12.04.2022, 10:30
Оқылды: 39

«Ғылыммен байланысты үзбеген озады»

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доцентi, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қайырлы Есенғалиевпен сұхбаттасқан едік.

50

– Қазақстанда қойдың 18 түрі өсіріледі. Соның  70 пайыздан астамы етті-майлы бағыттағы қой тұқымдары. Ақ Жайық өңірінде ежелден келе жатқан етті-майлы бағыттағы еділбай қойы өсірілуде. Бұл тұқым  – халықтық селекцияның жемісі. Қазіргі кезде нарықта етке сұраныс жоғары  болғандықтан, шаруашылықтар етті-майлы қой өсіруге бет бұруда. Бұған жақын тұқымдардың ішінде қазақтың қылшық жүндi құйрықты қойы бар. Бірақ олардың өнімділігі еділбай қойына қарағанда төмендеу. Одан басқа бізде ақжайық етті-жүнді қойы өсіріледі. Оны шығару жолында ғалымдар, мал мамандары мен шопандар көп жыл еңбектеніп, тер төкті. 1967 жылдан бастап биязы, биязылау, ұяң, қылшық жүнді, өнімі төмен жергілікті саулықтарды Англиядан әкелінген ромни-марш, линкольн тұқымдық қошқарлармен будандастыру негізінде ақжайық қойы   шығарылды. 1996 жылы елімізде осы жаңа қой тұқымы бекітілді. Мұндай текті түлік климаты күрт құбылмалы өңірімізге бейімделген. Әрі олар екі өнім: ет пен биязылау (кроссбредті) жүн береді.

Кеңестік заманда ақжайық қойының саны 500 мыңға жетті. Республикамызда кроссбредті жүннің 65%-ы өндірілді. Сол кезде жүнге сұраныс өте жоғары болатын. Қой жүні тоқыма-тігін өнеркәсібі кәсіпорындарына негізгі шикізат ретінде өткізілетін. Өйткені әскердің киім-кешегі табиғи жүннен жасалатын маталардан тігілетін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары көптеген шаруашылық жекешелендіріліп, шаруа қожалықтарының, шаруашылықтардың құрылуына байланысты ақжайық қойына жойылып кету қаупі төнді. Тасқала ауданындағы Қазақстанның 40 жылдығы  атындағы және «Шежін», «Крупская», «Степной» шаруашылықтары осы тұқымның отаны саналады. Кейін бұл тұқым өзге аудандарға, соның ішінде  Бөрлі, Шыңғырлау, Ақжайық аудандарына таратыла бастады. Алайда Шопан атаның түлігін жері шұрайлы солтүстік аудандарда өсірген қолайлы. Ондай асыл малға азық молынан керек. 1970-80-жылдары жүннің бағасы еттен үш есе қымбат болды. Сондықтан мұндай қойларды өсіру тиімді еді.  Қазір жағдай өзгерді, қой жүні өтпейді. Әнебір жылдары Атырау қаласында итальяндық технологиямен жүн өңдейтін кәсіпорын жергілікті сапасы төмен жүнді өңдей алмады. Лас жүнді өңдеу барысында  құрал-жабдық жиі сынатын, оны жөндеуге Италиядан маман шақырту қымбатқа түсті.  Еділбай қойының (қылшық) жүнін зауыт қабылдамады. Тек ақжайық қойының жүні өңделіп, одан жамылғылар, жиһаз жабындық матаны өңдеп шығарды. Кейін аталмыш өндіріс ошағының жұмысы тоқтады.

– Қайырлы Ғұсманғалиұлы, ақжайық тұқымды қойдың өнімділігін көтеру жолында ғылыми зерттеу жүргізіп, тер төгіп жүрген ғалымдардың бірісіз. Сіз өзге де ауторлармен бірге «Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің технологиясы», «Қой шаруашылығы бойынша практикум», «Үй жануарларының анатомиясы» атты оқулықтар жаздыңыз. Білуімізше, Қазақстанның, Ресейдің болашақ мал мамандары осы оқулықтармен оқып, білім алуда. Бұл да сол зерттеу жұмыстарының жемісі екені сөзсіз. Соңғы кезде тұқымды одан әрі асылдандыру жұмыстары қай бағытта жүргізілді?

– 2015 жылы ақжайық тұқымды қойдың ет өнімділігін молайту үшін Ресейдің Самара облысынан етті-жүнді куйбышев тұқымының қошқарлары әкелінді. Одан бұрын Ставрополь өлкесінен солтүстік кавказ етті-жүнді тұқымының қатырылған ұрығы жеткізілді. Бұлардың барлығы – туыстас тұқымдар, арғы тегі   Ұлыбританиядан әкелінген линкольн мен ромни-марш етті тұқымды түліктер.  Ақжайық саулығын осы тұқыммен будандастыру  өз нәтижесін берді. Содан бергі жеті жыл ішінде  ақжайық қойынан  ет пен жүн молырақ алынуда.  Куйбышев тұқымы түліктің еттілігін жоғарылатса,  солтүстік кавказ тұқымы қой жүнінің берік әрі мол болуына әсер етті. Өкінішке орай, соңғы жылдары пандемияға байланысты жүн өтпей қалды.

Ақжайық қойының қозысының орташа салмағы бұрынырақта 28-30 келі болса, будандастыру жұмыстарынан кейін бұл көрсеткіш 2-2,5 келіге  артты. Еті нәрленіп, дәмдірек болды. Мұның өзі қой тұқымының жақсарғанын, еттілігінің жоғарылағанын көрсетеді. Қазіргі кезде ақжайық қойын өсірумен Ақжайық ауданындағы  «Қуаныш», «Салтанат», Казталов ауданындағы «Қанат», Жаңақала ауданындағы «Әнуар», Бәйтерек ауданындағы «Оразбеков» шаруа қожалықтары, Тасқала ауданындағы БҚАТУ-дың «Ақжайық» тәжірибе-өндірістік орталығы айналысады. Бұл орталықтан университет студенттері, болашақ мамандар тәжірибеден (қан алу, вакцина егу, т. б.) өтеді, магистранттар, докторанттар ғылыми және тәжірибелік жұмыстарын  орындайды.

– Ақжайық қой тұқымының сапасын жақсартуға қол жеткіздіңіздер. Енді оны облыстағы қарапайым қой өсіретін шаруашылықтарға тарату жағы қалай жүруде?

– «Қуаныш» шаруа  қожалығы мен университеттің «Ақжайық» орталығы ақжайық қойы бойынша екі негізгі репродуктор болып саналады. Олар асыл тұқымды шаруашылықтар санатында. Өңірде жай қой өсіргеннен гөрі оның орнына асыл тұқымды  түлік өсіруге ынта-ықылас арта түсуде. Мұның тиімді екені тәжірибеде дәлелденген. Асыл  тұқымды түліктен алынатын өнім атаулының сапасы жоғары болатыны бесенеден белгілі.  Кеңес заманында асыл тұқымды мал көп өсірілді. Ал қазір  бертін келе жеке шаруашылықтар малдың өнімділік сапасына қарамай, сан қуып кетті. Еті  аз малдан түсер табыс шамалы. Сондай-ақ малды өсіру, азықтандыру және ұстап-бағу технологиясын сақтауға мән берілуі керек. Шаруашылықтарда зоотехникалық, ветеринариялық талаптар сақталмайды. Бiлiктi, өз iciн жетiк бiлетiн мал  мамандары өте аз. Мысалға, қолдан ұрықтандыруды алайық. Шаруашылық иелеріне 30-40 қошқар ұстағаннан гөрі оның асыл тұқымды бес-алтауын ұстаңыз дейміз. Сол малдың ұрығымен қолдан ұрықтандыру керек. Бір жағынан, қай қошқардан қай саулық қашырылғанына есеп жүргізесіз. Екінші жағынан, ауру тарамайды. Үшіншіден, экономия, 30 қошқардан гөрі алтауын баққан тиімді. Біздің өңірде еділбай, ақжайық тұқымды қойларды өсірген дұрыс. Кейбіреулер  алыс шетелден қой, қошқар әкелуге құштар. Алайда олардың жерсінуі қиын. Сондықтан өзіміздің қолымыздағы асыл малды пайдалануға мән берген дұрыс. облыс  аумағындағы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп, малдың өнімділігін арттыру, мал өсірудің технологиясын сақтау жайында жиын-кеңестер өткіземіз. Жақында осы тақырыпта  практикалық семинарлар өткіземіз. Сонымен  қатар университет  ғалымдары  еділбай  және ақжайық қойларын өсiретiн шаруашылықтарының басшыларымен келiсiмшарт жасап, асылдандыру бағытындағы селекциялық жұмыстарды  жүргiзедi.

– Қайырлы Ғұсманғалиұлы, шаруашылықтар өсімтал, өнімі көл-көсір түлікті мыңғыртып өсіруі үшін қандай мәселелерге баса  назар аударғандары дұрыс?

– Алғабас ауылдық округіндегі «Қуаныш» шаруа қожалығы  көшім жылқысын, қазақтың ақбас сиырын, ақжайық тұқымды қой өсіреді. Көп салалы шаруашылық асыл тұқымды мал сатумен айналысады, сонымен ұтысқа шығады. Асыл тұқымды малды  өз өңірімізге қоса, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан  келіп сатып алады. Былтыр бір жасар асыл тұқымды қошқардың әрқайсысын 50 000 теңгеден ұсынды. Оны етке өткізер болса, әрі кеткенде 35 мың теңге құрар еді. Алмалы ауылдық округіндегі «Салтанат» шаруашылығында бұрында етті-жүнді волгоград қой тұқымын өсірді. Одан кейін оны ақжайық қошқарларымен будандастырды. Соның нәтижесінде тұқымның салмағы артты, жүн сапасы жақсарды. Қой жүні ұзарды, таза ақ түске ауысты, қоюланды, шайырлығы артты. Үш жыл бойы «Қуаныш» шаруашылығынан қошқар алып, отарды ақжайық тұқымына айналдырды. Мал өсірудің технологиясы дегенде малдың шығу тегi, тұқымы жақсы болуы керек. Екіншіден, азықтандыру мәселесі. Малдың азығы құнарлы болса, еті мол болады. Үшіншіден, малды тиiмдi асырап-бағу жүйесiн,  әдicтерiн  қолдану керек. Біздің еділбай қойы жайылысқа бейімделген, сирағы ұзын, күніне бiршама шақырымға дейін ұзап, шөпті таңдап жайылады. Ата-бабаларымыз көшпелі тірлік кешкенде, ілесе алмайтын тұқымды өсірмес еді ғой?!  Ақжайық қойлары әрі кеткенде күніне 10-12 шақырым жерге жайылып ұзайды. Еділбай қойының бір ерекшелігі, майдың барлығын құйрыққа, ақжайық қойы энергетикалық қорды сүбеге жинайды. Еділбай түлігі құйрығының тағамдық құнарлы, емдік қасиеті мол, оның құрамында холестерин мөлшері төмен екені мәлім. Бұл тұқымдардың  қатаң табиғи климаттық жағдайларға төзімді, бап талғамайды, қардың астынан азығын өзі тауып жейтіні өзге тұқымдастарынан артықшылығын аңғартады.

Атам қазақ баяғыдан жайылымдарды жылдың мезгiлiне сәйкес ұтымды пайдаланған, малды ауыл іргесіне, қыстық орынға жаймаған. Бүгінде бір ауылдан жекенің 3-4 отар қойы шығады. Бұрын ондай көп малды ауылдарда ұстатпайтын. «Қойдың аузы жемейді, тұяғы жейді» демекші,  ауылдардың маңы ақ тақыр, жер топырағы эрозияға ұшыраған. Технология дегенде мал азығын дайындауға мән берген жөн. Кеңестік заманда қыс ұзап кетеді деп шөптің 20%-дық сақтық қоры дайындалатын.  Биыл өңірде қыс ұзап кетті, кейбір шаруа қожалықтары шөптің орамасын 8 мыңның орнына 15 мың теңгеге сатып алуда. Тағы бір басты мәселе, мал шаруашылығында ветеринарлық шараларды уақтылы жүргізу. Сонда ғана төрт түлікті жұқпалы аурулардан аман сақтаймыз. Біздің алты шаруашылықтағы қой бруцеллезден тазартылды. Екпе жұмыстары уақтылы жүргізілді, отарларға сырттан  қой қосылмайды. Бір ауру мал қосылатын болса, асыл тұқымды деп қарамайды, отарды түгел қасапханаға жібереді. Мал өсіретін шаруашылықтарда бiлiктi мал мамандары болуы тиіс. Сонымен қатар ғылыммен байланысты үзбеген озады, онсыз шаруа өрге баспайды.

Сұқбаттасқан

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале