекті мәселелері» пәндерінен сабақ беремін. Оқырман ретінде өзіңе ұнайтын шығармаларды оқисың. Зертеуші ретінде барлығын оқуға міндеттісің. Әңгіме жанрындағы шығармаларды жастар көп оқиды. Роман эпикалық кең тыныстылығымен ерекшеленеді. Романдағы кең тыныстылық көлеммен өлшенбейді, мәселе көркемдік деңгейінде. Оқиғалар да біріз­ді ұзақсонар баяндаулармен емес, жалықтырмайтындай, сюжеттің кульминациясын тағатсыздана күтіп оқитындай, шиеленіске толы, оқырманын елтіп әкететін суреттеу тәсілдерімен ерекшеленіп тұратын композициялық құрылымға ие болғаны жөн. Оның үстіне кейіпкерлер образы жан-жақты толық ашылуымен ерекшеленуі керек. «Нағыз талант кешегі күнді де емес, болашақты да емес, бүгінгі күнді жазады» деген орыстың ұлы ақыны Пушкиннің сөзі бар. Оқылымды шығармалар көлеммен емес, бүгінгі күннің тынысын шебер суреттеуімен, көркемдік сипатымен ерекшеленеді деп ойлаймын. Бүгінгі қазақ прозасында еркіндік бар, – дейді Рита Сұлтанғалиева.

Айта кетейік, ғалым шәкірттері Жангүлім Мұханбетова және Сандуғаш Сағидуллиевамен бірге жұмыстанып, «Смағұл Елубай прозасы: ұлт тарихы, ұлттық болмыс, ұлттық характер және суреткерлік шеберлік» және «Тәуелсіздік кезеңіндегі жас қаламгерлер прозасы және әлемдік әдеби дәстүр ықпалдастығы: готикалық, мистикалық, магиялық мотивтер» монографиясын жа­рыққа шығарды. Тәжірибе арттыру бағытында көптеген шетел ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, Германия, Франция, Оңтүстік Корея елдерінде өткен халықаралық тағылымдамаларға қатысып, кәсіби біліктілігін арттырды.

Марлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале